Іргелі ұжымға риясыз ризашылық
Біз бала тәрбиесі туралы сөз қозғалғанда балаларымызға білім мен тәрбие берген мұғалімдерге ерекше алғыс айтамыз. Осы ретте балаларымыздың балабақшадағы тәрбиешілері естен шығып, еңбектері ескерусіз қалып жататыны жасырын емес. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту мерекесі қарсаңында бізге бір топ ата-ана хабарласып, Тереңөзек кентіндегі №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының тәрбиешілеріне ризашылықтарын білдірді.
Еңбек ардагері Гүлжан Оспанованың немересі Мерейлім Әлиасқарова – аталған балабақшаның тәрбиеленушісі. Балақай бүгінде көптеген тақпақтарды жатқа айтады, ән салып, би билейді. Ол тәрбиешілерінің арқасында аудандық, облыстық байқауларда топ жарып жүр.
– Үлкен немереміз Шаһкерімді де осы балабақшаға бергенбіз. Ол – бүгінде оқу озаты. Екінші немерем Мерейлім де балабақшадан жақсы білім алуда. Түрлі форматтағы іс-шараларға белсене қатысып, оқуға, өнерге деген қызығушылығы ашылды. Бұл тәрбиешілердің тынымсыз еңбегінің жемісі деп білемін. Баланың болашағы балабақшада қалыптасады. Балабақшада жақсы негіз қаланса, кейін мектепте алғыр болып өседі. Сондықтан сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастырған іргелі ұжымға айтар алғысымыз шексіз. Әсіресе әдіскер Аружан Ыбайділдаева, педагог-психолог Шолпан Қуанышова, Нұргүл Маханбетжановаларға ризамыз, – дейді ардагер.
№2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасына ризашылығын білдірген келесі ата-ана – Айдана Болат. Ол Айым, Санжар, Қайсар есімді үш перзентінің үйден балабақшаға асығып тұратынын айтады. Балақайлардың балабақшадағы белсенді, талапты, талантты балалардың бірі екенін тәрбиешілері де растайды.
– Бала – бақытымыз. Олардың әр қылығы, әр жетістігі ата-ана үшін зор қуаныш. Балаларымызға білім беріп, ақыл-кеңесін аямай, талантына қанат бітіріп жүрген балабақша тәрбиешілеріне айтар алғысымыз шексіз. Жасыратыны жоқ, қазір бала тәрбиесінің өзектілігі артты. Үйдегі екі-үш балаға көп көңіл бөлуге уақыты болмай, олардың бос уақытын дұрыс жоспарлай алмай жүрген ата-аналар көп. Оның қасында Әсел Төлегенова, Мархавад Жапбасбаевалар жүздеген баламен жүйелі жұмыс жасап, бәріне үлгеріп жүрген тәрбиешілердің еңбегі барлық құрметке лайықты. Мен тәрбиешілердің еңбегін мұғалімдерден кем көрмеймін, – дейді Айдана Болат.
Кент орталығындағы №2 «Балдәурен» бөбекжай балабақшасының тарихы тереңде. Негізі қаланғанына жарты ғасырға жуықтаған мектепке дейінгі білім беру мекемесі 1973 жылдан бастап елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді. Балабақшаның ең алғашқы басшысы Ақжәми Балабаева болса, кейін Бибажар Лебаева, Тұрған, Қазына Жақыпбекова, Гүлмира Оразбекова, Күлжамал Жолдасовалар меңгерушілік қызмет атқарған. Меңгерушілерден бөлек балабақшада бала жанының бағбаны атанған Айсұлу Арыстанова, Гүлмира Қуантаева, Айжан Қасымова, Гүлнар Шағырова есімді тәрбиешілер, дәмді ас әзірлеп, асхананы шуаққа толтырған аспазшылар және балабақшаның тазалығына жауапты басқа да қызметкерлер еңбек етуде. Қазіргі таңда балабақшаның меңгерушісі – білікті басшы Ақанай Шоханова.
Балабақшада ұзақ жылдар еңбек етіп, жүздеген тәрбиеленушінің ең алғашқы ұстазы атанған Айткүл Ахмедова бүгінде балабақшаның құрметті ардагері. Ардагер әріптестерінің атаулы күндер мен мерекелерде ұмытпай, құрметті қонақ ретінде шақырып, жақсы іс-шаралар ұйымдастырып келе жатқанын жоғары бағалайды.
– Жақында әріптестеріміз «Өмір жолы өнеге» атты іс-шара ұйымдастырды. Тағылымы мол іс-шарада балабақша ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Тамаша концерттік бағдарлама ұсынды. Біз балалардың өнерін тамашалап, қуанып қалдық. Мұның бәрі ұжымның бекем бірлігін, көркем тірлігін білдіреді. Сондықтан ата-аналармен қатар ардагерлер қауымы да балабақша ұжымына алғыс айтамыз. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту мерекесі отбасыларыңызға бақ-береке әкелсін, – дейді ардагер.
Иә, осынау өмірде қоғам мүшелерінің алғысын арқалаудан асқан бақыт жоқ. Ал сол алғыс бір адамға емес, бүтін бір ұжымға айтылса, тіпті ғанибет емес пе! Ендеше іргелі ұжымға риясыз ризашылықтарын білдірген ата-аналардың тілегіне біз де қосыламыз. Бала жанының бағбағы болғаны тәрбиешілер жұмыста жетістікке жетіп, әрқашан алғыс арқалай берсін!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ