Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастарға "Өрлеу" сыйлығы табысталды

Жастарға "Өрлеу" сыйлығы табысталды

«Келешек. Мақсат. Жеңіс». Бұл – кешегі аудандық жастар форумының негізгі тақырыбы. Иә, аудан жастары кент мәдениет үйінде дәстүрлі ХІІІ жастар форумында бас қосты. Ауданға қарас­ты 13 елді мекен мен Тереңөзек кентінің жастары жиналған форумға аудан әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш, дербес бөлім басшылары, сала мамандары, жас кәсіпкерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Сырдария ауданының жастары жылды қорытындылап, форум аясында атқарылған жұмыстарды саралады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейлі мерекесі аясында ұйымдастырылған «Келешек. Мақсат. Жеңіс» атты дәстүрлі ХІІІ форумын аудан әкімі Мұрат Ергешбаев ашып, жастарға байланысты бірнеше мәселе көтерді.
– Жігерлі жастардың бойында отансүйгіштік, елжандылық, патриоттық сезім басым болғаны абзал. Ел болашағы – жас­тардың қолында. Қазақ елін өркендетуге үлес қосып келе жатқан жастардың белсенділігі жоғары. Әрбір жас алдағы күнді жоспарлап, алдына мақсат қойғаны дұрыс. Өзі ойлаған арманды жүзеге асырып, өмірлік ұстанымдарын қалыптастырса игі. Әлемдік дең­гейде танылып жүрген жастарымыз баршылық. Ұл­тымыз олармен мақтанады. Қай кезде де жалынды жастарды қолдап, жанашырлық танытып келеміз. Нарықтық заманда тынбай іздену арқылы оларды зор табысқа жетелеу – міндет. Қазіргі уақытта білімділер көш басында тұрады. Сондықтан әрбір жас кітап оқуды күнделікті дағдыға айналдыру керек. Кітап – адамның ақылшысы. Сондықтан жастарға айтарым қай кезде де білімнен қол үзбеу қажет. Ал алдына мақсат қойып, кәсіпкерлікке бет бұрған жастардың болашағы жарқын болатыны анық. Ауданда өз кәсібін дөңгелетіп отырған жастарға бар мүмкіндік жасалып келеді. Сол арқылы біз мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тың жоба­ларға инвестиция тартуымыз керек. Сонымен бірге, жас­тардың кез келген мәселесін шешіп, оларды қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз. Әсіресе, NEЕT санатындағы жастарды қоғам өміріне бейімдеу күн тәртібінен түспейді, – деді аудан басшысы.
Өз кезегінде облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаш сөз алып, сырдариялық жастардың серпінді жұмыстарын атап өтті.
– Соңғы бір айда Сырдария ауданына екінші рет келіп отырмыз. Дәстүрлі форум аясында аудан жастарымен кездескенімізге қуаныштымыз. Біз бұған дейін облыс көлемінде NEЕT санатындағы жастармен жұмысты үйлестіру мақсатында кездескен едік. Алда­ғы уақытта арнайы карта жасақталып, әрбір түйткілді мәселе­лердің тізбегі шығарылады. Бір қуанарлығы, Сырдария ауданына қарасты елді мекендерде жастар ісі жөніндегі мамандармен толықтай қамтылған. Бұл ауылдың жастар санатына кіретін тұрғындарының қиындықтары, өзекті ұсыныстары, талап-тілектері сала мамандарының назарында деген сөз. Бұл ретте, аудан жас­тарын шығармашылыққа бейімдеу, кәсіппен айна­лысуға жағдай жасау алдыңғы орында тұрады деп сенеміз, – деді облыстық жас­тар ресурстық орталығының директоры.
Аудандық форум барысында белсенді жастар өз ұсыныстарын аудан басшысына жеткізді. Білім, спорт, тазалық, жер және тағы да басқа өзекті дүниелерге аудан әкімі Мұрат Нәлхожаұлы жауап берді. Тиісті сала басшыларына ұсыныс-тілектердің орындалуына жауапкершілікпен қарау керектігін жеткізді.
Жыл бойына зор жетістікке жете білген аудан жастары аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығымен марапатталды. «Жас журналист» номинациясы бойынша Ақтөре Ибрагимұлы марапатталды. А.Ибрагимұлы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сыр үміті» жастар сыйлығының, Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері екенін айта кеткеніміз жөн. «Жас диқан» номинациясына Мейірбек Сейдікәрімов ие болды. Ол – «Бейбарыс» шаруа қожалығының күрішшісі. 2021 жылы 78 гектар жерге «Лидер» дақылын егіп, 5616 центнер өнім алды. Ал «Жастар ұйымы жетекшісі» номинациясына Бексұлтан Серікбаев қол жеткізді. Жалынды жас – Аманкелді ауыл­дық округі әкімдігі жанынан құрылған «Жалын» еріктілер штабының төрағасы. Спорттық, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Бұл жолы «Жас дәрігер» номинациясы Үмбігүлсім Жаңақұловаға бұйырды. Ақ халатты абзал жан – Сырдария аудан­дық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері. Халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету, науқастарға уақытылы ем-дом жасау, профилактикалық түсіндірме жұмыстарын белсенді атқаруға зор үлес қосуда. «Жас мұғалім» номинациясы бойынша Ақерке Ыбраева марапатталды. Жас ұстаз – Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. «Ағылшын тілі пәнінің үздік педагогі – 2021» атты республикалық байқаудың І дәрежелі дипломы және төсбелгі иегері. «Жас мем­лекеттік қызметші» номинация­сын Ережеп Есенгелді иеленді. Айдарлы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы елді мекендегі кәсіпкерліктің дамуына, әлеуметтік жағдайдың жақса­руына, жұмыссыздықтың төмендеуіне аянбай еңбек етуде. «Жас әнші» номинациясы Құралай Мейрамбектің еншісінде. Жас әнші – рес­публикалық, халықаралық ән байқауларының жеңім­пазы. «Qazaqstan» ұлттық арнасындағы «Қазақстан дауысы» жоба­сының қа­тысушысы. «Жас спортшы» номинациясы бойынша Диас Әлжанов марапат төрінен көрінді. Жас спортшы – Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері. Көгал­дағы хоккейден Қазақстан Республикасының спорт шебері. «Жас кәсіпкер» номинациясын Абай Тоқтаров алды. Ол жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы аясында ауылдың дамуына үлес қосқан жас кәсіпкер. «Ынта» (мүмкіндігі шектеулі) номинациясы бойынша Жанболат Әлсейітов марапатталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында аудандық, облыстық қол күресі, гір көтеру жарыстарының жеңімпазы. Жастар сыйлығын алған жастарға арнайы диплом мен қаржылай сертификат табысталды. Сонымен бірге, ауданның белсенді жастары облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Асқар Құрмаштың «Алғыс хатына» ие болды.
Форум соңында аудан өнерпаздары өнер көрсетті. Ал аудан­дық кітапхана қызметкерлері «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» ме­рей­­лі мерекесі аясында ұйымдастырылған кітап көрмесін жи­нал­­ғандарға таныстырды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
20 қараша 2021 ж. 240 0