Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда ҰБТ 15-20 қаңтар аралығында ақылы негізде өткізіледі

Қазақстанда ҰБТ 15-20 қаңтар аралығында ақылы негізде өткізіледі

Қазақстанда ҰБТ 15-20 қаңтар аралығында ақылы негізде өткізіледі, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі премьер-министрдің сайтына сілтеме жасап.

Сайттағы мәліметке қарағанда, елімізде ұлттық бірыңғай тестілеу жылына 4 рет - қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі. Тестілеу ақылы негізде өтеді, құны - 2242 теңге.

Білім және ғылым министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2019 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Қаңтар, наурыз, тамыз айларында өтетін тестілеуге қатысу арқылы оқуға түсуші ЖОО-ның ақылы бөліміне құжат тапсыра алады. Қаңтарда шекті балын жинаған тестке қатысушы ҰБТ сертификатымен ЖОО-ға тек коммерциялық негізде оқуға түсе алады: шекті балын жинаса болғаны.

Сонымен қатар, ҰБТ-ны қаңтарда тапсырғандар негізгі ҰБТ-ны маусым айында да тапсыра алады және мемлекеттік білім беру гранттарын беру конкурсына қатыса алады. "Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау бойынша өтетін конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде 2019 жылғы маусым-шілде айларында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу қажет. Тестілеуге қатысуға өтінім беру үшін тұрғылықты тіркелген жері бойынша ұлттық тестілеу орталығының ҰБТ өткізу пунктеріне жүгіну қажет", - делінген ҚР БҒМ материалдарында. 

2019 жылғы ҰБТ форматы еш өзгеріссіз қалатынын атап өткен жөн. Оқуға түсуші дәстүрлі түрде 3 міндетті пән (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және 2 бейіндік пән бойынша тестілеуден өтеді. Қаңтар, наурыз айларында өтетін тестілеуді талапкер ҰБТ өткізілетін өзіне ыңғайлы кез-келген пунктіде тапсыра алады. Тек тестілеуге қатысу үшін ҰБТ өткізу пунктіне көрсетілген мерзімде өтініш беру қажет.

Еске салайық, 2018 жылдан бастап әр түлекке ҰБТ сертификатымен бірге, білім беру бағдарламаларының тізімі, бөлінген гранттардың саны, сондай-ақ, өткен жылғы гранттар конкурсының нәтижелері жазылған ақпараттық парақша беріледі. Аталған ақпараттық парақша түлекке өзінің болашақ мамандығын таңдау кезінде көмек болады.

Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мақсатында бірқатар өзгерістер енгізілгені айтылады.. 2019 жылдан бастап мамандарды даярлау бағыттарының жаңа классификаторы енгізіліп отыр. Бүгінгі күнге дейін еліміздің жоғары оқу орындарында мамандықтардың тізімі нақты көрсетілген классификатор пайдаланылған болатын. Ендігі кезекте мамандарды даярлау бағыты көрсетіледі.

Сәйкесінше, еліміздің жоғары оқу орындары дербес білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Айта кетейік, 2019 жылы ҰБТ 16-шы рет өткізіледі. Осы жылдар ішінде ҰБТ-ға 1,5 миллионнан аса мектеп бітіруші қатысқан. Бұл барлық мектеп бітірушілердің 80 пайызы.

11 қаңтар 2019 ж. 933 0