Ауыл әкімдерінің сайлауына «Nur Otan» партиясы үлкен дайындықпен келді
Әне-міне дегенше ауыл әкімдерін сайлау науқаны келіп жетті. Енді санаулы күннен кейін Сырдария ауданына қарасты үш ауылдың, яғни А.Тоқмағамбетов, Н.Ілиясов және Іңкәрдария ауылының тұрғындары өз әкімдерін таңдап, дауыс береді. Бұрын мұндай маңызды науқанда ауыл әкімдері депутаттардың дауыс беруімен сайланғанын ескерсек, биыл Президенттің пәрменімен сайлау жұмыстарына өзгеріс енгізілді. Осыған орай аумақтық сайлау комиссиясына кандидаттар тіркелді және олар туралы ақпарат жергілікті басылымда жарияланды. Осы ретте «Nur Otan» партиясы да өз кандидаттарын ұсынғанын жақсы білеміз. Осыған орай бүгін «Nur Otan» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақыппен сұхбаттастық.
– Еркебұлан Төлепбергенұлы, жетекші партия бұл жолғы маңызды науқанға қандай дайындықпен келді?
– Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен елімізде бастау алған ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына үміткерлердің үгіт насихат жұмыстары да басталды. Бұл сайлаудың ең басты ерекшелігі бұрын жанама түрде сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттігі тоқтап, ауыл әкімдері тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүргізілмек. Бұл тұрғыда ауыл әкімдігіне үміткерлерді саяси партиялар арқылы ұсыну немесе кандидаттың өзін-өзі ұсыну мүмкіндігінің қарастырылуы еліміздің саяси дамуындағы үлкен бір айтулы оқиға, жаңа бір кезең десек, ауыл тұрғындары үшін өз әкімдерін тікелей сайлап, сол арқылы өздерінің саяси құқықтарын кең ауқымда жүзеге асырудың тағы бір қосымша мүмкіндігіне ие болуы. Сайлау заңнамасының жаңа талаптарына сәйкес «Nur Otan» партиясы да өз үміткерлерін бұл сайлауға ұсынып отыр. Бұл саяси шараға партия үлкен дайындықпен келді. 9 күнге созылатын үгіт-насихат іс-шараларының жоспары құрылып, бекітілді. 23 шілдеге дейін 100-ден астам іс-шаралар өткізіліп, үміткерлер ауылдағы барлық көшені аралап, тұрғындармен кездеседі.
– Партия үміткерлерді қалай іріктеді?
– Аудандық филиалға қарасты бастауыш партия ұйымдарының жиналыстары өтіп, оларда аудандық партия филиалдарының конференцияларына делегаттар сайланды. Аталған делегаттар аудандық партия филиалдары жанындағы Саяси кеңесі Бюроларының отырыстарында сайлауға партия атынан қатысатын үміткерлерді іріктеді. Олар партия филиалдарының кезектен тыс өткен конференцияларында таныстырылып, аудандық сайлау комиссияларына тіркеуге ұсынылды. Аудан бойынша 3 ауылдық округі әкіміне партия атынан ұсынылған 3 үміткеріміз кандидат ретінде тіркеліп болып, сайлау заңы талаптарына сәйкес үгіт жұмыстарын бастауда.
– Ұсынылған кандидаттардың жас шамасы туралы ақпарат берсеңіз.
– Үш үміткердің де партия белсендісі екенін атап өтуіміз қажет. Олар сондай-ақ мемлекеттік қызметте мол тәжірибесі бар азаматтар. Үш кандидаттың біреуі 35 жасқа толмаған. Атап өтуіміз қажет, үш кандидат та партияның тиісті елді мекендегі бастауыш партия ұйымының төрағасы ретінде қызмет атқарған. Олар партияның бағыт-бағдарын, жоспарларын жақсы біледі.
– Үміткерлердің сайлауалды бағдарламалары жөнінде айтсаңыз.
– Жалпы, «Nur Otan» партиясы парламенттік және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауынан кейін өз сайлауалды уәделерін іске асыруға кірісті. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін Саяси кеңесі Бюросының қаулысымен Жол карталары бекітілді. Партия Лидерінің алға қойған міндеттерін ескере отырып, өңірде партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына жүйелі бақылау, бюджет қаражатының тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасауды қамтамасыз ететін ауданда 7 Қоғамдық кеңес құрылды. Бүгінде аталған Қоғамдық кеңес мүшелері ауданымызда да қарқынды жұмыс істеуде. Партия атынан ауыл әкімі лауазымына ұсынылған кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары партияның ұстанымдарымен толық үндеседі. Үміткерлердің бағдарламаларында тиісті ауылдың өзекті мәселелері мен олардың шешілу жолдары толық қамтылған.
– Партияның алдағы басқа да жоспарлары жөнінде не айтасыз?
– Елбасы Н.Ә.Назарбаев нұротандықтардың басты үш қағидаты – жауапкершілік, командалық рух, партия идеалдары мен құндылықтарына беріктік екенін әркез айтады. Сондықтан біз межеленген жоспарлар мен берген сайлауалды уәделеріміздің барлығын партия белсенділері мен жақтастарымен жұдырықтай жұмыла отырып, бірге жүзеге асыратын боламыз.
Сұхбаттасқан Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ