Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Абыройлы қызметке – лайықты құрмет

Абыройлы қызметке – лайықты құрмет

Ауданның қоғамдық-саяси ахуалының тұрақты болуы ішкі саясат бөлімінің жұмысымен тығыз байланысты. Сол арқылы ауданның әлеуеті де артатыны сөзсіз. Қиын да күрделі саланы басқару оңай емес. Ал аудандық ішкі саясат бөлімін үздіксіз он жыл басқарып келген Алимаш Мырзахметова саланың қыр-сырына қаныққан идеолог екені айқын. Кеше аудан әкімі М.Ергешбаевтың төрағалығымен мемлекеттік қызметте абыройлы болған бөлім басшысын құрметті зейнет демалысына шығарып салу жиыны өтті. Оған аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы М.Қазбекова, аудан актив мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан басшысы өңірдің әлеуметтік, қоғамдық-саяси дамуына өзіндік үлес қосып, мерейлі жасқа толған Алимаш Залқызының өміржолына тоқталып, құттықтауын жеткізді.

Алимаш Залқызы білім және мемлекеттік қызмет салаларында жемісті еңбек етіп, ауданның дамуына өз үлесін қосып келеді. Алғашқы еңбек жолын 1985 жылы балабақша тәрбиешісі ретінде бастаған. Әр жылдары Жаңақорған және Сырдария аудандарының білім саласында табысты еңбек етті. Жоғары санатты мұғалім ретінде білім саласындағы жемісті еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет» грамотасымен және Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған. 2006 жылдан бастап мемлекеттік қызмет саласында қызмет етіп, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және бүгінгі күнге дейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарып келді. Өздеріңізге белгілі, ауданның ішкі саясат саласы – ауқымды сала. А.Мырзахметова ауданның қоғамдық-саяси ахуалы, дін, жастар саясаты салаларындағы күрделі мәселелердің оңтайлы шешімін табуына ықпал жасап, ауданндың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Сізге шынайы алғысымды білдіремін, – деген аудан әкімі Алимаш Залқызына ауданның „Құрмет грамотасын“ табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы М.Қазбекова сөз сөйлеп, күрделі саланы басқарып, ауданның қоғамдық-саяси ахуалының тұрақты болуына үлес қосқан, азаматтық қоғамның дамуына өзіндік қолтаңбасы бар сала майталманына әркез құрмет зор екенін атап, облыс әкімінің орынбасары мен басқарманың „Алғыс хатын“ табыс етті. Мұнан соң „Қазақстан-Қызылорда“ облыстық телеарнасының директоры Ж.Қарабала А.Мырзахметованың ауданның тынысын ақпараттандырудағы еңбегін атап, телеарнаның „Құттықтауын“ тапсырды.

Сондай-ақ, өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, "Сырдария ауданының әйелдері" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева мемлекеттік қызметші ретінде абыройлы қызмет еткен жан кейінгілерге үлгі-өнеге екенін, ауданның нағыз жанашыры екенін, алдағы уақытта қоғамдық істердің басы-қасынан көргілері келетінін тілге тиек етті. Оған қоса, „Сыр дидары“ газетінің бас редакторы С.Алдашбаев та жүрекжарды лебізін білдіріп, сый-құрмет жасады. Жиын барысында құрметті зейнетке шыққан Алимаш Залқызына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы департаменті басшысының „Алғыс хаты“ табыс етілді.

Осындай зор құрметтен кейін А.Мырзахметова аудан әкіміне және әріптестеріне алғысын білдіріп, ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмыстарына сәттілік тіледі.

Е.БЕРКІНБАЕВ

25 қазан 2021 ж. 336 0