Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тойды тоқтатайық, өлімге себепші болмайық

Тойды тоқтатайық, өлімге себепші болмайық

Қауіпті індеттен келетін қатердің ауыр екенін білсе де кейбір тұрғындар әлі күнге бейқамдық танытып келеді. Оның ішінде карантин талаптарын сақтамай той-томалақ ұйымдастырып жатқандар да бар. Осы ретте мониторингтік топтың мүшесі ретінде тойды тоқтатайық, өлімге себепші болмайық дегім келеді.

Мамандар дертті жеңудің бірден бір жолы – вакцина қабылдау екенін нақты айтты. Бұл өзіміз үшін ғана емес, өзгелер үшін де аса маңызды. Сондықтан денсаулық сақтау саласының мамандарының бағыт-бағдарына сүйеніп, екпе қабылдауға асығуымыз қажет. Сонда ғана дерттен келетін қауіпті оңай еңсеріп, қалыпты өмір салтына ертерек көшеміз.

Аудан әкімі М.Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес Айдарлы ауылында рейд және түсіндірме жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Карантин талаптарын сақтамаған тұрғындарға айыппұл салынып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылуда. Бірақ бәрін жауапкершілікке тартып, мәселені шешу мүмкін емес. Сондықтан тұрғындардың өздері де жағдайдың қиын екенін түсінуі, талапқа бағынуы қажет.

Ауруханаларда жатқан науқастардың басым көп­шілігі екпе қабылдамағандар екен. Олар өздерінің екпе салдыру бойынша жасаған таңдаулары қате екенін кеш түсінуде. Халқымыз «Аурудың өзімен емес, себебімен күрес» деп бекер айтпаған. Мен екпенің екі кезеңін де қабылдадым. Екпе салдырғаннан кейін күтініп, дәрі­­герлердің кеңесі бойынша иммунитетті көтеретін тағамдарды тұтынып, суға шомылмай, денсаулығымды күттім. Ешқандай кері әсері, теріс нәтижесі болған жоқ.

Ауыл тұрғындарын екпе қабылдауға шақырамын. Қазіргі таңда екпе қабылдау жұмыстарында ешқандай мәселе жоқ. Дәрігерлер жасы 18-ден асқан тұрғындарға арнайы жүргізілетін тексерістерден кейін екпе салады. Екпе қабылдау арқылы денсаулығымызды сақтайық!

Ережеп ЕСЕНГЕЛДІ,
Айдарлы ауылы әкімі
аппаратының бас маманы
10 тамыз 2021 ж. 282 0