Жетекші партия қатары толықты
«Nur Otan» партиясының құрылған күніне орай аудандық партия филиалында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шараға БПҰ төрағалары, партия белсенділері мен «Jas Otan» ЖҚ мүшелері қатысты.
Салтанатты іс-шарада «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Жақып жиналғандарды жетекші саяси партияның құрылған күнімен құттықтады.
– Өзінің 22 жылдық тарихында партия халық игілігі үшін көп іс атқарды. Партияның бастамасымен ауданымызда да ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Төтенше жағдай кезеңінде де партия мүшелері мен белсенділері көп еңбек сіңірді. Сондықтан партия қатары жыл сайын жаңа мүшелермен толығуда. Бұл халықтың бізге сенгені, біздің партияны жақтайтыны деп қабылдаймыз, – деген Еркебұлан Төлепбергенұлы түрлі сала өкіліне партиялық билет табыстады.
Партия қатарына қосылған азаматтар алдағы уақытта ауданның дамуына өз үлестерін қосатынын айтып, бірлесе еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.
Атап өту керек, салтанатты іс-шара аясында «Jas Otan» ЖҚ аудандағы белсенді 9 мүшесіне Партия Төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің «Алғыс хаты» берілді.
Гүлсім Әлжанова