Көктайғақта қауіп көп
Болуы мүмкін төтенше жағдайды алдын ала ескертетін «112» бірыңғай байланыс нөмірінен қаңтар айының соңғы күндерінде көп смс-хабарлама келді. Сол смс-хабарламалардың біріне мән бердік, енді бірін ашып оқығанымыз да жоқ. Төтенше жағдайлар саласы мамандары дабылды бекерден-бекер ескертпейтінін көктайғақта жазатайым құлап немесе аяқасты жол апатына түсіп, қауіп-қатермен бетпе-бет келгенде ғана ұқтық.
Халқымыз «Көктайғақта қауіп көп» деп бекер айтпаған. «Сақтансаң, сақтармын» деген Жаратқанның өзі де адамзат баласына әр қадамды асықпай, байыппен басуды меңзеп тұр емес пе?! Тереңөзектік А.Нұрболатұлы «осынау салмақты сөздердің қадірін көктайғақта оңбай құлағаннан кейін ұғындым» дейді.
«Қауіпке ұрыну аяқ астынан екен. Жұмыстан шыққаным сол еді, мұзға құлап түстім. Беломыртқамды ауыртып алғандай болып едім. Арада көп уақыт өтпей денемде ауырсыну пайда болды. Сөйтсем сүйегім қатты соққы алып, бұлшық еттерім ауырып қалған екен. Бүгін үшінші күн болды, әлі ауырып жатырмын. Негізі көктайғақта жаяу жүруге болмайды екен» дейді ол.
Ал аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары Е.Жаналиев «112» бірыңғай байланыс нөмірінен ескерту келген сәттен бастап, полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейгенін айтады.
«Көктайғақ кезінде жол апаты болуы мүмкін тұстар белгіленген. Сол маңға патрульдік полиция тобы барып, автокөлік жүргізушілерінің жылдамдықты шамадан тыс асырмауын, алыс жолға шықпауын түсіндіріп, ескерту жұмыстарын жүргізеді. Кейбір жүргізушілер тәртіп сақшыларының кеңесіне құлақ түріп, тыңдайды. Ал кейбірі алған бетінен қайтпай алыс жолға шығып кетеді. Діттегін жеріне жете алмайтынын немесе оқыс оқиғаға ұрынатынын кеш ұғатындар көп. Сондықтан автокөлік жүргізушілеріне көктайғақта мейілінше үйде болуды ұсынамыз» дейді Е.Жаналиев.
Мұндай кезде травмотолог мамандармен қатар сынықшылардың жұмысына да қажеттілік артады. Қазіргі таңда ауданда сынған, шығып кеткен сүйекті орнына салатын сынықшылар да санаулы. Бұрын жергілікті жұртшылық сынықшы Тұрар ата аталып кеткен ардагерге баратын. Ол кісінің де өмірден өткеніне бірнеше жыл болды. Қазір тереңөзектіктер Шаған ауылындағы Күләш Тасбергенованың көмегіне жүгінеді. Бірақ медицина саласының мамандары жарақат алған денені дер кезінде рентгенге түсіріп, диагноз тағайындаған дұрыс екенін айтады.
Қайткен күнде де адамзат баласына көктайғақтан келер қауіп көп. Сондықтан қалың қар түсіп, боранды жел соғып, жолдар мұзтайғақ болған кезде үйде болған дұрыс. Осы орайда жұмыстан қайтарда немесе дүкенге барарда аяқ киімнің сыртынан шұлық киіп алғанның пайдасы бар. Ол аяқ киімнің тайғанақтамауына айтарлықтай әсер етеді. Әртүрлі дене жарақатын алмау үшін дененің тепе-теңдігін ұстаған жөн.
А.СЕЙІЛОВ