ЖҰРТШЫЛЫҚ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕДІ
Акцияның басты мақсаты – тұрғындарға заң талаптарын, әлеуметтік кепілдіктерін кеңінен насихаттау, күрделі әлеуметтік мәселелерді шешу, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және оны іске асыру болып табылады.
«Заң керуені» акциясы аясында арнайы құрылған мобильді топ аудан аумағындағы ауылдық окуртерде халықпен кездесу ұйымдастырып, әлеуметтік нысандарды аралады.
Сонымен бірге, аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыс прокурорының орынбасарлары Т.Әлібаевтың, Н.Ермановтың, облыстық прокуратура басқарма басшыларының, аппарат басшысының және қызметкерлерінің, аудан прокурорының, құқық қорғау органдарының, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы өкілдерінің, кент және ауыл әкімдері, ардагерлер және Қоғамдық кеңес төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысумен мәжіліс өтті.
Мәжілісті аудан әкімі Ғ.Қазантаев ашып, жүргізіп отырды. Аудан басшысы Заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында қадағалаушы орган өкілдері тарапынан көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, алдағы уақытта да қылмыспен күрес жүргізу мақсатында кешенді жұмыстар іске асыралатынын атап өтті.
Өз кезегінде облыс прокурорының орынбасары Т.Әлібаев «Заң керуені» акциясы туралы кеңінен мағлұмат беріп, көтерілген мәселелерді шешуге облыстық прокуратура тарапынан нақты шаралар қабылданатынын жеткізді.
"ТТ-ақпарат