ҚАРУ ӨТКІЗІП – ҚАРАЖАТ АЛ
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, атыс қаруы мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында ҚР ІІМ-нің нұсқауына сәйкес, алдымыздағы 10 сәуірден бастап заңсыз сақтаудағы атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ел тұрғындарынан сатып алу бойынша кезекті акция өткізіледі.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтарда заңсыз сақталған қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өтемді түрде қабылдау болып табылады.
Қазіргі таңда Қызылорда облысындағы барлық қалалық және аудандық ішкі істер бөлімдерінде азаматтар тапсырған атыс қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің техникалық жай-күйі мен оларды тапсырғаны үшін сыйақы белгілеу жөніндегі комиссия құрылды.
Айта кетейік, оны өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктерге тартылмайды. Керісінше, ондай азаматтарға тапсырған қаруының, жарылғыш заттардың, оқ-дәрінің түріне және техникалық жай-күйіне байланысты айлық есептік көрсеткіштің 10-нан 100-ге дейінгі мөлшерінде сыйақы тағайындалады.
Мәселен, өткен жылы аймақтағы азаматтардан заңсыз сақталған 313 дана қару өтемді түрде қабылданған. Олардың 298-і тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 24-і – иір ойықты аңшы қаруы. Осылайша, облыс көлемінде былтыр тұрғындар арасында қару-жарақ өткізген 163 азаматқа барлығы 15 000 000 теңге қаражат төленген.
Азаматтардың заңсыз сақтаудағы қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ішкі істер бөлімдеріне өткізіп, қарумен жасалатын қылмыстардың және төтенше оқиғалардың алдын алуда өз үлестерін қосады деген сенімдеміз.
Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі