Орталық көше жөнделуде
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Тереңөзек кентіндегі Аманкелді Иманов көшесі күрделі жөндеуден өткізілуде. «Қызылорда жолдары» ЖШС орталық көшені жөндеуді толықтай қазан айының соңында аяқтауды жоспарлап отыр.
Кент көркіне сән беретін көшенің сапалы әрі уақытылы аяқталу барысы жайында мердігер мекеменің өкілі Нұрбол Ибраев айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда А.Иманов көшесінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Жол құрылысына 55 жұмысшы тартылған. Оның 25-і жергілікті тұрғындар. Жалпы, құрылыс жұмыстары барысында көшенің екі қапталына жаяу жүргінші жол төселуде және бетоннан жасалған аяқ су жүретін арықтар, түрлі-түсті бордюрлар орнатылып жатыр.
Сонымен бірге, көше тұрғыны, еңбек ардагері Бақытжан Абдулпаттаев құрылыс жұмыстарына байланысты өз пікірін білдірді.
– Біз көшеміздің қайта жаңғыртылуына дән ризамыз. Бұрыннан осы көшеде тұрып келе жатқаннан кейін тыныс-тіршілігіне қанықпыз. Көктемде «Майжарма» арнасынан жіберілген аяқ су арықтардан толып, ернеуінен асып кететін. Осы жолы бетоннан құйылған арықтар жинақы орнатылған. Жаяу жүргінші жолы кең әрі сапалы салынған. Аз ғана уақыт ішінде аудан орталығында жұмыс жасап жатқан мердігер мекемеге көше тұрғындарының атынан алғысымды айтамын. Ауданымыз көркейіп-жайнай берсін, – дейді еңбек ардагері.
Балтабай ОРДАБЕКОВ