Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тоғызқұмалақшылар мерейі

Тоғызқұмалақшылар мерейі

Аудандық редакция – жаңалықтардың жаршысы. Газет тілшілері жақсылықты жар салып, аудан абыройын асырып, түрлі сайыстарда жүлдегер атанып жүрген жеңім­паздарды әрдайым халық арасында насихаттауға әзір тұ­рады.

Жақында редакцияға жақсы жаңалығымен Қазақстан Республикасының спорт шебері, ұлттық ойын тоғызқұмалақтан облыстық құрама командасының жаттықтырушысы Кенбай Қарашаев келді. Жанында өзі баптап, тәрбиелеген тоғызқұмалақшылары бар. Бұл жолы сырдариялық спортшылар Қызылорда қала­сының дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған жарыстан олжалы қай­тып келе жатқан бойлары екен.

Бапкерлері бастаған 3 спортшы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі мен халықаралық мүгедектер күніне орай мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен жарыста жүлделі орын алды. Атап айтқанда, көз көру қабілеті бұзылған әйелдер арасында тоғызқұмалақтың классика түрі бойынша Гүлзат Отарбаева бірінші орын иеленді. Сонымен қатар, қос бірдей сырдариялық спортшы Әлімжан Қазан мен Ерлан Әбішбаев ерлер арасында екінші және үшінші орын жүлдегерлері атанды.

– Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық интеллектуалдық ойыны. Ұлтымыздың ғұла­малары А.Құнанбайұлы, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов тоғызқұмалақ ойнаған, ерекше сүйсінген. Тарихы терең ұлттық ойын – қазақтың төл спорты. Қазір елімізде тоғызқұмалақпен шұғылданушылар қатары артып келеді. Сырдария ауданында тоғызқұмалақтың мектебі мықтап қаланған. Ауданның белді спортшылары республиканың құрама командасында өнер көрсететіні – үлкен жетістік. Оны біз әркез мақтанышпен айтамыз. Ал ауданда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды осы ойын түріне баулып келе жатқаныма біршама уақыт болды. Тоғызқұмалақшылар спорт сайыстарында бақ сынап, жүлдегер атанып келеді. Міне, биылғы жылы да біраз жетістікке жеттік. Жүлделі орын тұғырынан көрініп, аудан намысын қорғаған спортшыларға сәттілік серік болсын, – дейді бапкер К.Қарашаев.

Ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесіне тамаша тарту жасаған мүмкіндігі шектеулі азаматтарға толағай жетістіктер мен жеңіс тілейміз.

Бибісара ЖАНӘЛІ
11 желтоқсан 2021 ж. 263 0