Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыстардың 70% жуығын сауда объектілерінен жасалған ұрлық туралы істер құрайды

Қылмыстардың 70% жуығын сауда объектілерінен жасалған ұрлық туралы істер құрайды

Мемлекет басшысы лаңкестік актілер себептерін және ұйымдастырушыларын анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға тапсырды. Осыған байланысты, аталған санаттағы және онымен байланысты барлық қылмыстық істер арнайы прокурорлар басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының өндірісіне берілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді.

Қалған қылмыстық істер бойынша тергеуді ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, экономикалық тергеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары жүргізуде.

«Осы қылмыстардың негізгі үлесін - 70% немесе 1 356 негізінен тәртіпсіздіктерден туындаған хаос процесінде Алматы қаласының сауда объектілерінен жасалған ұрлық туралы істер құрайды. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ – дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 Іс оларды ұрлау фактілері бойынша тергелуде. Сонымен қатар, 63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 – автокөлікті айдап кету, 24 – қарақшылық және тонау, 23 – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді. Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды», - деп атап өтті спикер.

Айта кетейік, ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректермен дәлелденеді.

«Мысалы, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды, оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба, ұрланған заттар аясында «селфи» және ең сорақысы көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгез ұрып-соғуға қатысуы анықталды. Бұл бейнежазбалардың барлығын күдіктінің өзі жасаған. Ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Мұндай фактілер көп», - деп түйіндеді өз сөзін ІІМ өкілі.
25 қаңтар 2022 ж. 298 0