Адам ұрпағымен мың жасайды
Жас ұрпақ тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Кез келген халық ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, болашағы деп білген.
Әдеттегідей, қызықты жаңалыққа тап болармын деп ғаламтор желісін ақтарып отырғанмын. Көзім жапон мақалдары деген сілтемеге түсті. Жапонша білмесем де, «мақал – сөздің мәйегі» деп білетін қазақ болған соң, сілтемені басып, өзге елдің мақалы қандай екенін көргім келді. Қазақшаға аударылған екен. Мені таң қалдырған мына мақал болды. «Баланы еркелету – тастап кетумен бірдей» дейді. Ал керек болса! Бала тәрбиесінде «баланы бес жасқа дейін патшаңдай көр, бес жастан кейін құлыңдай жұмса, он бес жасқа келгенде досыңдай сырлас» деген нақыл әрі қағидатты жиі еске алатын біздің халық дана деп қалай айтпассың?! Міне, нағыз тепе-теңдік. Әр нәрсені өз уақытымен жасай білетін халқымыз «бала – бауыр етім» деп біледі, еркелетіп, жылы-жұмсақты ұсынып, бар тәттісін аузына тосады. Баланы тәрбиелер кезде тәрбиелеп, еркелетер тұста ықыластан ада етпей, жиі-жиі мақтап, қанат бітіріп отырған жөн.
Қоғамдағы келелі мәселенің бірі – бүгінгі бала тәрбиесі. Бүгінгі бала – виртуалды әлемнің құлы. (Жалпыға бірдей топырақ шашудан аулақпыз) Кішкентай бүлдіршіннің бетін адам көргісіз қанжоса кейіпкерлерге ілесіп жасаған ерсі қылығын, тіс дәрігерінің кезегінде отырып, «мама, айтшы, бұл ойын ғой, иә» деп жыламсыраған баласына «жоқ, балам, бұл шынайы өмір» деп ұғындыра алмай әлек болған ананы көргенде жаным ашыды.
Жас баланың ойы жүйрік, бір айтқанды бірден ұғып алады. Әрі көп нәрсені білгісі келеді. Сондықтан қояр сауалы да көп. «Ол кім? Бұл не?» деп жиі сұрайды. Бұл кезде оған бәрін жүйелі түсіндіріп айту маңызды. Баласы бірдеңеге қызығушылық танытып сұрай қалса, екі көзі ғаламтормен торланған ата-анасы ештеңеге қарамастан, «иә, иә» немесе «мә, балам, телефонмен ойын қосып беремін» деп жауап береді. Бір-бірін өлтірген қантөгісі көп мультфильм, адамның басын алып жатқан сорақы ойын ойнап өскен бала есейгенде не болмақ? Содан келгенде безбүйрек әке мен тасбауыр ана қайдан шықты деп жан ұшырамыз. Қиыны сол, көңілге өкініш ұялатар, «қап, әттеген-айды» айтқызар жайттар кейінгі уақыттарда жиі орын алып жүр. «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген Ж.Баласағұн данамыз. Әрбір сөзі алтын, зерден құралған ақылгөй данышпанның сөзін қате деп кім айта алады?! Сондықтан барымызды бағалап, баланы еркелетер тұста мейірімді де аямай, қажет тұсында тәрбиеге де салып, түзу жол, дұрыс нұсқау беріп, ең бастысы ұлттық тәрбиемізді, ұлттық мінезімізді бо-йына сіңдіріп, Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй» қағидасын ұғындырып өсірсек, нұр үстіне нұр құйылғандай болар.
Отбасында дұрыс тәлім алмаған, ұлттығымызды, ұлылығымызды жас-тайынан бойына дарытпаған баладан қандай ұрпақ шығады? Шет елге елітіп, ұлтын сыйламайтын, әже айтқан қырық үйден тыйымын білмейтін қыз, тектілігін ұмытып, ұлттық дәстүрді ұстанбайтын ұл шығады. Міне, қасірет.
Шығыстың ғұлама ғалымы әл-Фараби: «Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін», – дейді. Ал адам сенген, заман сенген жастарымыздың арманы – шет елде өмір сүру болғанына кім кінәлі? Адам ба, заман ба? Бір көршімнің көзбен көрмесе де айтулы шет елде тұрғысы келетінін, аузынан сонша суы кете армандағанын көріп жағамды ұстап, қайран қалдым. Себебін түсінгім келмесе де, сұрадым. Уәжі – біреу. Шетелде өмір сүру керемет екен-мыс. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың» мәнін түсінбейтін қазақша білмейтін қазақ көршім өз елінде сұлтан болып жүргенін ұқпайтын да секілді. «Тасиды қаның, ашиды жаның...» Айтасың, «баяғы жартасқа» соғылып, өзіңе ғана естіледі. Жаңғырық...
«Ауруын жасырған өледі» деген, көз көріп, құлақ естіген мәселені көтердік. Әсілінде, бұл дегеніміз құлдырау емес. Әрине, бүгінгі күн-нің қаһармандары жетерлік. Елдің елдігін, халықтың тұтастығын, тілдің тазалығын сақтау үшін, еліміздің керегесі кең, терезесі өзге елмен тең, шаңырағымыз биік болуы үшін, жұртымыздың жалғасты өмірі жарық, жастарымыздың болашағы жарқын болуы үшін, ұлттық тәрбиенің жарқын үлгісін көрсетіп, халқымыздың ұлықтығын, ұлылығын насихаттап жүрген азаматтар қаншама?! Тәуелсіз елді, «елім» дер ерді нәсіп қылған Аллаға сансыз мадақ.
Мәселені көтердік. Себеп қандай? Не жетіспейді? Себеп – жалғыз. Жетпейтіні – ұлттық тәрбиенің, ұлттық сананың кемдігі. Патриоттық намыстың, елім деген көкіректегі оттың болмауы.
Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз – ата-ана. «Баланы тәрбиелегің келсе, өзіңді тәрбиеле» деген. Телефон шалған досынан тығылып, «балам, мені жоқ деп айт» дейтіндер балаға өтірік айтуды өзі үйретіп отырғанын білсін. Көзі ұйқыға кеткенше, телефоны бетіне құлағанша ұялысына телміретіндер баланың бойындағы құндылықты кері қалыптастырып жатқанын түсінсін. Ұлттық мейрамдарды отбасында атап өтіп, құндылық екенін айтып отырмайтындар баланың ойын дүбәра қылып жүргенін ұғынсын. Бір-бірін беттен алатын, ұрыс-керісі көп жанұя баланың жүйкесіне әсер етіп, дәл өзіндей қылып тәрбиелеп отырғанын білгені абзал. Бала үшін ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, қайырымдылық, әдептілік, сияқты ізгі қасиеттер отбасында теория арқылы берілмейді, үлкендердің үлгісімен бойға сіңеді. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген даналық та осы ойды тұжырымдаса керек.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ