Дертті жеңудің жолы – екпе қабылдау
Кеше Аудан әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжілісте қауіпті індетті жою бағытында атқарылған жұмыстар мен екпе егу жұмыстарының барысы талқыланды.
Аудан басшысы коронавирустық инфекциядан туындайтын қауіп-қатер күн санап артып келе жатқанына назар аударды. Сондықтан сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескертіп, дертті жеңудің ең қысқа әрі тиімді жолы – екпе қабылдау екенін атап өтті.
– Қауіпті індеттің тез таралып, адам өміріне кері әсер етіп жатқаны бәрімізге белгілі. Сол себепті босаңсуға болмайды. Әр мекемеде сақтық шаралары, карантиндік талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бұл ретте мониторингтік және жұмысшы топ жұмысын жандандыру керек. Екпе қабылдамаған азаматтардың мекемелерге кіруін, қоғамдық орындарға баруын шектеу тетіктерін зерттеп, ұсыныс енгізуді тапсырамын. Сондай-ақ ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейту де күн тәртібінен түспеуі керек, – деді аудан әкімі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы С.Өмірбаев пен аудандық орталық аурухана бас дәрігері Н.Мырзағалиева баяндама жасады. Сала басшылары қазіргі таңда ревакцинация жұмыстарының маңызы артқанымен екпе алуға халықтың әлі де асықпайтынын атап өтті. Сондықтан әрбір мекемеде бірінші басшылар тарапынан түсіндірме жұмыстарын кеңінен ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ аудандағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделі екенін айтып, әсіресе Тереңөзек кентінде, Қоғалыкөл, Шіркейлі, Шаған елді мекендерінде жағдай тұрақталмай тұрғанын атап өтті.
Бұл мәселе бойынша аудан әкімі тиісті кент және ауылдық округі әкімдеріне, мекеме, бөлім басшыларына қалыптасқан ахуалға жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Оның ішінде білім беру саласы бойынша оқушылармен тығыз, тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін педагогтардың екпе алуының маңызды екені айтылды.
Мәжілістің күн тәртібіндегі екінші мәселе жергілікті қоғамдастық құрамына байланысты өрбіді. Бұл мәселе жабық, яғни тек кент және ауыл әкімдерінің, бөлім басшыларының қатысуымен талқыланғандықтан, өзге мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан жоқ.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ