«Балалар жылы»: Келешектің тұтқасы білімді ұрпақта
Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақтың қарадомалақ балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асыруда. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылды. Иә, қай кезде де мемлекет баланың үздіксіз дамуына инвестиция құюды тоқтатпайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен «2022 жыл – Балалар жылы» деп аталды. Яғни, барыс жылында ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлінеді.
ІЗДЕНІС ПЕН ТАЛПЫНЫС ЖАС ӨРЕННІҢ БАҒЫН АШАДЫ
Мектеп партасында отырған әрбір баланы білімді, дарынды, өнерлі, интеллектуалды етіп тәрбиелеу күн тәртібінен түспейді. Бүгінде аудан бойынша 43 білім беру ұйымы бар. Жалпы, 2021-2022 оқу жылында мектеп жасындағы 8334 оқушыға 1197 педагог дәріс береді. Ең алдымен, «Балалар жылы» аясында жас балғындардың барлық жағынан дамуына жұмыс жасалуы тиіс. Бұл ретте, кәсіби тұрғыдан шыңдалған, білімі жетік подагогтарды тарту маңызды. Шын мәнінде, 5 мектеп-лицей мен 12 орта мектепте оқу жылы барысында балаларға арналған кешінді іс-шаралар қамтылатыны сөзсіз. Өз кезегінде аудандық білім бөлімі балалармен тікелей жұмыс жасайтын мекемелердің материалдық базасын, білім сапасын арттыруға 2022 жылы 10,7 миллиард теңге қаржы бөлуді жоспарлаған.
– Дарынды балалармен жұмыс жасау – уақыт талабы. Қазіргі таңда ғылыми тәжірибелер алаңы қалыптасып, мектеп жасынан балаларды зерттеу жұмысына бейімдеген абзал. Мәселен, компьютерлік бағдарламаларды меңгерген жас өрендер робототехника жасауға машық. Сонымен бірге, халықаралық, республикалық, облыстық білім бәсекелерінде бақтарын сынаған оқушыларымыз орасан жетістіктерге қол жеткізуде.
«Балалар жылы» аясында бітіруші түлектерге жағымды жаңалық техникалық мамандықтарға арналған гранттар саны арттыру қолға алынбақ. Бұл ретте, білім сынағынан сүрінбей өткен әрбір отбасының балалары жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға қол жеткізеді.
Биыл аталған жыл шеңберінде ерекше білім беруді қажет ететін баларлар үшін арнайы құрал-жабдықтармен жасақталған кабинеттер ашылады. Өз кезегінде 3 білім ошағында физика, химия пәнін оқытуға арналған кабинеттер пайдалануға беріледі. Ғылыммен айналысатын оқушыларға жаңа мүмкіндіктер жасалады. Биыл 25 пайызға жалақысы көтерілген ұстаздарымыз дарынды балаларды анықтауға, алғыр, өнерлі оқушыларды тәрбиелеуге күш-жігерін арнайды. Жалпы, 6 қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелерде 5433 бала қамтылған. Яғни, қосымша біліммен қамту мен спорт секцияларына әлі де жан-жақты балаларды тартатын боламыз, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков.
Ауданға қарасты Шіркейлі ауылында дарынды балалар шоғыры қалыптасқан. Бәлкім, киелі топырақтан шыққан зиялы қауым өкілдері мен ұлы тұлғалардың ізбасарлары болуы заңдылық шығар. Бұл ретте, 4 жыл қатарынан білім ошақтары арасында үздік атанған №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицей өткен жылды табысты қорытындылады. Жанболат Назаров басқаратын мектеп-лицей педагогтары аудандық, облыстық, республикалық білім бәсекелерінде жеңімпаз атанды. «Барлығы бала үшін» дейтін 90-нан астам ұстаздың еңбегі олимпиада, ҰБТ сынақтарында еселеп қайтты. Ауылдағы білім ошағы айтулы жылда балаларға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті.
– Мектеп-лицейдің педагогикалық кеңесінің шешімімен «Балалар жылында» 11 іс-шара бекітілді. «Қазіргі жастардың өмірлік басымдықтары», «Оқушы мен ұстаз мәдениеті», «Құқықтық сауаттылық – заман талабы», «Бақытты отбасы – зорлық зомбылықсыз әлем», «Денсаулық – ең басты қажеттілік», «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді», «Біз бақытты баламыз» секілді бірнеше тақырып аясында балалармен кеңінен жұмыс жасайтын боламыз. Күнделікті тәрбие сағаты, дөңгелек үстел, пікірталас, спорттық іс-шаралар, оқушылардың білім деңгейін жоғарылататын олимпиадалар ұйымдастыру жоспарда бар. «Ғылым – теңіз, білім – қайық» демекші, біз шәкірттерімізге өмір айдынында адаспай жол табу үшін сапалы білім мен тәрбие беруге тырысамыз, – деді №129 Ә.Жәмішов атындағы мектеп-лицей директоры Жанболат Назаров.
Айтулы жылда аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары да бірнеше іс-шаралар өткізуді көздейді. Мәселен, орталық дарынды балаларға қолдау көрсетуге мүдделі. Сонымен бірге, қазақ ертегілері желісі бойынша балалардың қатысуымен мюзикл құруды жоспарға енгізген.
БАР БІЛІМНІҢ НЕГІЗІ БАЛАБАҚШАДАН ҚАЛАНАДЫ
Қазақта «Адам болатын бала – алысқа қарайды» деген мәтел бар. Дәл қазіргі уақытта білімді, алғыр балғындардың көптеп шығуына балабақшалардың атқаратын рөлі зор. Жалпы, аудан көлемінде 29 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде, 17 мемлекеттік, 6 жеке балабақша, 6 шағын орталық халық баласын тәрбиелеуде. Мектепке дейінгі ұйымдарда 1950 баланы 326 педагог оқытады.
Күнделікті балалармен жұмыс жасайтын «Бақ-Нұр бөбек» балабақшасының тәрбиешісі, жас маман, Жұлдызай Зейдешова «Балалар жылынан» зор үміт күтеді. Айтулы жылда балабақша қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға өсетіні мәлім. Тек жаңашылдыққа иек артатын жас маман балалардың ой-өрісінің дамуына, білім алуына түрлі іс-шараларды қамтуды көздейді.
– Бар білімнің негізі балабақшадан қаланады. «Балалар жылында» балабақша педагогтары ерекше серпінмен жұмыс жасайды. Себебі, барлық жұмысымыз кішкентай балғындармен тығыз байланысты. Әркез ата-ананың көз қуанышына айналған сәбидің бақытты болғанын қалаймыз. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын балалардың жан-жақты болуы үшін педогогикалық әдістемелерге сүйенеміз. «Балалар жылын» жан-жақты қолдау мақсатында кешенді іс-шаралар өткіземіз, – дейді жас маман.
КІТАПХАНА – БАЛАЛАР АҚЫЛШЫСЫ
Бүгінде «Ертөстік», «Көксерек», «Алпамыс батыр», «Қобланды» кітаптарын сүйіп оқитын балалар легі аз. Ақылды гаджеттерді жанына серік ететін кейінгі ұрпақ ақыл кенін оқудан қашады. Десек те, «Кітап – ғылым, тілсіз мұғалім» екенін ұмытпаған абзал. Аудандық балалар кітапханасында 40343 кітап қоры жасақталған. Кішкентай оқырмандар саны – 2158-і құрайды. «Балалар жылында» аталған кітапхана өз оқырмандарын асыға күтеді.
Қазіргі таңда балалар кітапханасында «Фантазия» үйірмесі, «Жыр жауһар» клубы, «Өлке болып оқимыз» және «Сырға толы Сыр өңірі» жобасы жұмыс жасайды. Тұрақты оқырмандарды кітап оқуға қызықтыру үшін арнайы жобалардың берері мол. Жыл көлемінде кітапхана ұжымы ата-бабалар қоныстанған киелі мекендерге, қасиетті жерлерге саяхаттауды мақсат тұтқан. Өз кезегінде кішкентай оқырмандар мен сала мамандары Қалжан ахун медресесіне барып, қасиетті бабаның туғанына 160 жыл толуына орай зиратына тәу етпек.
– ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланған болатын. Ал биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны мәлім. Жыл көлемінде біздің ұжым балалардың шығармашылық әлеуетін көтеру мақсатында тиісті іс-шараларды қолға алатын болады. Бүгінде қорымызға жаңадан 569 кітап қосылды. Жас оқырмандарымызға ертегілер, ғибратты әңгімелер желісінде сахналық қойылымдар ұсынамыз. Сонымен бірге, елімізге танымал ақын жазушыларға арналған шығармашылық кештер өткізіледі. Біздің мақсатымыз – оқырмандар санын көбейту. Балалар әдебиетінің жауһарларын кеңінен насихаттау, – дейді балалар кітапханасының меңгерушісі Гүлдана Әбенова.
Түйін
Аудан бойынша өткен жылы 887 сәби дүниеге келген. «Балалар жылында» бос ұраншылдыққа салынбай, нақты жобалар қамтылғаны дұрыс. Мәселен, сарапшылар «Ана капиталын» қалыптастыру керектігін айтады. Иә, арнайы капитал негізінде балалардың әлеуметтік тұрғындан жағдайын жақсарту көзделсе игі. Сонымен бірге, денсаулығында кінәраты бар балалар ерекше қамқорлыққа алынуы тиіс. Бүгінде ауданда 232 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Жыл көлемінде олардың денсаулығына жіті көңіл бөлініп, аурушаңдық деңгейі төмендесе жақсы. Көпбалалы отбасылар әлеуметтік көмек игілігін көрсе дейміз. Әйтпесе, жылды нақ цифрмен тізбектеп, іс жүзінде балаларға пайдалы істер атқарылмаса, бос әурешілік.
Балтабай ОРДАБЕКОВ