Азаматтық қорғаныс саласының абыройлы қызметкері
Өткен ғасырда азаматтық қорғаныстың маңызы жоғары болды. Осы сала бойынша мектептерде арнайы пән оқытылды. Біздің кейіпкеріміз Рахым Райымов аталмыш салада жарты ғасырға жуық уақыттан бері тер төгіп келеді.
1967 жылы кент орталығындағы №36 орыс орта мектебін бітірген бозбаланың арманы асқақ болатын. Алайда жоғарғы оқу орнына түсуде жолы болмады. Уақытты босқа өткізбей ПМК-15 мекемесінде жер өлшеуші болып жұмыс жасады. Кешкі уақытта селолық-кәсіптік техникалық училищеде тас қалаушы-пешші мамандығын оқыды. Оны бітіргеннен кейін автожүргізушілер даярлайтын кешкі мектепте білім алды.
Кейіпкеріміз 1970 жылы яғни жиырма жасында Кеңес әскері қатарына шақырылды. Екі жыл азаматтық борышын Ресейдің Астрахань аумағындағы Ашулук полигонында өтеді. Онда елдің әуе қорғанысын қамтамасыз ететін зениттік-зымырандық әскери бөлімнің құпия іс жүргізу жөніндегі аға қызметкері болды. Отан алдындағы борышын өтеу мерзімінің соңғы үш айында кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, ауылға офицер болып оралды. Бұл Рәкеңнің өмір бойғы қызметіне бағыт-бағдар берген маңызды қадам болды десек артық айтпағанымыз. Ауылға келгеннен кейін Р.Райымов аудандық әскери комиссариаттың жолдамасымен өзі он жыл білім алған №36 мектепке алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесінің оқытушысы болып тағайындалды.
Он жыл бойы балаларға алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беріп, дене тәрбиесін шыңдап, олардың жақсы азамат болып қалыптасуына ықпал етті. Әскери пән жетекшісі өзі де мықты спортшы. Әскерге дейін бокспен шұғылданды. Бұл спорт түрі мен волейболдан бірінші разряды бар. Оқытушы кезінде мектеп жанынан мергендік сынайтын тир ашуға жұмыс жасады. Соның нәтижесінде көптеген оқушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды еншіледі. Атап айтқанда Икрам Мүсірепов, Виктор Абдрайымов, Ақаш Ералиев мергендік сынаудан облыс чемпионы болса, Шолпан Ералиева оныншы сынып оқып жүргенде республика чемпионы атанды. Тәлімгер ұстаздың өзі ересектер арасында винтовка атудан бірнеше мәрте облыс жеңімпазы болды. Спорт шеберлігіне үміткер атағы бар.
– Басқа пәндермен қатар дене тәрбиесі және алғашқы әскери дайындықты жақсы меңгерген шәкірттерім Рахымберген Тоқсейітов, Жақып Асанов, Елена Десятиченко, ақын қыз Валентина Кирильчук, Бисен Махамбетова, Жидебай Мүсірепов, Әлібек Искаков, Ғалия Алдамжарова тағы басқалар биік белестерді бағындырып, алды қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, – дейді ардагер-ұстаз.
Өмір бойы білім жинаумен келе жатқан азамат Рахым Садықұлы мектепте ұстаздық еткен жылдары Қызылорда ауылшаруашылық техникумынан механик, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтынан орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы мамандығын өндірістен қол үзбей оқып бітірді. Білікті ұстазды аудан басшылары өткен ғасырдың 80 жылдарының бас кезінде аудандық атқару комитеті жанындағы аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы қызметіне тағайындады. Мұнда он екі жыл жемісті қызмет еткен Рахым Садықұлы облыстық азаматтық қорғаныс штабына бөлім бастығы болып қызмет ауыстырды. Ол облыста радиация және химиялық қорғаныс бөліміне жетекшілік етті. Р.Райымов 46 жасында подполковник дәрежесімен зейнеткерлікке шыққаннан кейін де еңбек етуін бүгінгі күнге дейін жалғастырып келеді. Өйткені 20 жылдан астам уақыттан бері төтенше жағдайлар министрлігінің бір саласы – мұнай мен газ апатының алдын алу қызметінде жауапкершілікпен жұмыс жасап, бай тәжірибесін жастарға үйретуде.
Мұнай мен газ саласына қашанда білікті маман керек. Олай болмаған күнде қара алтынды кеніштің есігі кез-келген мұнайшыға жабық тұрады. Ал, Рахым Садықұлы өзінің біліктілігімен бұл саланы мойындатқан маман. Ол жоғарғы педагогтық біліміне қоса өткен ғасырдың 90 жылдары Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің техника қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі және тұрғындардың өмірлік маңызы бар қызметін қамтамасыз ету инженер мамандығы бойынша білім алды. Содан кейін Атырау қаласындағы мұнай-газ техникумында фонтан әдісімен өндірілетін мұнай кеніштерінде апаттың алдын алу бойынша взвод командирлерін дайындайтын алты айлық курстан өтті. Атырау және Қызылорданың Құмкөл мұнай кеніштеріне мұнай-газ операторларын қысқа мерзімде оқытып, мыңдаған мамандар даярлады. Мұнай кеніштеріндегі апаттың алдын алу іс-тәжірибесі баяндалған кітапшасы республикалық дәрежеде көрнекі құрал ретінде қолданылып жүр.
Р.Райымовтың төтенше жағдайлар саласында ерекше еңбегі ескеріліп, ол 2009 жылы «Екінші дәрежелі құтқарушы», 2012 жылы «Бірінші дәрежелі құтқарушы» медалімен марапатталды.
Бүгінде жасы жетпіске келсе де төтенше жағдай маманы еліміздің кез-келген мұнайлы өңіріне шақыртумен баруға дайын отырады. Өйткені қызметі сондай.
Рәкең сүйікті жары Құралаймен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан алтын асықтай жиырмадан астам немере сүйіп отырған бақытты ата.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ