Жаңа мешіт салынды
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуымен қатар халықтың имани байлығын дамыту – ел азаматтарының міндеті. Бұл ретте, Алла үйі саналатын имандылық ордасының тұрғындарға септігі мол.
Осы уақытқа дейін Жетікөл ауылының тұрғындары ескі мешіттің игілігін көріп келді. Ауыл орталығында болғанымен, оның талаптарға сай еместігі белгілі еді. Осыны білетін ауыл тумасы, «Дәулет Азия» ЖШС-нің құрылтайшысы Талғат Дәулетов жаңа мешіттің бой көтеруіне ұйытқы болды. Ол өз қаражаты есебінен заманауи талапқа сай келетін жаңа имандылық үйін салдырып берді. Еңселі ғимарат ауылға сән беріп тұр.
Қазіргі карантиндік талаптарға байланысты жаңа мешіттің ашылуы ұйымдастырылмағанымен, ауыл тұрғындары құлшылықтарын жасауда. Жаңа мешітте ауыл имамы Руслан Қожахметов ел-халықты имандылыққа үндеп, қызмет көрсетуде.
Ауыл әкімі Ө.Тоқпамбетов кәсіпкер Т.Дәулетовтың ауыл тұрғындарына, оның ішінде тұрмысы төмен отбасыларға үнемі көмек көрсетіп отыратынын айтады. Сондай-ақ мешіттің электр жарығы, суы, көмірінің қаржысын да кәсіпкер қамтамасыз еткен.Аға ұрпақтың игі ісін жас ұрпақ жалғастыруда. Ауылға жаңа мешіт салынған соң ауыл жастары ұйымшылдық танытып, игілікке ұйысқан. Жаңа мешіттің алдына ас-құдайы өткізуге арнайы өре (навес) салуды жастар жүзеге асырды. Мұның өзі жетікөлдік жастардың ұйымшыл, ауызбірлігі жоғары екенін білдіреді.
Е.БЕРКІНБАЕВ