Қадағалаушы орган қызметкерлері құрмет төрінде
6 желтоқсан – Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні. Кәсіби мереке аясында аудан әкімі М.Ергешбаев аудандық прокуратура қызметкерлерін қабылдады. Кездесуге аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудан әкімінің орынбасарлары, сала мамандары қатысты.
Сырдария аудандық прокуратурасының қызметкерлерін кәсіби мерекемен аудан әкімі құттықтап, қадағалаушы орган жұмысына сәттілік тіледі.
– Прокуратура адам мен азаматтың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің тиімді қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі маңызды құқықтық институт бола отырып, мемлекеттік билік жүйесінде ерекше орын алады. Өздеріңізге белгілі, 1991 жылдың 6 желтоқсанында «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігін, тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осы күнтізбеде жаңа мереке – Прокуратура органдарының құрылған күні пайда болды. Қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау және тұтас мемлекеттің құқықтық саясатын жүзеге асыру жолындағы еңбектеріңіз өлшеусіз. Баршаңызды бүгінгі прокуратура саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Заңдылықты нығайту жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудан прокурының орынбасары Ержан Алтынбай, ҚР Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне қарасты Қызылорда облысы бойынша басқармасының Сырдария ауданы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңдылықты қадағалау жөніндегі статисті Керейтбай Нұрымов, Сырдария аудандық прокуратурасының прокурорлары Жаннұр Сиха, Дәуірбек Ұзақбаев, іс жүргізуші Жазира Аманова аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды. Бұл ретте, аудан прокуроры Асқар Кемалов кәсіби мерекеде құрмет көрсеткен аудан әкіміне ұжым атынан алғысын жеткізді.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ