Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыс ардагерінің батасын алды

Соғыс ардагерінің батасын алды

Аудандық жастар ресурстық орталығы жанында «Әкелер мектебі» жұмыс істейді. Оның төрағасы – аудан, облысқа белгілі спорт ардагері, тоғыз құмалақтан ҚР чемпионы, өне­гелі отбасы иесі Мектепхан Елеусінов.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны іле­сің» дегендей, Мектепхан Елеусі­нов­тың төрт ұлы да елімізге белгілі спорт­шылар. Білімжан мен Біржан ҚР еңбегі сің­ген жаттықтырушылар болса, Хәкімжан то­ғыз­­құмалақтан үш дүркін әлем чемпионы. Кенже ұл Дос­жан орта мектепті «Алтын белгіге» бітіріп, жо­ғарғы оқу орнынан кейін шетелде «Бола­шақ» бағдарламасы бойынша білім алды. Бүгінде отбасымен бірге Дания мемлекетінде тұрып, мұнай саласында еңбек етеді.

«Әкелер мектебі» аудандық жастар ресурстық орталығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Аудан жас­тарымен түрлі тақырыптағы кездесулер өткізіп келеді. Оның барысында отбасындағы әкенің рөлі туралы танымдық іс-шаралар ұйымдастырады.Жастарда аға ұрпақтың көңілді демалысына қамқорлық жасайды. 1 қазан – қарттар күніне орай аудандық жастар ресурстық орталығының демеушілігімен кент ардагерлер арасында бильярдтан турнир өткізілді. Жеңімпаздарға сый-сия­паттар жасалды.

Ал ҚР Тұңғыш президент күні құр­ме­тіне аудандық жастар рес­урс­тық орталығының директоры Ғ.Оралов, «Әкелер мектебі» төрағасы М.Елеусінов ауданның ардақты ақса­қалы, Ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қарт Яхия Тасыровтың отбасына барып, ұлық мерекемен құттықтап, сый-сияпат тапсырды. Майдангер ардагердің батасын алды.

Алдағы уақытта «Әкелер мектебінің» бастауымен жастар арасында танымдық шаралар жалғасын таба бермек.

Шаһарбек Балтабайұлы
07 желтоқсан 2021 ж. 276 0