Тәжік-ауған соғысының ардагерлері марапатталды
Биыл ҚР Қарулы күштері әскерінің Тәжікстан-Ауғанстан шекарасынан шығарылғанына 20 жыл толды. Айтулы жылға орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу жиыны өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Елеусінов, «Ардагерлер одағының «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы, Тәжік-Ауған соғысы ардагері Әлімбетов Жандос Амангелдіұлы, облыстық ішкі саясат басқармасының «Азаматтық қоғам институттарымен жұмыс» бөлімінің басшысы А.Мукеевжәне Тәжік-Ауған соғысына қатысқан жауангерлер қатысты.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Т.Нұртазаев маңызды күн туралы айтып, жауынгерлерді айтулы күнмен құттықтады:
– 1995 жылдың 7 сәуірі халқымыздың тарихында ерекше атаулы күндерінің бірі болды. Ел үшін кеудені оққа керген қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында айбынды ерліктің не екенін нақты дәлелдеді. Қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсетті. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста бірнеше бауырымыз қаза болып, қаншама азаматтарымыз жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің мақсатымыз.
Кеудесін оққа тосып, өздерін бейбіт күннің құрбаны қылған жауынгерлердің ерен ерліктері қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталуы тиіс, – деді Талғат Мейрамханұлы.
Сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары ауданда аталған қақтығыстарға қатысқан азаматтарға жергілікті бюджет есебінен 30 айлық есептік көрсеткіш есебінде бір дүркін қаржылай көмек көрсетілгенін айтты. Бұл қаржыны алдағы уақытта 40 айлық есептік өкрсеткішке дейін ұлғайту жоспарланған.
Басқосуда аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Елеусінов, отты кезеңді бастан өткерген ардагер азамат, облыстық Тәжік-Ауған соғысына қатысқан ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Орынбайұлы, Тәжік-Ауған соғысының ардагері Ж.Әлімбетов сөз сөйледі.
Жиын соңында ауданның қоғамдық-саяси өмірінің өркендеуіне және өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге үлес қосып келе жатқан жауынгер азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты тапсырылды.
Бибісара ЖАНӘЛІ