Ерекше жандарға ерекше назар
«Сырдария – Ақпарат 2050» қоғамдық бірлестігі аудан көлемінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл жолғы іс-шара карантин талаптары сақтала отырып, Шаған ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен өткізілді.
№12 Сырдария ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен іс-шараны ауыл әкімінің міндетін атқарушы М.Ерекенова ашып, қатысушыларды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.
– Енді санаулы күннен кейін Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесін атап өтеміз. Бұл – тарихи белес әрі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі. Тәуелсіздік жылдарында Шаған ауылында көптеген нәтижелі жұмыстар атқарылды. Жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Елді мекенде халықтың осал топтарын қолдау және әлеуметтік саладағы басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында да тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі спорттық іс-шараның басты мақсаты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың бос уақытын тиімді пайдалану, олармен пікірлесіп, қоғамдық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету болып табылады. Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын және бүгінгі іс-шарада жеңімпаз атануларыңызға тілектеспін, – деді Мейірім Ахатқызы.
Спорттық іс-шарада қатысушылар тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат, қол күресі секілді ойын түрінен сынға түсті. Жеңімпаздарды анықтауға ауылдағы спорт мектебінің жаттықтырушылары, ауылдық округі әкімдігінің әлеуметтік қызметкерлері ерекше атсалысты. Қатысушылар тоғызқұмалақ ойынында есепке жүйрік әрі шапшаң екендіктерін танытты. Ал шахматта ойланып қадам жасауға, алдын ала жоспарлауға бейім болып ойын көрігін қыздырса, қол күресі сайысында білек күштерін сынады. Жалпы, іс-шара қатысушылардың дене қимылын ширатып, жеңімпаз атануға деген құлшыныстарын арттырып, жоғары деңгейде қорытындыланды.
Жарыс соңында ауыл әкімінің міндетін атқарушы М.Ерекенова қатысушыларға «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, спорттық іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен №12 Сырдария ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Д.Рахманбердиев, әдіскері М.Тәженов, ауыл әкімдігінің әлеуметтік қызметкерлері Г.Мырзатаева, Г.Тоқсанбаева, А.Қазанбаева, Н.Шымановаларға алғысын білдірді.
Гүлсім ӘЛЖАНОВА