Жілік шаққан 8 жасар бала көпшілікті таңғалдырды
Наурыз мерекесі биыл Павлодар өңірі тұрғындарын ұлттық ойындардың ерекше түрлерімен таңқалдырды, деп хабарлайды Хабар 24.
Ұйымдастырушылар «Қошқар көтеру», «Тымақ лақтыру» және «Жілік сындыру» жарыстарын өткізіп, көпшіліктің назарын аударды. Қазақта жілік сындыру той-томалақтарда, қыстан қалған сүрден дәм татқызатын сыбағада, жалпы халық көп жиналатын жерлерде ойнатылады. Наурыз мерекесінде жас талғамайтын ойын түрлеріне қатысып, бақ сынағандарды 8 жасар ойыншының ептілігі тәнті етті. Қарулы жігіттердің шамасы келмей жатқан жілікті Рытпек Тоқанов бір ұрғаннан қақ бөлді.
«Мен бокспен, каратэмен айналысамын. Жілік сындыруды әкемнен үйрендім. Жілікті бірінші соққыдан сындырдым», -дейді жарыс жеңімпазы Рытпек Тоқанов.
Тағы бір жарыс жеңімпазы Керкен Жұмановтың айтуынша, бұл күшпен алынбайды. Қазақта тықылын тауып алу керек деп жатады. «Тықылын тауып алып, сосын соғу керек. Екі рет соқтым, үшіншісінде бұзып жібердім».
Пікір 1