Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сегіз қырлы, бір сырлы азамат

Сегіз қырлы, бір сырлы азамат


«Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең», – дейді халық даналығы. Мұндай ойы жүйрік, өмірден көргені мол ардагерлер ауданның әр ауылында бар. Біздің мақсат – сондай ауызы дуалы, еңбегі, шығармашылығы көпке насихаттауға тұратын азаматтарды аудан жұртшылығына таныстыруды көздейді. Сәкен ауылында Бақтияр атты баһадүр ағаның тұратынынан бұрыннан хабардар едік. Бұл кісі әлем классиктерінің жауһар шығармаларымен бала күнінен танысып, соңғы 20 жылдан астам уақытта оларды өз тілімізге аударып жүргенін естігенбіз. Жалпы аударма кез келгеннің «тісі» бата бермейтін қиындығы мол жанр. Оған үлкен дайындық қажет. Мұны осы жолдардың авторы қазақ және орыс тілінде шығатын аудандық газетте еңбек еткен 15 жылдық тәжірибесінде анық байқаған еді. Қош, сонымен ауылдан шыққан аудармашы, бүгінде зейнеткер Бақтияр Мырзашевтың шығармашылық жолы қызықтырып, ардагер ағамен кездесіп, әңгімелесуге шықтық.
... Бәкеңннің өз қолымен тұрғызған кең сарайдай үйінің төрінде отырмыз. Бізге қарама-қарсы шығармашылық иесінің шәкірттері қос Серік, облысқа, ауданға белгілі музыкант Байдәулетов пен білікті педагог Есназар жайғасқан. Олар Бәкеңнің аудармашы ғана емес, құрыш қолды құрылысшы, өздеріне дәріс берген музыкант, қылқалам шебері екендігін айтып, әңгіменің майын тамызуда. Сөз кезегі өзіне келгенде Б.Мырзашев: «Мен бір атақты адам емеспін, ауылдың қарапайым азаматымын, – деп бастады әңгімесін. – Барлық балалар тәрізді кітапқа құштар болып өстім. Ауылда кітапханашы Нұртай деген ағай еді. Бірінші сыныпты бітіргеннен кейін жазғы демалыс кезінде ауылдағы руханият ордасы – кітапханаға бардым. Алғашқыда ағай мені біраз сынап алды. Кәдімгідей емтихан тапсырдым десем де болады. Сөйтіп алғашқы кітапқа да қол жеткіздім. Содан бері арада 60 жылдан астам уақыт өтсе де, алғашқы оқыған кітабымның аты есімде. Ол «Бөрік киген түлкі» деп аталды. Осыдан кейін маған кітапхананың есігі айқара ашылды, – дейді ардагер аға.
Бақтияр аға орта мектепті бітіргеннен кейін белгілі журналист, нағашысы Кеңесбай Әбеновтың шақыруымен сол кездегі астана Алматы қаласына жол тартты. Онда жүрек қалауымен өзі таңдаған арнаулы оқу орнына оқуға түсті. Бос уақытында сүйікті кәсібі кітап оқудан қол үзген емес. Оқитыны көбіне орыс тілінде басылған шетел классикттерінің шығармалары. Алғашқыда ауыл баласына ресми тілді игеру оңай болған жоқ. Жеңгесі орыс тілінің маманы болғандықтан көп көмектесті. Кейін пәтерге көшкенде орыс қожайынның үйінде тұрып, олардың ұл-қыздарымен сөйлесіп, тіл сындырды.
Алматыда жүргенінде әскер қатарына шақырылып, бұрынғы Свердловскі, қазіргі Екатеринбург қаласында Отан алдындағы борышын өтеді. Бұл да өмір көрудің, тіл үйренудің жақсы мектебі болды.
Әскери міндетін өтеп, елге келгеннен кейін, Бақтияр жалғыз анасының жанынан алысқа ұзамай ауылда электрші болып еңбек етті. Ол мектепте оқып жүргенде рухани байлық – кітап оқып қана қоймай, музыкамен, сурет салу­мен шұғылданды. Осы өнерлерге жақындығы ескеріліп, ауылдық клуб меңгерушісінің орны босағанда Б.Мырзашев ауыл басшыларының ұйғаруымен мәдениет саласына жұмысқа келді.
– Ол кез вокалды аспаптар ансамбілінің дүркіреп тұрған шағы еді. Бәкең өзінің мықтылығының арқасында ауылдан ансамбль құрды. Ол кезде клубта қайбір жөнді аспап бар дейсің? Көбісі ескі. Өзі электрші болғаннан кейін сынған электр гитараларды жинап, құрастырып, аспаптарды жаңғыртты. Мектептің жоғарғы сынып оқушыларын сабақтан бос уақытында клубтың көркемөнерпаздар үйірмесіне тартты, – дейді Бақтиярдың әріптесі Серік Байдәулетов. Ия, айтса айтқандай Бәкең талай өнерпаз шәкірттердің бірнеше буындарын даярлап шығарды. Кезінде оның мәдениет саласындағы жарқын еңбегі ескеріліп, ҚазССР Мәдениет министрі Жексембек Еркінбековтың Құрмет грамотасы мен 100 сом ақшалай сыйлығына ие болыпты. Сол жылы марапатқа облыс бойынша Б.Мырзашев қана ілігіпті. Бәкеңнің өнер десе ішкен асын жерге қоятын жан екенін мына бір оқиғадан анық байқалады. Көрші Жалағаш ауданына гастрольмен Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов бастаған мықты әртістер келіпті. Ол кезде қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ. Сол концертке Сәкеннен Бақтияр, жұбайы Қаламқас, шәкірті С.Есназар үшеуі жаяу барыпты.
Сөз басында Б.Мырзашевтың әлем классиктерінің ауылда тұратын аудармашысы екенін айтқанбыз.
– Мен жұмыстан бос уақытымда сурет салумен және өзіме ұнаған шетел классиктерінің, орыс жазушыларының шығармаларын аударумен айналыстым. Бұл менің хоббиім болатын. Аудармаларымды бір жерде жариялатайын, атағымды шығарайын деген ой менде болған жоқ. Бірақ аудармаларымның нашар емес екендігін іштей сезетінмін. Себебі «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» дегендей жылдар бойы оқып, осыны туған тілде сөйлетсем деген құштарлық, өжеттік менің бойымда бар еді. Сөйтіп жүріп асқаралы алпысқа келдім. Әдебиетші қызым Дана менің аудармаларыммен танысып, айтулы мерейтойымда оларды кітап етіп шығарып, тосын сый жасады. Одан кейін ақын інім Бағдат Есназар өзі басқаратын мектепте шығармашылық кешімді өткізді. Менің елім үшін жасап жатқан кішкене еңбегімді елеп, жарыққа шығаруға атсалысқан жандарға ризашылығымды білдіремін, – дейді ардагер азамат.
– Бәкең рухани бай адам. Көп сөзге жоқ, бірақ тұла бойы тұнған талант. Жас ұрпақ осы кісіден тәлім алса, жақсы азамат болып қалыптасатыны анық, – дейді Б.Есназар.
Сәкендік Бақтияр Мырзашев ауылға сыйлы азаматтың бірі. Оны көпшілік суретші, музыкант, құрылысшы, аудармашы деп қадір тұтады. Өнермен өрге жүзген ардагер ағаға біз де шалқар шабыт тілейміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
06 наурыз 2019 ж. 879 0