Жоғалған жасөспірім табылды
Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылы әкімдігіне 12 қаңтар кешкі сағат 18:00-де туыстарына келген Қызылорда қаласының тұрғыны 15 жастағы жасөспірім атпен ауыл сыртына шығып, адасып кеткені туралы хабарлама түскен.
Ауыл әкімі Б. Ракимбеков аудан әкімдігіне, аудандық полиция бөліміне хабарлап, баланы іздестіру жұмыстарын бастаған.
Аудан әкімдігі және аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен іздестіру жұмыстарына аудан әкімінің орынбасары Ғ. Еркебай, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ә. Ханзадаев, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Н. Бақтияр, аудан әкімі аппараты жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Қ. Қуандықов, Қоғалыкөл ауылынан 20-ға жуық ерікті, Шіркейлі ауылынан 6 ерікті қатыстырылып, 5 техника жұмылдырылды.
Құқық қорғаушылар мен еріктілердің, төтеншеліктердің табанды еңбегі нәтижесінде жоғалған бала 10 сағаттың ішінде, яғни, таңғы 04:00-де табылып, туған-туыстарымен қауышты.
Барлық іздеу шараларына қатысқан қызметкерлер мен ерікті азаматтарға туған-туыстары алғыстарын білдірді.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі