Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада 2 мыңнан астам әлеуметтік сала маманы халыққа қызмет етеді

Қызылордада 2 мыңнан астам әлеуметтік сала маманы халыққа қызмет етеді

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік сала қызметкерлері мерекесі аясында ардагерлермен, сала мамандарымен кездесіп, әлеуметтік қорғау жүйесіндегі қол жеткізген табыстарды тілге тиек етті.

Жиынға ұзақ жылдар әлеуметтік салаға еңбек еткен ардагерлер, облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев қатысты.

Аймақ басшысы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен және кәсіби мерекелерімен құттықтап, егемендік кезеңнен бері азаматтарды әлеуметтік қорғаудың алғышарттары жасалып, көпсалалық, бірнеше әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты дамуына қосқан үлесін атап өтті.

Сонау тоқсаныншы жылдары зейнетақы төлемдеріне енгізілген өзгерістер, әлеуметтік көмек көрсету реформаларының әр түрлі кезеңдері, соның ішінде дүние жүзінде орын алған пандемия кезінде де жұмысы тоқтамаған саланың бірі – әлеуметтік қорғау жүйесі. 24 сағат кезекшілікпен жұмыс атқарып, халыққа барынша қолдау көрсеткен, азаматтарды қабылдауды бір мезетке де тоқтатпаған – осы әлеуметтік сала. Алғашқылардың бірі болып мүгедектігі бар адамдардың, жеке көмекшілердің, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың вакцина алуы үшін жан-жақты түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, індеттің алдын алуға үлес қосуда. Бүгінгі күні әлеуметтік салада 2 мыңнан астам адам еңбек етуде. Демек, әлеуметтік қызметкерлер жұмысының нәтижесі қоғамда адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсерін тигізіп отыр.

Аймақ тұрғындарының жұмыспен, әлеуметтік көмектермен, мемлекет тарапынан көрсетілетін жәрдемақылармен қамтылуы, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасының өз деңгейінде болуы – Мемлекет басшысының алға қойып отырған міндеттерінің бірі. Әрбір жасаған еңбек – халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің дамуына, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсетуге бағытталған, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында әлеуметтік сала ардагерлері Қорғанбек Қайруллаев, Геннадий Максин, Күлзия Дүзелбаева әріптестерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді және қиын кезеңдердегі еңбек жолдары туралы естеліктерімен бөлісті.

Сондай-ақ, бірқатар сала қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Кездесу соңында жергілікті өнер қайраткерлері сала ардагерлеріне құрметі ретінде әннен шашу шашып, ілтипатын білдірді.
29 қазан 2021 ж. 306 0