Кәсіпорындар мен мекемелерде орын алатын жазатайым оқиғалар 38%-ға азайған
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов пен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақованың есебін тыңдап, өткен жылы еңбек саласында атқарылған жұмыстарды саралады. Кездесуде облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысы Төреахмет Жолымбетов өткен жылы аймақта әлеуметтік-еңбек даулары орын алған жоқ дейді. Басқарма қызметкерлері кәсіпорындар мен мекемелерге 134 тексеру жүргізіп, 188 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде заң бұзған жұмыс берушілерге 30 әкімшілік шара көріліп, 3 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
Өткен жылы кәсіпорындар мен мекемелерде орын алатын жазатайым оқиғалар 38%-ға, осы жағдайлардан қаза болу дерегі 39%-ға азайған.
Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова 2020 жылы жұмыстан қысқартылған азаматтарды қайта жұмыспен қамту мәселелері жайлы баяндады. Өткен жылы 38 кәсіпорында 309 адам қысқартылса, 89 адам өзге жұмысқа орналастырылған. Жұмысынан айрылуына байланыста 64 адамға төлемақы тағайындалып, 3 адам өз кәсіптерін ашу мақсатында несие алған.
Жұмыс орындарын сақтап қалу және әлеуметтік шиеленістердің алдын алу мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 3208 кәсіпорынмен ынтымақтастық турала меморандум жасасқан.
Жиын соңында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова басқарма басшыларына жұмыскерлердің жағдайын жіті қадағалауды қажеттігін жеткізді. Кәсіпорындардағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу бағытында бірқатар тапсырмалар берді.
- Өңірдегі кей кәсіпорындардың, әсіресе, шетелдік компаниялардың жұмыскерлері өз басшыларымен жиі жүздеспейді. Нәтижесінде қызметкерлер өздерінің мәселелерін тікелей басшыларына жеткізе алмай, әлеуметтік шиеленістер орын алып жатады. Сондықтан сіздер кәсіпорын басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың жұмысшылармен кездесіп тұруына ықпал етіңіздер, - деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.