Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қайсар» премьер-лиганы 7 орынмен аяқтады

«Қайсар» премьер-лиганы 7 орынмен аяқтады

Футболдан ел біріншілігі аяқталды. Премьер-лигада аймақ намысын қорғаған «Қайсар» командасы 7 орынмен аяқтады. Бірінші лигада бақ сынаған «Байқоңыр» командасы оңтүстік дивизионда 6-орынға, «Қайсардың» жастар құрамы екінші лиганың батыс дивизионында 2-орынға тұрақтады.

Жыл басында «Қайсар» футбол клубының бюджеті 4 млрд. теңгені құрады. Алайда әлемдік ахуалға байланысты команданың қаржылық жағдайы оңтайланып, 34 процентке, яғни 1 млрд 362 млн теңгеге қысқарды. Пандемия кезінде спорт сайыстары уақытша тоқтатылып, тамыз айында футбол біріншілігі қайта жалғасты. Командадағы футболшылардың келісім-шарты 15 қарашада аяқталды. Дегенмен, команданың негізгі құрамдағы ойыншылары соңғы тур ойындарына қатысуға келісімдерін берді. Маусымның соңғы ойынында бас бапкер Стойчо Младенов команда құрамында болмады. Себебі әлемдік ахуалдың өршуіне байланысты Болгария мемлекеті 27 қарашада толыққанды жабылатын болғандықтан, болгар маманы өз еліне қайту мәжбүр болды.

«Келер жылы «Қайсардың» қаржылық жағдайы 1 млрд. 600 млн. теңге болады деп жоспарлануда. Сонымен қатар биылғы жоспарды орындамағындықтан, бас бапкер Стойчо Младеновпен келісім шарт ұзартылмайды. Енді бас бапкер лауазымына орналасу үшін жергілікті жаттықтырушыларға Сұлтан Әбілдаев, Ерлан Шойтымов және Қанат Шерімбетовке мүмкіндік берілмек. Сондай-ақ, командадағы маңызды ойыншыларды сақтап қалуға әрекет етілуде. Бүгінде Думан Нәрзілдаев, Ілияс Әмірсеитов, Шоқан Абзалов, Марсель Исламқұлов, Нұрымжан Салайдын секілді ойыншылармен келісімге келдік. Команданың биылғы лидерлері Элгуджа Лобжанидзе, Бағдат Қайыров, Александр Марочкин, Александр Заруцкиймен келіссөздер жүргізілуде, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов.«Қайсар» футбол клубының алдағы дайындығына «Байқоңыр» командасынан Елжас Сарбай, Ерболат Серік, Аян Құлмағанбетов, Руслан Дүйсенбаев және Бекзат Құрманбекұлы шақыртылады. Келер маусымда өнер көрсететін жаңа футболшылар «Қайсардың» оқу-жаттығу жиынында сұрыпталатын болады. Негізінен жергілікті футбол мектебінің түлектеріне басымдық береміз. Бұған қоса, қазақстандық және ТМД елдерінің ойыншыларын қарастырамыз, – деді «Қайсар» ФК директоры Серік Досманбетов.
02 желтоқсан 2020 ж. 399 0