Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Неке шарты дегеніміз не?

Неке шарты дегеніміз не?

Халқымызда «Отан – отбасынан бас­талады» деген тамаша сөз бар. Қазақ қашаннан шаңырағының шайқалмауын тілеген ұлт. «Шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» деген тілек жастар отау тіккенде міндетті түрде айтылады. Бұл жай ғана тілек емес, оның астарында отбасын берік ету арқылы мемлекеттің мығым болуына үлес қосуға үндеу жатыр.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұл-қызды еңбекке баулу, отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеу – елдік істер. Мұның бәрі «кіші мемлекет» саналатын отбасындағы үздіксіз жүргізіліп отыратын, атадан балаға мұра болып келе жатқан тәрбие мектебі. Осылар әрбір отбасында салтанат құрса, онда мемлекеттің іргесі беки түседі. Алайда, сол отбасы құндылықтарын дәріптемей, кез келген дү­ниені сылтау етіп, заңды некені бұзуға бейім тұратындар саны көбейіп барады. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерін бөлу жөніндегі істерде түсуде.

Негізінен, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке қатысты даулары, неке және отбасы туралы кодексінің 39-43 баптарының талаптарына сай неке шартында көрініс табуға болатынын айтып өткен жөн.

Некеге отыратын (ерлі-зайыпты болатын) адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi (ерлі-за­йып­тылықтағы) және (немесе) ол бұ­зыл­ған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп танылады. Неке шартында некеде (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін.

Неке шарты тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттiк тiркеу туралы өтініш берілген күннен бастап неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттік тіркелгенге дейін де, некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiндегі кез келген уақытта да жасалуы мүмкiн.

Неке қию (ерлі-зайыпты болу) мем­лекеттiк тіркелгенге дейiн жасалған неке шарты неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi. Неке шарты жазбаша түрде жасалады және міндетті түрде нотариатта куә­ландырылуға жатады.

Ерлi-зайыптылар неке шартымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген бiрлескен ортақ меншiк режимiн өзгертуге, ерлi-зайыптылардың барлық мүлкiне, оның жекелеген түр­лерiне немесе ерлi-зайыптылардың әрқай­сысының мүлкiне бiрлескен, үлестiк немесе бөлек меншiк режимiн белгiлеуге құқылы.

Неке шарты ерлi-зайыптылардың қолда бар мүлкiне қатысты да, болашақтағы мүлкіне де қатысты жасалуы мүмкiн.

Неке шартында ерлi-зайыптылар өза­ра күтiп-бағу жөнiндегi өз құқықтары мен мiндеттерiн, бiр-бiрiнiң табыстарына қатысу тәсілдерін, өздерінің әр­қай­сысының отбасылық шығыстар шы­­ға­ру тәртiбiн айқындауға; неке (ерлі-за­йыптылық) бұзылған жағдайда ерлi-зайыптылардың әрқайсысына берiлетiн мүлiктi айқындауға, сондай-ақ неке шартына ерлi-зайыптылардың мүлiктiк қаты­настарына қатысты өзге де кез келген ережелердi, сондай-ақ осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізуге құқылы.

Неке шартында көзделген құқықтар мен мiндеттер белгiлi бiр мерзiмдермен шектелуi не белгiлi бiр жағдайлардың туындауына немесе туындамауына қарай қойылуы мүмкiн.

Неке шарты ерлi-зайыптылардың құқық қабiлеттiлігін немесе әрекетке қабiлетiн, олардың өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа жүгiну құқығын шектей алмайды; ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк емес жеке қатынастарды, ерлi-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн реттей алмайды; еңбекке қабiлетсiз мұқтаж жұбайдың күтіп-бағу қаражатын алуға құқығын шектейтiн ережелерді және Қазақстан Рес­публикасы неке-отбасы заңнамасының негiзгi бастауларына қайшы келетiн басқа да жағдайларды көздей алмайды.

Неке шарты ерлi-зайыптылардың келiсiмі бойынша кез келген уақытта өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн. Неке шартын өзгерту туралы немесе бұзу туралы келiсiм неке шартының өзi сияқты нысанда жасалады.
Қазақстан Республикасының Азамат­тық кодексінде көзделген жағдайларды қоспағанда, неке шартын орындаудан бiржақты бас тартуға жол берiлмейдi.

Ерлi-зайыптылардың бiреуiнiң талап етуi бойынша неке шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде шартты өзгерту және бұзу үшiн белгiлен­ген негiздер мен тәртiп бойынша соттың шешiмiмен өзгертiлуi немесе бұзылуы мүмкiн.

Неке шартында неке (ерлі-зайып­тылық) тоқтатылғаннан кейiнгi кезеңге көз­делген мiндеттемелерді қоспағанда, неке шартының қолданылуы неке (ерлі-зайыптылық) тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
Неке шартын сот Қазақстан Рес­пуб­ликасының Азаматтық кодексiнде көз­дел­ген мәмiлелер жарамсыздығының негiздері бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Егер шарттың талаптары ерлi-зайып­тылардың бiреуiн өте қолайсыз жағдайда қалдырса немесе осы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған неме­се асырап алын­ған балалардың мү­лік­тік құқықтарын бұзса, сот ерлi-зайыптылардың осы бiреуi­нiң талап етуi бойынша неке шартын толық немесе iшiнара жарамсыз деп тануы да мүмкiн. Осы Кодекстің 41-бабы 3-тармағының талаптарын бұзатын неке шартының талаптары жарамсыз деп танылады.

Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде тіркеуші органдарда неке (ерлі-зайыптылық) бұ­зыла­тын болады.
Егер сот ерлі-зайыптылардың біреуін:
1) хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;
2) әрекетке қабілетсіз деп таныса;
3) әрекет қабілеті шектеулі деп таныса;
4) қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айы­руға соттаса, неке (ерлі-зайыптылық) ер­лі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ор­тақ балаларының болуына қарамастан, ер­лі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша тіркеуші органдарда яғни «АХАТ» бөлімінде бұзылады.

Некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұ­зы­луын мемлекеттік тіркеуді осы Кодекс­те белгіленген тәртіппен тіркеуші орган жүр­гізеді.
Қорыта айтқанда, некеге тұру мен оны бұзу тиісті заңдылықтарға сай рет­теледі. Бірақ елдің ертеңгі тізгінін ұстай­тын болашақ ұрпақ үшін ата-ананың ажы­распағаны дұрыс. Өйткені, толық отбасында өскен баланың дамуы қалыпты болады. Сот әркез татуласу рәсімін қолдайды және әр шаңырақ шаттыққа бөленгенін қалайды.
 
Руслан Алдамбергенов,
  Сырдария аудандық
сотының төрағасы

20 наурыз 2021 ж. 1 126 0