Заңдағы өзгерістер түсіндірілді
Сырдария аудандық сотының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жалпы ережелері» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді. Семинар-кеңеске Қызылорда облыстық сотының судьясы Е.Тұрбаев, аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, аудан прокурорының міндетін атқарушы Н.Қаратаев, Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Жүсіпов, аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Б.Қаппар, қаржы бөлімінің басшысы А.Есмағанбетова, құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган басшылары, ауылдық округ әкімдері, сала мамандары қатысты.
Аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов семинар-кеңесті ашып, жүргізіп отырды. Өз кезегінде арнайы заңнамаларға өзгерістер енгізілгені жөнінде айтты. Ал Қызылорда облыстық сотының судьясы Е.Тұрбаев Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің жалпы ережелері жайы жиналғандарға кеңінен мағлұмат берді.
– Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің мақсаты – азаматтардың басқарушылық шешімдер қабылдауға белсенді қатысуына, жоғары тұрған органдар мен сотта билік органдарымен арадағы дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау үшін тиімді тетіктер әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл заң мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, оларды жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Әкімшілік рәсімдердің міндеттері жеке және заңды тұлғалардың жария құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін толық іске асыруды көздейді. Жария-құқықтық қатынастарда жеке және қоғамдық мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу, тиімді және бүкпесіз мемлекеттік басқаруды, оның ішінде, адамдардың басқару шешімдерін қабылдауға қатысуы арқылы қамтамасыз ету, осы саладағы заңдылықты нығайту болып табылады.
Сонымен қатар, елдігіміздің беріктігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде бүгінгі соттар кешегі өткен билердің ісін жалғастырып келеді. Ел ішінде туындаған дауларды шешуде, оны мән-мағынасы бойынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімге қол жеткізу жолдарын «Медиация» институты арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтырмай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр. «Медиация» Заңы даудағы кінәлі тарапты анықтау емес, қайта дауласқандарды ымыраға шақырып, татуластыру, екі тарапты қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу болып табылады, – дедіЕ.Тұрбаев.
Жиын соңында аталған әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте көрсетілген талаптарды көпшілік өзара талқылады. Заң аясында шешілуі тиіс дау-дамайлар жөнінде пікір алмасты және сұрақтарға жауап берілді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ