Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Nur Otan – халықтың партиясы

Nur Otan – халықтың партиясы

Nur Otan партиясының қалыптасу және даму тарихы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының тікелей басшылығымен партия еліміздің жетекші саяси күшіне айналды. Бүгінде респуб­лика бойынша барлық өңірде жетекші партияның жергілікті филиалдары жұмыс жасайды. Партия Жарғысы мен бағдарламасында көрсетілген мақсат-міндеттер мен жоспарлы жұмыстар Сырдария ауданында да жүйелі ұйымдастырылуда.
Nur Otan партиясы – мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді және атқарушы органдарында азаматтардың, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін білдіру және қалыптастыруға қатысу мақсатында олардың саяси еркін білдіретін Қазақстан Республикасы аза­мат­тарының ерікті бірлестігі. Қазақс­тан Республикасының заңнама­сына сәй­кес құрылған партияның құрылымдық бөлім­ше­лерінің (филиалдарының) басшы­лық ор­гандары тек ел аумағында орналасқан. Партия өз қызметін Қазақстан Респуб­ли­касының Конституциясына, «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республи­касының Заңына және Қазақстан Респуб­ли­касының өзге де нормативтік құқық­тық актілеріне, сондай-ақ партияның Жарғысы мен бағдарламасына сәйкес жүзеге асырады. Қоғамның саяси өміріне қатысу, партияның бағдарламалық мақ­сат­тары мен міндеттерін іске асыру, заң шығару қызметіне атсалысу секілді негізгі міндеттер аясында жұмыс жасай­тын партияның басты мақсаты – бәсекеге қабілетті саяси жүйесі бар экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқық­тық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жет­кізу болып табылады.
Жоғарыда аталған еліміз үшін маңыз­ды мақсат-міндет­тердің іске асуына сыр­дария­лық партия белсенділері де атса­лысуда. Бүгінде аудан бойынша Nur Otan партиясының 3353 мүшесі бар. Тереңөзек кенті мен ауылдық округтерді қоса есеп­тегенде 24 бастауыш партия ұйымы жұмыс жасайды. Жыл санап партия мүше­лерінің құрамы білімді, білікті, жан-жақты, креативті идеялары көп азамат­тармен толығуда.
– Партия Жарғысы мен бағдарламалық құжаттарының талаптарын орындайтын, партия алдында тұрған мақсат­тарға қол жеткізуге, міндеттерді жүзеге асыруға белсенді араласатын, жасы 18-ге толған Қазақстан Республикасының азаматы пар­тияға мүше бола алады. Партияға қабылдау тәртібі мен шарттары партияның тиісті нормативтік актісімен реттеледі. Біз партия мүшелерінің сапасына жіті мән берудеміз. Өйткені Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев нұр­отандықтарға халыққа жақын болып, қоғамда туындайтын мәселелерді шешуге көмектесіп, халық­пен кері байланыс ор­натуды тапсырды. Бұл мақсатқа жету үшін партияның барлық мүшесі ел өміріне белсенді атсалысып, халыққа жақын болуы тиіс. Сонда ғана партия азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді, халықтың мүддесін тиімді қорғайды. Жалпы өткен жылы 84 адам партияға қабылданып, 348 адам партия қатарынан шығарылды, – дейді Nur Otan партиясының аудандық фи­лиал төрағасының бірінші орынбасары Еркебұлан Жақып.
Партияның маңызды жұмысының бі­рі – қоғамдық қабылдау. Ауданда пар­тияның аудандық филиал төра­ғасынан бастап барлық жергілікті атқарушы орган басшылары, облыстық, аудандық мәсли­хат депутаттары тоқсанына бір рет қоғам­дық қабылдау жүргізіп келеді. Әрбір қабылдауда көтерілген мәселелер есепке алынып, орындалуы бақылауға қойылған. Мысалы 2019 жылы 148 адам қоғамдық қабылдауда болып, көте­рілген мәселелердің 98-і оң шешімін тапқан. Қалған 50 өтінішке заңға сәйкес түсіндірме мен кеңес берілген. Осы ретте фейсбук әлеуметтік желісінде аудандық филиалдың ашық парақшасы жұмыс істейтінін айта кету керек. Парақшада атқарылып жатқан жұмыстар күнделікті ақпараттандырылуда және кез келген тұрғынның сұрақ қойып, кеңес алуына мүм­кіндік қарастырылған.
Жетекші саяси күш партиялық қада­ғалау жұмыстарын да үйлестіреді жә­­не қо­ғамдық жұмыстардың көш ба­­­сы­­нан табылады. Былтырғы жыл­дың қоры­тындысы бойынша партия филиалы­ның Саяси кеңесінің, мәсли­хаттағы депутат­тық фракцияның, атқа­рушы билік және үкіметтік емес ұйым­дардың қатысуымен барлығы 125 іс-шара ұйымдастырылған. Аудандық партия филиалының ке­зек­тен тыс 4 конференциясы, 1 Саяси кеңес және 7 Саяси кеңесінің бюро отырысы өткізілген. Сондай-ақ депутаттық фракция мү­ше­лерінің 9, партиялық бақылау комис­сия­сының 4, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы қоғамдық кеңестің 4 отырысы ұйым­дастырылған. Онда аудан үшін маң­ыз­ды жұмыстар талқыланып, тиісті ұсыныс­тар енгізіліп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланған. Мұның бәрі Nur Otan партиясының халықтық пар­тия екенін дәлелдейді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Nur Otan партиясы құрылған уақыттан бері жетекші партияның елдік мүддені биік қойып, өзекті мәселелер шешілетін алаңға айналғанын айтып келеді. Пар­тия жұмыстарын жаңғыру аясында «Жігер­лі лидерлер – қуатты партия» тұжырымдамасының жүзеге асырылуы белсенді, ерікті, ынталы жастарға қозғау салды. Негізі әрбір саналы азамат өз өмірінің белгілі бір кезеңінде өзі туып өскен, білім алған, оң-солын таныған ортада еңбек етуі керек. Өйткені туған жерге қызмет – туған елге қызмет. Бұл ерге абыройлы парыз, мәртебелі міндет. Сондықтан партиялық кадрлық резервке үміткер ретінде тіркелген сырдариялық жастарға жетекші партия нақты қолдау көрсетуде. Бұл жоба олардың өмірден өз орындарын тауып, адал еңбек етуі үшін әлеуметтік саты болмақ.
Дана халқымызда «Ел қуатты болса, бақ тұрақты болады» деген тағылымды сөз бар. Елбасы, Партия лидері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Елімізді әлемнің ең қуатты 30 елінің қатарына кіргізу – ең үлкен мұрат, ұлы мақсат. Бұл Nur Otan партиясының және мүшелерінің темірқазығы» деп айтқан болатын. Осынау маңызды мақсат аясында сырдариялық партия белсенділері жемісті еңбек ете бермек.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
18 ақпан 2020 ж. 640 0