Отты жылдар ұмытылмайды
10 жыл бойы созылған Ауған соғысы бейбіт елдің күйін қашырды. 1979 жылдың соңында Ауғанстанға арнайы бұйрықпен кеңес әскері кіргені белгілі. 500 мыңнан астам сарбаз қатысқан соғыста интернационалдық борышын өтегендердің қатарында 22 мың қазақстандық болды.
Тарихи дерек бойынша Ауған жерінде мерт болған 15 мың жауынгердің 800-ден астамы біздің отандастарымыз. Дұшпандармен соғыста 3 мың сарбаз мүгедек болып қалса, 30-ға жуық адам хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.
Ауған соғысына қатысып, өзінің интернационалдық борышын өтегендердің қатарында сырдариялық Ғалымжан Байтұрғанов та бар.
– 1981-1983 жылдары Ауғанстанның Құндыз деген жерінде әскери борышымды өтедім. Бір ротада туған жерден құрдасым Бақтыбай Мырзалиевпен бірге болдым. Бақтыбай екеуміз барлаушы болатынбыз. Талай мәрте дұшпандармен бетпе-бет келдік. Қолдарына қару ұстағандар ештеңеден тайсалмайтын. Таулы жерлердің кез келген жерінен шыға келетін жауға қарсы тұру үшін ер жігіттің нағыз қайсар мінезі керек. Қорқақтықты соғыс көтермейді. Елің мен жерің үшін, бұйрықты орындау үшін бір адым артқа шегінуге болмайды. Көзіміздің алдында достарымыздан да айырылдық. Қиын жағдайды басымыздан өткізіп, елге аман-есен оралғанымызға шүкіршілік етеміз. Соғыс атты бәлені ешкім көрмесін деп тілеймін, – дейді отты жылдардың куәгері, Ауған соғысының ардагері Ғ.Байтұрғанов.
Адамзат баласына екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қайғы мен қасірет әкелген соғыстың оты 1989 жылдың 15 ақпанында өшті. Осы күні Ауған жерінен соңғы кеңес әскері шығарылды. Міне, сол уақыттан бері 32 жыл өткенімен оның зардабын талай адам көріп келеді. Ауған соғысының ардагерлері жыл санап арамыздан кетіп жатыр. Олардың ерлігін Отанымыз еш уақытта ұмытпайды.
Елбасы Н.Назарбаевтың Ауған соғысы туралы «Ауған соғысында қыруар қаржы шығындадық, мыңдаған өмір қиылды, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келді. Халық үшін бұдан асқан қасірет бар ма?» деген ой салатын сөзі бар. Ажал мен өмір арпалысқан сәтте, ел аманатын мойнына алып, ержүректілікпен қолына қару алып, интернационалдық борышын өтеген батырларымыздың ерлігіне бүгінгі ұрпақ тағзым етері сөзсіз. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды.
Бибісара ЖАНӘЛІ