Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОН ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС

ОН ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен толықтай шыққанына биылғы жылы 30 жыл толады. 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО халқы Әмудария өзеніндегі көпірдің үстінде Ауғанстаннан қайтқан 40-армияның жауынгерлерін салтанатпен қарсы алды.
Кеңес әскерлерінің жекелеген бөлімшелері 1988 жылдың 15 мамырынан бастап Ауғанстан аумағынан шыға бастаған. КСРО тоғыз айдың ішінде әскерлерін бұл елден шығаруға міндеттеме алды. Бұл өте күрделі операция еді. 4 ақпан күні Кеңес Армиясының соңғы бөлімі Кабулдан шықты, ал 15 ақпанда 40-армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант Б.Громов Термез қаласында «Кеңес әскерлері Ауғанстан жерінен толықтай шықты, артымда бірде-бір жауынгер қалған жоқ», – деп басшылыққа баяндады. Алайда өзеннің арғы жағында қалған шекарашылар тағы үш ай бойы Ауғанстанда жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Америкалық баспасөздің мәліметтері бойынша осы операция кезінде Кеңес Одағының 523 жауынгері мен офицері қаза тауып, қаншама адам тұтқында қалды. 40-армия шыққаннан соң да шабуылдаушы можахедтерге қарсы қиянкескі шайқастар болды. 1989 жылдың 23-26 ақпандағы «Тайфун» операциясы кеңес әскерлерінің ауған жеріндегі он жылға созылған соғыстағы ең ақырғы ұрысы болды. Бұл тарихқа айналған деректер.
Ауғанстан соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы ең қайғылы беттерінің бірі. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында Қазақстаннан мыңдаған жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 1 мыңға жуығы сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабарошарсыз кетті, көптеген азамат елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген Ауғанстан соғысы осылай аяқталған болатын.
Республика бойынша Ауған соғысы ардагерлерінің отыздан астам ұйымы бар. Оларды бір тудың астына жинау үшін 2005 жылдың шілдесінде Ауғанстан соғысы ардагерлері өз құрылтайларын өткізген болатын. Бұл жиынға Қазақстанның 14 облысынан 19 ауғандық ұйым өкілі қатысты. Осы құрылтайда «Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының қауымдастығы» құрылып, барлық ауғандық ұйымдар қауымдастыққа бірігуі керек деп бірауыздан келісімге келген болатын. Қазіргі кезде республика бойынша 30-дан астам ұйым осы қауымдастыққа кіреді. Ауғанстан соғысы (1979-1989 жылдар) Кеңес үкіметінің Қарулы күштері үшін, соның ішінде қазақстандық жауынгерлер үшін КОКП ОК Саяси бюросының Ю.Андропов, Д.Устинов, А.Громыко, Л.Брежнев сияқ­ты санаулы ғана мүшелерінің, аяқастынан құпия түрде қабылдаған шұғыл шешімінен басталды. Сол кезде Ауғанстанда билікке таласқан ресми үкімет пен оппозиция (можахедтер) арасында қарулы қақтығыстар басталған болатын. Күрестің басты мақсаты Ауғанстан жерінде толықтай саяси бақылау жүргізу болды. КСРО Сая­си бюросы КСРО-ның ықпалын кеңейту мақсатында Ауғанстанға қол үшін беріп, сыртқы агрессиядан қорғау керек деген шешімге келеді. Сөйтіп Ауған елін басқарып отырған шах Хафизулла Аминді алып тастап, орнына Бабрак Кармальді отырғызу туралы идеясын күш көрсету арқылы жүзеге асырды. Осылайша, Кеңес Одағының әскерлері ұзақ жылдарға жалғасқан қарулы қақтығыстардың қақ ортасынан бір-ақ шықты.
Ауғанстанға әскер енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында, КОКП ОК Саяси бюросының отырысында түбегейлі қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілген екен. Бұдан бес ай бұрын 105-әуе десанты дивизиясының 111-парашютті десант полкі Баграм қаласына барып жайғасқан болатын. Бұл Кеңес Армиясының Ауғанстанға кірген алғашқы бөлімі еді. 12 желтоқсан күні Қазақстан мен Орта Азия республикаларында жасақталған «мұсылман батальоны», артынша екі күннен кейін Баграмға тағы бір батальон кірді. Осы үш батальонның көмегімен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) жекелеген кішігірім отрядтары «Шторм» операциясына кірісетін болып жоспарланды. Осылайша, 27 желтоқсан күні Аминнің сарайына шабуыл жасалды. Бірнеше қала можахедтерден тазартылды. Жаңа билік ауған жерінің барлығына үстемдігін жүргізе алған жоқ. Соғыстың ұзаққа созылуына бір жағынан осы себеп болды. Бұл соғыстың абырой әпермейтінін Кеңес үкіметінің басшылары арада 3-4 жыл өткеннен кейін түсіне бастады. Бірақ «болары болып, бояуы сіңгеннен кейін», кеш түсінді. 1983 жылдың 19 мамырында Пәкістандағы елші В.Смирнов КСРО-ның Ауғанстандағы әскерлер контингентін алып шығуға мүдделі екендігін ресми түрде жариялады. Саяси бюро осылайша, балшыққа кіріп алып, енді былғанбай шығудың жолдарын іздестіре бастады. 1986 жылдың ақпанында болған КОКП XXVII съезінде М.Горбачев әскерді кезеңге бөліп, ауған жерінен шығару жоспарын жасау керектігін мәлімдеді. 13 қарашадағы Саяси бюроның отырысында Михаил Горбачев: «Біздің Ауғанстанда соғысып жатқанға алты жыл болды. Егер бұл іске басқаша келмесек, әлі 20-30 жыл соғысатын боламыз» деп мәселені көлденеңінен қойды. Оның сөзін Бас штабтың бастығы, маршал Ахромеев те қолдады: «Біз Кабулды, провинциалдық орталықтарды бақылауға алдық, бірақ басып алған жерлерімізге билік орната алмадық. Біз ауған халқы үшін күресте жеңіліс таптық» деп ағынан жарылды. Сөйтіп, осы отырыста Ауғанстандағы барлық әскерді екі жылдың ішінде алып шығу туралы келісілді. Ауған соғысы аяқталған жылы «Правда» газетіне соғыстағы адам шығынының жалпы саны жарияланды. Онда қаза тапқандар 13 833 адам деп көрсетілген. Көрсетілген адам шығыны жыл сайын көбейе түсті. 1999 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша ішінде майданда өлгендер, жарадан, аурудан, оқыс жағдайдан қайтыс болғандар, хабар-ошарсыз кеткендер бар, барлық қаза тапқандардың саны Кеңес Одағы Армиясынан – 14 427 адам, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен (КГБ) – 576 офицер, Ішкі істер министрлігінен – 28 адам. Барлығы – 15 051 адам. Жараланған, контузия алғандар – 54 мыңға жуық, ауырғандар – 416 мың адам. Кеңес Одағының ауған соғысынан көрген зияны осындай қасіретті болды.

Басқа басылымдар негізінде дайындалды

19 қаңтар 2019 ж. 1 621 0