Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » 2017 жыл: ауқымды жұмыстар атқарылды

2017 жыл: ауқымды жұмыстар атқарылды

Тәуелсіздіктің жиырма алтыншы жылында Сырдария ауданында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туын­даған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бағытында ауқым­ды жұмыстар атқарылды. Тереңөзек кентінде аудан тарихынан сыр шертетін «Еңбек Даңқы» музейі мен «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы ашылды. Мұнан бөлек, инвес­тиция тарту, тұрғын үй құрылыстарын жүргізу, жол жөндеу, ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында ілкімді істер жүзеге асты. «Тәуелсіздік шежіресі» айдары бойынша жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасайтын боламыз.
2017 жылдың қаңтар айында ҚР Тұңғыш Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы мен билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу жөніндегі Үндеуі жарияланды. Тәуелсіз еліміз үшін аса маңызды мәлімдемелер бойынша ауданда тиісті ұйымдастыру, түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстары жүргізілді. Сол кездегі аудан әкімі Ғ.Қазантаев қаңтар айының соңында ауданның зиялы қауым өкілдерімен, ардагерлермен, депутаттармен, үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен кездесіп, саяси жүйені жаңғыртудың алғы шарттары мен басым бағыттары жөнінде пікірлесті. Ал ақпан айының алғашқы күнінде аудан басшысының халыққа есеп беру жиналысы ұйымдастырылып, есепті басқосуға облыс әкімі қатысты. Жиында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланып, аймақ басшысы Сырдария ауданының дамуына оң бағасын берді. Ақпан айында ауданға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары М.Айсина, Н.Жұмаділдаева, А.Смағұлов, М.Махамбетов, А.Ералиев жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары аудандық мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, Парламентте қабылданған заңдар мен жаңалықтар жөнінде мұғлұмат берді. Мұнан бөлек, барлық ауылдық округте республикалық, облыстық, аудандық ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің кездесулері ұйымдастырылды. Жылдың алғашқы тоқсаны Елбасы Жолдауы мен Үндеуінен және конституциялық реформалардан, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындаған мақсат-міндеттерді саралау, жұмыс жос­парларын құру, кешенді іс-шаралар бағдарламасын қабылдау бағытында өтті.
Сәуір айында ауданда су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Аудан әкімінің тапсырмасымен табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою мен елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мақсатында шұғыл штаб отырыстары өткізіліп, тәуліктік кезекшіліктер ұйымдастырылды. Қорғаныс бөгеттерін нығайтуға 360 адам мен 17 техника жұмылдырылып, нақты жұмыстар атқарылды.
Мамыр айында Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесі сән-салтанатымен аталып өтілді. Сол жылы ауданда көзі тірі үш соғыс ардагері болған. Қазір оның біреуі, яғни Яхия Тасыров арамызда жүр. Жыл көлемінде аудан әкімдігі тарапынан майдангерлерге жан-жақты қолдау мен құрмет көрсетілгенін де атап өтуіміз қажет. Мұнан бөлек, мамыр айында қызмет бабында қаза тапқан бейбіт күннің батыры Т.Қозыбаевтың есімі өзі оқыған №131 орта мектепке берілді. Осыған орай арнайы іс-шара ұйымдастырылып, жұртшылық батырдың рухына тағзым етті.
«ЕХРО-2017» көрмесінің ұйымдастырылуы және оған төрт мыңнан аса сырдариялықтың қатысуы жылдың бас­ты оқиғаларының бірі болды. Аудандық газетте арнайы айдар ашылып, халықаралық көрме жаңалықтары тұрақты түрде ақпараттандырылды. Зейнеткерлердің, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың көрмеге барып-қайтуы үшін жергілікті бюджеттен 9,2 млн теңге бөлінді. Мұнан бөлек ардагерлер мен аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан оқушылардың көрмені тамашалауына жергілікті кәсіпкерлер көмек көрсетті. Бұл игі іс аудан халқының ауызбіршілігін айғақтай түсті. Демеушілікпен жүзеге асқан игілікті істер қатарында Ақжарма ауылындағы почта ғимаратының жаңартылғанын айтуға болады. Нысанның жөнделуіне ауыл кәсіпкері Қ.Нұрсейітов қаржылай қолдау көрсеткен.
2017 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталар болсақ, қаңтар-маусым айында аудан экономикасына 8,2 млрд.теңге инвес­тиция тартылған. Ауылшаруашылық құрылымдары 32327 гектарға ауылшаруашылық дақылдарын орналастырса, оның 20671 гектарына күріш егілген. Бірінші жартыжылдықта ауданның өнеркәсіп орындары қолданыстағы бағамен 478,0 млн теңгенің өнімін өндірген. 38 ауылшаруашылығы өндірістік ко­оператив құрылған. Бұл туралы аудан әкімінің аудандық газетте жарияланған баяндамасынан аңғаруға болады.
Жылдың үшінші тоқсанында ауданда «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаев, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қазбай Құдайбергенов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары Тұрар Әбуов қатысты. Алқалы басқосуда аудан басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
2017 жылы «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан әкімдігінің бастамасымен және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ауданда бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жергілікті бюджет есебінен Тереңөзек кенті орталығындағы саябақта орналасқан ескі мешіт ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Еңбек даңқы залы» ретінде ашылды. Сонымен бірге, «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылып, аудан ажары айшықтала түсті. Облыс әкімінің қатысумен салтанатты түрде ашылған әлеуметтік нысандар қазіргі таңда аудан тұрғындары мен қонақтары үшін игілікті жұмыс жасауда. «Еңбек даңқы» музейі 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер топтастырылса, екінші бөлім Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін қамтиды. Ал, үшінші бөлімде ауданда жемісті қызмет атқарған үздік қызметкерлер мен ардагерлер, спорт, өнер жұлдыздары туралы мәліметтер жинақталған. Бір сөзбен айтқанда, «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ашылған жаңа музей – аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық. «Сырдария ауданының Құрметті азаматтарының» аллеясынының тақтасына саналы ғұмырларын ауданның дамуына арнап, өңірдің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан, ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған қайраткерлердің есімі жазылып, «Сырдария ауданының құрметті азаматы төсбелгісінің» белгісі қойылған. Бұл аллея – аға буынға деген құрметтің жарқын көрінісі.
Жыл көлемінде пайдалануға берілген нысандар қатарына республиканың үздік ауылы Н.Ілиясовтағы ауыл әкімдігінің жаңа ғимаратын айтуға болады. Ғимарат бюджеттен қаржы бөліну және «Абзал және К», «Мағжан және К» серіктестіктерінің қолдауымен бой көтерді. Жаңа нысанның ашылуында ауыл ақсақалы Керейтбай Мамытов көпшілікке бата беріп, әкімдік қызметкерлерінің жұмысына жеміс тіледі. Осы жылы Мемлекет басшысының қатысуымен республикалық «Алтын сапа» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімі өтті. «Абзал және К» ТС-нің төрағасы М.Ералиев Елбасының қолынан республикалық «Алтын сапа» сыйлығының «Азық-түлік ауылшаруашылық өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясын иеленді.
«Nur Otan» партиясының ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі республикалық байқауының аймақтық кезеңі ұйымдастырылды. Оған облыстағы аумақтық филиалдардың қоғамдық қабылдау бөлмелері қатысып, үздіктер анықталды. Аумақтық филиалдар арасындағы байқау жеңімпаздарын анықтау үшін аймақтық деңгейде конкурстық комиссия құрылып, комиссия шешімімен «Nur Otan» партиясының ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесі» республикалық байқауының аймақтық кезеңінде үздік көрсеткішке жеткен Сырдария аудандық партия филиалы жүлделі І орынды жеңіп алды. Конкурс тәртібі бойынша аудандық партия филиалы ұсынған презентациялық материалдар және мобильді стенд жоғары бағаға ие болды. Сонымен қатар, өтініштердің оң шешім үлесі мен БАҚ-та жарияланған мақалалар саны мен сапасы жақсы нәтиже көрсетті.
Тауық жылындағы жақсы жаңалықтардың бірі Тереңөзек кентінде 10 тұрғын үйдің пайдалануға берілуі еді. Айтулы шараға облыс әкімі қатысып, сырдариялықтардың қоныс тойына тілектестігін білдірді. Ауданға жасаған іссапары аясында аймақ басшысы аудан активімен кездесіп, пікірлесті. Осылайша аудан халқы жылды қуанышты жаңалықтармен табыс­ты қорытындылады. Айта кету керек, 2017 жылы ауданда 813 нәресте дүниеге келсе, 187 жас отбасы шаңырақ көтерді.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

25 қыркүйек 2021 ж. 251 0