Қаңтар айындағы ҰБТ басталды
Осы уақытқа дейін бітіруші түлектер арасындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өткізілетін еді. 2022 жылғы қаңтар айындағы ҰБТ-ға өтініш беру уақыты еліміздегі төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты 24 желтоқсаннан 21 қаңтарға дейін ұзартылды. Тестілеу енді 25 қаңтар мен 22 ақпан аралығында өтеді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Ұлттық бірыңғай тестілеудің аталған кезеңіне барлығы 104 мыңға жуық өтінім түскен.
Бұл тестілеуге ЖОО-ға ақылы негізде оқуға түскісі келетін орта білім беру ұйымдарының бітірушілері қатысады. Сондай-ақ тестілеу талапкерлерді жоғарғы оқу орнының күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғаларды күнтізбелік жылы ақылы негізде одан әрі қабылдау үшін жүргізіледі. Аталған ұлттық бірыңғай тестілеу кезеңіне жоғарғы оқу орнына ақылы негізде шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар, ақылы негізде басқа білім беру бағдарламалары тобы бойынша білім алушы және «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген тұлғалар қатыстырылады.
Тестілеуге қатысу ақылы. Құны – 5640 теңге. Тестілеуге қатысушы ҰБТ-ға тіркелу кезінде тестілеу өтетін орынды, күнді және уақытты өз ыңғайына сәйкес таңдауға құқылы.
Биыл министрлік талапкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар өзгеріс енгізді. «Мысалы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар түлектерге 2022 жылы қосымша уақыт берілді. Көру, есту, тірек-қимыл аппаратының функциялары бұзылған талапкерлерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек қосымша 40 минут беріледі. Яғни, олар ҰБТ-ны 4 сағат 40 минут ішінде, басқаларға қарағанда ұзағырақ тапсыра алады. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге арналған тапсырмалардың мазмұнына да өзгерістер енгізілді. Олар үшін суретсіз, сызбаларсыз және диаграммаларсыз тест нұсқалары жасалды. Бұл өзгерістер ҰБТ тапсыруды айтарлықтай жеңілдетеді» деп атап өтті ұлттық тестілеу орталығының директоры өз мәлімдемесінде.
Сондай-ақ тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүргізіледі. Яғни, оқуға түсушінің компьютерлік үстелінде камерадан бөлек дыбыс және қозғалысын тіркеу үшін қосымша веб-камера орнатылады. Бақылаудың жаңаша түрі талапкердің жеке басын сәйкестендіруге және ҰБТ кезінде талапкердің қасында бөгде тұлғалардың болмауын қадағалауға мүмкіндік береді. Тестілеуге қатысушы толықтай рамалық металл іздегіштер арқылы тексеріліп барып кіргізіледі. Бұл өз кезегінде талапкердің қауіпсіздігімен қатар тыйым салынған заттарды алып кіруінің алдын алу үшін қажет. ҰБТ аяқталған соң күнтізбелік жылдың соңына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Ережені бұзу жағдайы анықталса, талапкердің нәтижелері автоматты түрде жойылады.
Айта кететін жайт, тестілеу кезінде мобильді және радиоэлектрондық байланыс сигналдарын басатын құрылғылар қолданылады. Бұл тестілеуге қатысушының телефон пайдалану немесе басқа да байланыс көздерін қолдану арқылы ережені бұзуына жол бермейді. Бәрі мұқият бақыланады. Бұл тестілеудің әділ өтуіне, оқушының ешнәрсеге алаңдамауына басты негіз болып табылады.
– Тапсырылатын пәндер саны бұрынғыдай. Екі бейінді және үш міндетті пән қамтылады. Тест тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша 15, математикалық сауаттылық бойынша 15, оқу сауаттылығы бойынша 20 және екі бейінді пәннен 35 тапсырмадан беріледі. Қатысушы 4 сағаттың ішінде ең шекті 140 балл жинауға мүдделі. Бүгінде аудан бойынша тестілеуге 11 сынып оқушыларынан 366 түлек өтініш білдірді. Қаңтар айында 3 түлек ҰБТ тапсырса, қалған 363 түлек ақпан айында тапсырады. Елдегі жағдайға орай, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталатынын айта кеткеніміз жөн, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Жанар Қойшыбаева.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ