Ерлік шежіресі
1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес Одағының халқы Әмудария өзеніндегі көпірден Ауғанстаннан қайтқан интернационалист жауынгерлерді қарсы алды. Тарихи күн осыдан тура 33 жыл бұрын орын алды.
Жалпы Кеңес Одағы 9 айдың ішінде толықтай өз әскерін Ауған елінен шығарды. 1988 жылдың 15 мамырынан бастап шыққан әскери бөлімшелердің соңғысы 1989 жылдың 15 ақпанында толыққанды шығарылған болатын. Бұл жайында 40-армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Б.Громов басшылыққа: «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ» деп баяндаған.
Шетел басылымдары сол жылдары Кеңес Одағынан Ауғанстанға аттанған 500-дің үстінде жауынгердің қаза тапқанын, қаншамасы тұтқында қалғанын жазған. Атақты «Тайфун» операциясы Ауған жерінде 10 жылға созылған шайқастың ең ақырғысы ретінде тарих беттерінде қалды.
Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы құрамында болған елдердің басына түскен ең қайғылы қасірет. Бөтен елдің мүддесі үшін қанды қырғынның ортасында болған жауынгерлердің арасында мыңдаған қазақстандықтар да интернационалдық борышын өтеді. Сұрапыл соғыс мыңға жуық сарбазды мерт етті. Жиырмадан астам жауынгер хабар ошарсыз қалды. Қаншасы жараланып, мүмкіндігі шектеулі жан ретінде Отанға оралды.
Қазіргі уақытта Ауған соғысының ардагерлерінің қатары сиреп барады. Оларды бір тудың астына біріктіру үшін 2005 жылы құрылтай өтті. Құрылтайда «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылды. Еліміз бойынша әр облыста 30-дан астам ұйым қауымдастыққа кірді.
Кешегі бозбала – бүгін интернационалдық борышын өтеген ардагер. Олар майдан даласында болашақ үшін адал қызмет етті. Қасық қаны қалғанша бейбіт өмір үшін күресті.
110 айға созылған сұрапылда миллиондаған Ауған халқы жойылса, 15 мыңнан астам Кеңес әскері қаза тапты. Қанды қырғында қазақстандық жауынгерлер батырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Оларға деген құрметтің шоқтығы әркез биік болып қала бермек.
«ТТ» ақпарат