Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОЛ ҚАДІРІН ЖҮРГЕН БІЛЕР...

ЖОЛ ҚАДІРІН ЖҮРГЕН БІЛЕР...


Қазақта «Жол қадірін жүрген білер» – деген әдемі сөз бар. Шынында да үнемі жол үстінде жүретін жолаушылар, жүргізушілердің пайымынша сапалы жол - жүргізушіні де, көлікті де шаршатпайды. Ең алдымен көлік құралының техникалық жағдайының жақсы, ұзақ жүруіне әсер ететін бірден-бір фактор. Сондықтан жолдың үлкен болсын, кіші болсын - жөндеу жұмыстары барынша сапалы болғаны дұрыс.
Осы орайда ауданға қарасты жолдардың сапалы жөнделіп отыратынын ауыз толтырып айтуға әбден болады. Жыл сайын кент орталығындағы көшелер жөнделіп, абаттандырылып келеді. Көпірлер салынып, бұрыннан бары күрделі жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне берілуде. Жақында кент орталығындағы Жеңістің 50 жылдығы атындағы көше жөнделді. Көшенің жалпы ұзындығы 653 метр, ені 6 метр. Жолдың екі жиегі құм аралас таспен бекітіліген. Жол қауіпсіздігі ережелерін қамтамасыз ету мақсатында жолға тиісті белгілер де орнатылған.
Жол жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 23,8 млн. теңге қаржы бөлінген. Мердігер мекеме «Дорстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазіргі таңда көше толық жөнделіп болды. Бұған тұрғындар да ризашылықтарын білдіруде.
Редакциямызға арнайы келген осы көшенің байырғы тұрғыны Сәнімкүл Сүйеубаева апа айтады:
– Біз өркендеген, дамыған, өз алдына мемлекет болып қалыптасқан, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ұмтылған елдің азаматтарымыз. Біздің өмір сүру қағидаттарымыз, тұрмыстіршілігіміз, біліміміз, мәдениетіміз соған сай болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан өркениет көшіне ілескен елдің бір бөлшегі ретінде ауданның дамып, көркіне көрік қосылуын қуана құптаймыз. Күні кеше ғана 90 жылдығын атап өткен аудан орталығында құрылыс жұмыстары қарқын алуда. Оған өзіміз куә болып отырмыз. Алысқа бармай-ақ өзім тұратын Жеңістің 50 жылдығы көшесінде атқарылған жұмысты айтсам да жеткілікті. Аз уақытта көшеміз қалыпқа келіп, көліктің де, тұрғындардың да жүріптұруына қолайлы жағдай жасалды. Қазір көшеміз түп-түзу, сәнді көшелердің біріне айналып шыға келді. Сол үшін де атқарушы билік өкілдеріне алғысымыз шексіз.
Қалмахан ӘЛІШЕРОВ, кент тұрғыны, зейнеткер:
– Бұрын көшеміздің әсіресе, Жәкеев, Құндызбаев, Мұратбаев көшелерімен қиылысқан тұстарынан жүру өте қиын, қолайсыз болатын. Қазір бәрі керісінше. Аз уақытта жөнделіп, пайдалануға берілген көшеде көлікпен жүру жайлы, әрі қауіпсіз. Жақында үйімізге Алматыдан қонақтар келді. Поездан күтіп алып, көшені бір аралаттық. Сонда бір туысымыз тұрып, – көшеңіз түзу, жарық бар, су үйге кіріп тұр. Тереңөзектің Алматыдан несі кем, – дегенде шынында да көңіліміз көтеріліп қалды. Біз көп жерлерге, қалаларға, ауылдарға өзіміз де құдалық жолмен немесе ағайын туыстың жақсылықтарына, той-томалаққа, ас-құдайыға қатысып жүрміз. Тіпті, кейбір жерлерде су тапшы болып жатады, кей жерлерде жол жоқ. Осыған қарап, Тереңөзек кентінің, жалпы ауданның өзге өңірлерден көш ілгері дамып келе жатқанын пайымдауға болады. Сондықтан билік басындағы жұмысты ұйымдастырушыларға алғыс айту парызымыз деп есептейміз.


С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
17 қыркүйек 2018 ж. 1 889 0