Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұпар аңқыған раушан гүлдер

Жұпар аңқыған раушан гүлдер


Жетінші наурыз, тойдың болғанынан боладысы қызық күн. Жұмыстың қиуы кетіп, есесіне құттықтаулар есіп, көңіл біткеннің сәні кіре бастайды. Қыз-келіншектер көбірек шоғырланған оқу орындарында мерекенің берекесі бөлек. Шеттерінен әдемі киініп, шаштары мен беті-қолдарын нәрлеп, әрлеп келген оларды бір көргеннен танымай қалатын да кезің болады. Түскі ас мезгілінде  құстың сүтінен өзгенің бәрі табылатын мол дастархан жайнап жайылады. Алдымен сол шағын ұжымның ақсақалы саналатын ағалар батасын беріп, әс мәзірінен алуымызға рұқсатын береді. Сосын еркек кіндікті өз әйелдеріне “қимайтын” не бір жайсаң да, сұлу тілектерін бағыштайды. Сөз арасында өлең-жыр да, ән мен күй де шырқалып, мерекелік сыйлықтар мен бір-бір шоқ-шоқтай қызыл раушан гүлдері өз иелерін тауып жатады. Әзілдің әлемі орнап, қалжың мен қағытпаның қақпасы айқара ашылады. Жарқын-жарқын дауыстар, төгілген күмістің үніндей ерке күлкілер, ду-ду соғылған қолпаштау қолшапалақтары, бір-біріне әлсін-әлі соғылған бакалдардың сыңғыры бәрі-бәрі оларды бір сәт болса да, қағаз басты, күйбің тірліктен босатып, рахат пен бақыттың құшағында тербеп жатты....
- Қайран, қара нардай қайыспас, шаршаса шаршадым демейтін, қартайса қартайдым демейтін, жандары жайсаң ақ еділ ұстаздар-ай, қазақ жеріне тамыр тартқан даланың раушандарындай, білім даласына тамырын таратқан бір-бір шоқ қайталанбас гүлдер, тағдырлар сендерді мақтан етем, сендерді сүйемін -дейді менің жан дауысым айқайлап. Той тарқаса да, оның көңілдегі әсем елесі сол қалпында, кетер емес. Мен енді үйдегі жарымды құттықтау үшін  автобусқа міндім. Әлі жұмыс уақыты, көлік ішінде адам қарасы көп те емес. Келесі бір аялдамадан қолына ұстаған үш тал күлгін түсті раушан гүлі бар, жасы жиырманың жуан ішіндегі бір жігіт келіп мінді. Менің көзім одан бұрын, оның қолындағы гүлге түсті. Толық қауашағын жарған, әдемі күлгін және алқызыл түстер жарыса бойына сіңген, жап-жасыл жапырағы бар раушан гүлдері шынында көз тартар әдемі еді. Бірақ неге екені белгісіз, әлгі жігіттің қолынан “құрмет” таппағандай, басын жерге салып, “жабырқап” тұр. Ал ана жүзі солыңқы, атжақты, ақсары жігіт қолына әдемі гүл емес, қоқсық жәшігіне тастайтын әлде нені ұстап тұрған жандай немесе қолында не бар екенін де ұмыт қалдырғандай мең-зең күймен келді де менің қасымдағы бос орынға сылқ етіп отыра кетті. Үстінен темекінің күлімсі, арақтың апшыны қуырардай ащы исі мүңк ете қалды. Өз басым мұндайдан аулақ болғандықтан, бірден басымды терезе жаққа бұрып әкеттім. Көзімнің қиығымен гүлге қарап қоямын. Менің әйелім дәл осындай күлгін түсті раушан гүлін ұнатушы еді. Ал мына бейшара гүл оның екі тізесінің арасында, басын жерге салбыратқан күйі жатыр.
- Беу дүние-ай деймін іштей, мына әдемі гүлдей қазақтың қанша ару қызы, сұлулықты бағалай білмейтін, безбүйрек еркектерге тап болып, соры қайнап жүр-ау. Мынау да сондай әумәсірдің бірі, әдемі гүлдің сәнін кетіріп, ұстап отырған түрін қарашы. Гүлдің нәзіктігін бағаламаған адам, әйелдің жан-дүниесін қалай түсіне қояр дейсің? Менің ойым осы араға келгенде, қасымдағы жігіт маған қарай бұрылып:
- Кешіріңіз, аға, сіз үйленгесіз бе?-деді май ішкен кісінің көзіндей кілмиген көздерін маған қадап.
- Иә, үйленбесем үйлендірейін деппе едің-дедім кекетіп.
- Жоқ, бірдеңе сұрайын деп едім-деді ол екі ернін кезек жалап.
- Иә, үйленгенмін, бала-шағам бар.
- Онда айтыңызшы, бұл өмірде махаббат бар ма, жоқ па?-деді оның көздері ежірейе түсіп.
- Кімге қалай, бар деп бағаласаң бар, жоқ деп жорамалдасаң жоқ-дедім мен де көзімді алартып. Ол аз-кем отырды да:
- Менім ше жоқ. Мен оны жанымнан артық сүйдім. Тұп-тура үш жыл соңынан қалмадым. Жүрегіңді бер десе суырып қана қолына ұстатар едім. Ал, ол болса, мені, мына мені тәрк етіп, тастап кетті. Ашығын айтқанда айырбастап кетті. Ол осыларды айтқанда маған емес, қолындағы гүліне еміне қарап отырып айтты, дауысы да бір түрлі дірілдеп шықты. Бейне маған емес гүліне мұң шағып отырғандай. Мен ептеп оны түсінейін дедім. Аздап жүрегім де жылынғандай болып, енді оған қарап отырдым:
- Асықпай айтшы, кімге және неге ауыстырды-деп сұрадым. Ол енді жанарын маған қадап:
- Сіз, Динараны көрген жоқсыз, періште еді ғой, мен өмірімде ондай сұлу жанды көрген емеспін. Соңынан қалмай ердім. Ол осы күлгін раушан гүлін ұнататын. Бүгін де оны мерекесімен құттықтап гүл сыйлауға асығып, орнымнан ерте тұрып, жиналып, гүлін сатып алып, уәделі мейрамханада оны асыға күттім, бірақ ол кешікті. Мен оны сағаттап емес, апталап күтуге де бар едім. Кенет менің Динам кіріп келді, өңі бір түрлі суық, көздері домбығып кеткен, бәлкім жылады ма екен. Маған емес, мейрамхананың бұрышына қадалған күйі:
- Нурик, кеш мені, мен сені сүймеймін. Енді мені іздеме-деді аптыға сөйлеп. Содан сыртты нұсқап:
- Анау ақ джипті көрдің бе, менің болашақ күйеуім сонда отыр. Қайыр, қош. Ол осыны айтты да шығып кетті. Төбемнен жай түскендей меңірейіп мен қалдым. Не деп кетті ол, есімді жия сыртқа көз салып едім. Менің Динашым ақ джипке жайғасып жатыр екен. Әлде бір қара көзілдірікті біреу «чау»-деп қолын шошайтты да көлігін айдап кете барды. Бәрі әп-сәтте, қаспен көздің арасында өтті де кетті. Қаққан қазықтай сілейіп мен тұрмын. Ол үнсіз қалды. Мөлт еткен жас сырғып барып палтосының омырауына тамды.
- Сосын, не болды?
- Сосын не болушы еді, бар ашу-ызамды арақтан алдым, өмірі шекпеген темекіні шектім. Ішім қан жылап тұр, аға. Махаббат бар ма айтыңызшы? Мен енді сасайын дедім. Бар дейін бе, жоқ дейін бе? Еріксіз сөздің ауанын басқа арнаға бұрдым:
Інім есімің кім?-деп жылы сұрадым.
- Мырзағали.
- Онда, Динара неге сені “Нурик”-дейді?
- Ол мені солай шақырғанды ұнататын. Мейлі, “күшік”-деп шақырса да “ау”-дер едім ғой. Оған ішім жылып, жаным аши бастады. Бейшара-ай, шындап ғашық болған екен ау. Мынау бүгінгінің Мәжүні ғой. Тек енді қайтып менен, “махаббат бар ма”-деп сұрамаса екен. Осы сәт автобустың ішінен әдемі, нәзік дауысты әйелдің оқыған құран аяттары естілді. Нурик екеуіміз де солай қарай қарадық. Киімі жұпыны, жасы отызға енді аяқ басқан, сырт жерлік жас келіншек көздерін төмен салып оқып отыр екен. Мереке құрметіне әйел адамға ақша ұстатайын деп сөмкемдегі әмияныма қол салып, қайта басымды көтергенімде бізге қарап тұнып тұрған, қап-қара бота көзді көріп бір сәт көз алмастан қарап қалдым. Мөлдір әрі тұнық көз. О, Жаратқан осындай да әдемі көз болады екен-ау-деді менің ішкі дауысым. Мен қолымды созып ақшамды ұсындым. Ол үнсіз келіп алды. Басында сұрғылт жаулық, үстінде қаракөк көнетоз пальто, аяғына кигені кәрі кісінің бетіндей бырысып-тырысқан ескі бұлғары етік. Тотығып қарайып кеткен жүзі мен тарамыстанған қолдары “күтім көрмедім”- деп мұң шағып тұр. Көздері қап-қара, шаралы болса да жанары нұрсыз. Оның қарақат көздеріне, одан жүдеу жүзіне, одан соң жадау киіміне көз жүгіртіп шықсаңыз бейне қуаныштан, ренішке, одан мұңға, одан әрі қасіретке құлағандай күй кешесіз. Мен осы ойлармен  отырғанда,  күтпеген жағдай болды. Нурик орнынан ұшып тұрды да, қолындағы гүлін әлгі әйелге қос қолдап ұсынды. Әйел де мұндайды мүлде күтпесе керек, көзі жарық етіп, гүлге бір, Нурикке бір қарап аңтарылды да қалды.
- Алыңыз, алыңыз -дедім мен де қостап. Әйелдің қуқыл тартқан жүзі нарттай қызарып сала берді. Жанарынан жарқ еткен ойнаған бір ұшқын жүрек қуанышын паш еткендей болды. Деседе тосырқап біраз тұрды да, ептеп қолын созып гүлді алып, жүзіне жақындатып, көзін жұмып, искегендей, сүйгендей болды. Автобуста отырғандардың біразы байқап отырса керек, осы сәт бірнешеуі қол шапалақтап “мерекеңізбен”-деп жатты. Бәлкім өмірі мұндай қошемет көрмеген де шығар, қайыршы әйел кемсеңдеп жылап жіберді. Жасты көзін қарақайыстай қолдарымен сүртіп, бізге, әсіресе, Нурикке қарап басын изей берді. Жас тұнған шаралы, қарақат көз мұндайда тіпті әдемі көрінеді екен. Кітаптарда “сен жылағанда, тіпті әдемі көрінесің”-деп жатушы еді жігіттер қыздарына. Сондай теңеулер расында осындай жанарларға қарата айтылса керек.
Әйел көп тұрмады. Сол басын изеген күйі, келесі ялдамадан түсіп қалды. Нурик екеуіміздің көзіміз сол әйелде. Енді не істер екен дегендей үнсіз қадалып отырмыз. Бәлкім келесі автобусқа мініп, жалғасты қайыр сұрай бере ме, жоқ әлде? Нурикті білмеймін, өзімнің көкірегімде осы сұрақ. Бұл аялдамада автобус біраз аялдады. Ал ана әйел құшағындағы гүлін иіскеп, кеудесін кере, дәл бір қонақасынан сый алып қайтқан ханымдардай баяу басып көше бойлап кете барды...
- Байқадыңыз ба, осы гүлдерде бір сиқыр бар. Қыз біткеннің басын айналдыра қояды. Ана әйелді көрдіңіз бе, өзінің қайыршы екенін мүлде ұмытып кетті. Әсіресе, осы 8 наурызда гүл алу әйел заты үшін үлкен абырой. Сыйлыққа гүл алған әйелдер өздерін өзге әйелдерден бақытты, мәртебелі санайды. Сол үшін кейбір қыздар өз-өздеріне гүлдің әдемісін  сыйлап көшеде, аялдамада тұратыны бар. Байқаймын Нуриктіңде қабағы жадырап, ептеп әзілге бүйрегін бұра бастағандай. Оның сөзін менде қостап:
– Дұрыс айтасың, әйел халқы сұлулықты сүйеді ғой. Деседе сен жарадың інім, кім болса да ол болсын, Алланың бір құлын қуанттың. Алла сені де шаттыққа бөлейді әлі, көресің. Байқадың ба, ана әйел біз ақша бергенде самарқау алды, ал сен гүл сыйлап едің жаздай жадырап шыға келді. Әне сол масаң күйден әлі арыла алмай барады. Өзің мас едің, өзгені мас етіп жібердің, енді өзің сауығып келесің-дедім сөзімнің соңын әзілге бұрып. Ол мырс етіп күлді де:
– Бірақ сіз әлі менің сұрағыма жауап бермедіңіз.
– Бар, махаббат бар, ол әне сен ұсынған әдемі гүлде, сол гүл секілді үнемі аялауды, сырласуды қажет ететін адамдар арасындағы нәзік сезімдерде - дедім сенімділікпен нық сөйлеп. Нурик сөзіме риза болғандай қолымды алып, мені құшақтай берді. Енді одан арақ пен темекінің күлімсі исі емес, бағанағы әсем гүлдің әдемі исі шыққандай болды. Тіпті, тұтас автобустың ішінен раушан гүлінің жұпар исі аңқып тұрғандай сезілді....  
Абай атындағы ҚазҰПУ ұстазы
Қастер Сарқытқан
 
 
08 наурыз 2018 ж. 1 871 0