Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мектепті басқарудың жаңа бағыты: Серіктес директорлар ортақ тақырыпта ой қозғады

Мектепті басқарудың жаңа бағыты: Серіктес директорлар ортақ тақырыпта ой қозғады

Татулық пен бірлік мерекесінде "Серіктес директорлар" лигасындағы білім ордаларының басшылары "ПедEXPO-2021: Біліммен болашаққа қадам" шарасында бас қосты. Директорлар білім саласын басқару техникасы, ұжыммен жұмыс жүргізудің жаңа әдісі, мұғаліммен қарым-қатынас жасаудың еркін бағыты тақырыптарында ой қозғап, спикер ретінде идеяларын ортаға салды.

Карантин талаптары қатаң сақталған кездесуге облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова қатысып, қазіргі білім тенденциялары өзгергенін, мектеп директорына талаптың күшейгенін қаперге салып, білім ордасын басқаруды нарық талабына сай дамыту қажет екенін атап өтті.

Шара ерекше бағыттағы тимбилдингпен басталып, серігіту сәтінде миды қайта бағдарлайтын арнайы тренингпен жалғасты. Ал, негізгі спикерлер тақырыптар аясында презентация жасады.
Қазіргі альфа ұрпақтың қажеттілігіне қарай білім беру мәселесін Шиелі ауданындағы №153 мектеп директоры Қанат Әмзиев қозғаса, білім берудегі SOFT SKILLS әдісін №172 мектеп директоры Майра Садуова ашып берді. Ал, Сырдария ауданындағы №42 мектеп директоры Зейнұр Жаманқұлов мұғалімнің сабақты сиқыр жасау тәсілімен оқыту құпияларымен бөлісті.
ПедEXPO алаңында облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы Абай Тағыберген коммуникациялық басқару мен мектепке PR технологияны енгізу әдістері бойынша кейстермен бөлісті. Ал, №12 лицей директоры Жадыра Түлкібаева педагогикадағы бұрынғы ережені сақтай отырып, жаңа талапқа бейімделу жолын тарқатып берді. Сонымен бірге №257 мектеп директоры Гүлмира Сүлейменова мұғалім сабағын трансформациялау барысында негізгі ұстанымдарды тілге тиек етті.

Ал, №197 мектеп директоры Сәбила Рахымшаева мен Арал ауданындағы №262 мектеп директоры Руслан Сисенов ойын элементтеріне негізделген тренинг ұйымдастырса, №140 мектеп директоры Айгүл Мұсабаева мен Жаңақорған ауданындағы №164 мектеп директоры Жанболат Ахметжанов миды сергітуді құралдарын пайдалана отырып тимбилдинг өткізді.
Айта кетейік, "Серіктес директорлар" 20 бағыт бойынша өз мектептерінде жобаларды дамытатын болады.
03 мамыр 2021 ж. 508 0