Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетікөлде мешіт ашылды

Жетікөлде мешіт ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы ме­рей­лі мерекесі аясында аудан ор­та­лығынан шалғайда орналасқан Же­­ті­көл ауылында имандылық үйі – ме­­­шіт­тің ашылу салтанаты өткізілді. Іс-шараға облыстық мәс­лихат хатшысы Наурызбай Байқа­да­мов, Қазақстан мұ­сылмандары діни­ басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Болатбек Абуов, аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, ау­дан­дық орталық мешіттің бас имамы Асхат Асқаров, мешіт салуға қолдау көрсеткен жеке кәсіпкер Талғат Дәу­летов, ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшылары, ардагерлер мен қонақтар, БАҚ өкілдері қатысты.

«Дін – имандылық ұйытқысы, мешіт – жер бетіндегі Алла Тағаланың үйі». Барша мұ­сылманның жүрігіне имандылық нұрын шаш­қан мешіттің ашылу салтанатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Болатбек Абуов шәкірті Шыңғыс Сәдуовпен бірге әруақтарға арнап Құран бағыштады. Өз кезегінде облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жиналған жамағатты жаңадан бой көтерген мешіттің ашылуымен құттықтады.

– Бүгінгі таңда татулық пен дінаралық келісім ҚР Конституциясынан бастау алады. Бұл – келісім құқықтық саясат тұжырымдамасымен үнде­седі. Әрине, зайырлы мемлекетімізде діннің өзіндік орны бар. Заң бойынша дін мемлекеттен бөлінгенімен, адамнан бөлінген емес. Ол жасампаз құндылықтарымен танылып, тамыр жаюда. Өйткені, адамгершілік, өзара құрмет татулық, бірлік, адал еңбек, әділеттілік теңдік, ғылым мен білім секілді қастерлі құндылықтардың барлығы біздің дінімізге ортақ. «Дінді қадірлей алсақ қасиетіміз, қадірлей алмасақ қасіретіміз» болмақ. Ата-бабадан аманат болып келе жатқан дәстүрлердің бір парасы сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстаным болса, басым бөлігі асыл діннен пайда болған дағдылар. Асылында, белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін ортақ тілі мен діні, тарихы, салт-дәстүрі Отаны болуы тиіс. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды» деген тәмсіл бар. Ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан дініміз бен әдет-ғұрпымызды қадірлей, құрметтей білейік. Жаңадан салынған мешітте иманымызды ұялатып, рухани құндылықтарымызды үлестіріп, елдің берекесін арттыра берейік. Бұл ретте, мешітті ауыл халқына салып берген «Дәулет Азия» компаниясының құрылтайшысы Талғат Дәулетовке зор алғысымызды айтамыз, – деді облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов.

Салтанатты жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қызылорда облысы бойынша өкіл имамы Болатбек Абуов сөз алып, барша мұсылман қауымның сауапты істің басы-қасынан табылғанына алғысын жеткізді.

– Адамдардың ардақтысы, адамзаттың асыл тәжі болған сүйікті Пайғарамбарымыз – Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың дүниеге келген мәулет айында ашылған мешіт баршаңызға құтты болсын! Мешіттің ашылуына алыс-жақыннан бала-шағама, отбасыма шапағаты тисін деп жақсы ниетпен келген ағайынның дұға-тілектерін Алла Тағала қабыл етсін. Пайғамбарымыз хадис-шәріпінде: «Кімде кім өмірінде құстың ұясындай ғана мешіт салса, Алла Тағала оған жәннатта зәулім сарай тұрғызады» дейді. Талғат Дәулетов бастаған демеушілерімізге, тілекші жандарға Алла Тағала мол сауаптан жазсын дегеніміз келеді. Мешіт – адамды жақсалыққа, тазалыққа, ізгілікке бастайтын қасиетті орын, – деді Болатбек Абуов.

Тағылымды іс-шара барысында «Дәулет Азия» компаниясының құрылтайшысы Талғат Дәулетовке, Рамазан Тұрсынбайұлына, Нұрмахам­беттулла Ералы­ұлына, Еркін Сейіткамалұлына, Гүлнұр Нұржан­қызына арнайы «Алғыс хат» пен Құран кітап тапсырылды. Жиналған жамағат жаңа мешіттің лентасын қиды.

Айта кетейік, мешіт 150 орынға арналған. Алдағы уақытта жеке кәсіпкер мешіттің электр жарығы мен көмірін қамтамасыз етуді қолға алған. Алла үйінің ауласында жамағатты күтетін шатыр орналасқан.

– Өзім туып өскен ауылымда мешіт салу бақыты бұйырды. Кіндік қаным тамған туған жеріме қызмет ету – перзенттік парыз. Алла Тағаланың разылығы үшін, ел-халықтың игілігі үшін сауапты іске себепші болғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта ізгілік ордасынан иманды, білімді, рухани құндылыққа бай жастар шыға берсін, – деді Талғат Дәулетов.

Жиын соңында жамағатқа арналып, ас берілді. Сонымен бірге, салтанатты іс-шара көкпар ойынымен жалғасын тапты. Ал халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары Марат Сүгірбай мен Күнсұлу Түрікпен, Жетікөл ауылдық клубтың меңгерушісі Алмат Өтеуов көпшілікке арнап жырдан шашу шашты.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
19 қазан 2021 ж. 543 0