«Көшбасшы бол-2»: Белсенді жастар бас қосты

Еркін форматта жүзеге асқан іс-шараның алғашқы күнінде көшбасшы жастар дөңгелек үстел барысында бас қосты. Бір-бірімен жақын танысып, үш топқа бөлінді. «Танысу тренингі» мен «Кім жылдам» ойындарында топ мүшелері өзара бақ сынады.
Өз кезегінде жиналғандармен «Қылмыс және қылмыстық жауапкершілік және түнгі рейд» тақырыбында аудандық полиция бөлімінің маманы, полиция капитаны Айгүл Нұрымбетова кездесті. Кездесуде сала мамандарымен жасөспірімдердің тәрбиесі мен қылмысты болдырмау мәселесі қаралды. Ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізген тәртіп сақшысы арнайы тақырыптық бейнероликтер ұсынды.
– Аудан бойынша 17 мектепте оқитын жасөспірімдердің тәртібіне ата-аналар, ұстаздар, құқық қорғау органдарының мамандары жауапты. Жастар арасындағы қылмысты болдырмау мақсатында тиісті іс-шаралар атқарылуы қажет. Қазіргі таңда ұрлық жасау, бұзақылықпен айналысу секілді қылмыстар жеткілікті. Ата-ана бақылауынан тыс қисынсыз әрекеттерге баратын балалар есепке алынады. Жыл көлемінде олардың жүріс-тұрысын жіті қадағалаймыз. Түнгі мезгілде рейд жүргізу арқылы ұстаздар қауымымен бірлесіп, жекелеген бұзақылықтардың алдын аламыз. Ең алдымен, баланың әке-шешесі мұқият ойлануы керек. Беймізгіл уақытта жасөспірімдер көшеге шықпағаны абзал. Себебі, өзінен үлкендерге еліктеп, түрлі қылмысқа баруы мүмкін, – деді А.Нұрымбетова.

– Ең алдымен, «Көшбасшы бол-2» интенсивті курсы аясында кездесуге шақырған ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Бала кезімізден ән айтып, түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік туды. Аудан көлемінде мәдени-көпшілік іс-шараларда ән айтып, көпшілікке таныла білдік. Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп, ән өнеріне баулып жүрміз. Келіншегім Айша екеуміз де ел алдында дуэт ретінде ән шырқаймыз. Көбіне лирикалық әндер жанымызға жақын, – дейді Ербол Бекжүнісов.
Болашақ мамандығын би өнерімен байланыстырған Бақытжан Беккулиев қызметі жайында жиналғандармен ой бөлісті.
– Ауылдан шыққан қарапайым жігіт алғашқыда би өнерінен ешқандай хабары жоқ болатын. Ата-анам жоғарғы оқу орынына алып келгенде біз қалаған мамандыққа түсу үшін өтініш қабылдау аяқталып қалған еді. Осындай сәтсіздік орын алғанына қапаланып тұрғанымызда алдымыздан хореогра́фия мамандығынан беретін ұстаз жолығып, тосыннан би өнерімен айналысуға шақырды. Осыдан кейін кәсіби тұрғыдан биді меңгеріп, хореогра́фия саласына қызығушылық оянды. Оқуды бітіргеннен кейін Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істедім. Кейіннен туған жерге келіп, қызмет ету бақыты бұйырды, – дейді Бақытжан Беккулиев.
Екінші күн. Белсенді жастар семинар-тренинг барысында көшбасшы болудың негізгі қағидаттарын талқылады. Аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Сәуле Сыздықова ойды дамыту, алға мақсат қоя білу, жастардың өмірге көзқарасын өзгерту, кез келген дүниеге қызығушылығын ояту мәселелері жөнінде жиналғандарға кеңінен ақпарат берді. Қарым-қабілетті жүзеге асыру үшін күнделікті орындауға тиіс дағдыларды жастар тізбектеп шықты. Алдағы үш жылда өзінің тұлға ретінде қалыптасуына болжам жасады. Адам бойындағы енжарлық пен жалқаулықты жеңуге қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Көпшілік алдына шығып сөйлей білу тетігін меңгерді.

– Біз ең алғаш аудандық жастар ресурстық орталығының кәсіпкерлерге арнап ұйымдастырған жобасы аясында таныстық. Енді кәсібін бастап жатқан кісілерге жетекші ретінде бағыт-бағдар бердік. Осылайша, әлеуметтік желі арқылы таныстығымыз бекіп, екі жыл көлемінде қыз бен жігіт болып жүрдік. Биыл Алланың қалауымен отбасын құрып, үлкен өмірге қадам бастық. Екеуміздің де мамандықтарымыз мүлдем басқа. Бірақ, кәсіпкерлік бағытында табыс тауып, өз бизнесімізді дамытудамыз. Алдағы уақытта аудан тұрғындарына сапалы, үйлесімді жұмысымызды ұсынамыз, – дейді жарасымды жұп.

Балтабай ОРДАБЕКОВ