Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » СЫРДАРИЯ АУДАНЫ - ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА

СЫРДАРИЯ АУДАНЫ - ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА


Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа арнаған Жолдауы – ел дамуының алғышарттарын көрсететін және қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін, ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат. Бүгінде Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттерді орындау мақсатында республика бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның негізгісі – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар.
Егемендікке қол жеткізген 26 жылдың ішінде Тәуелсіз Қазақстан нарықтық экономика қағидаларына негізделген іргелі мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түсті. Міндетті жоспарлар артығымен орындалып, халықтың экономикалық әл-ауқаты жақсарды. Ірі кәсіпорындар бой көтеріп, шағын және орта кәсіпкерлік жандана түсті. Елбасының бастамасымен қолға алынған жасампаз жұмыстар Сыр өңірінде, оның ішінде Сырдария ауданында да жүйелі жүргізілуде. Осы орайда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде де көптеген жұмыстар атқарылды деп айтуға толық негіз бар.
Аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың тікелей бастамасымен бағдарламалық мақаланың басым бағыттарын насихаттау және түсіндіру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру мақсатында ақпараттық-насихаттық топ құрылып, ісшара жоспары бекітілді. Ақпараттық-насихаттық топ мүшелері желілік кесте аясында аудан көлемінде тиісті жұмыстар жүргізді. Кент және барлық ауылдық округтерде кездесулер, дөңгелек үстелдер, семинарлар және байқаулар ұйымдастырылды. Бүгінгі күнге дейін аудан тұрғындарының қатысуымен аудандағы мекемелер мен кәсіпорындарда, шаруашылықтарда, басқа ұйымдарда ұжымдық талқылаулар өткізілді.
Ауданда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының төрт кіші бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша аудандық жұмысшы және сарапшылар тобы құрылды. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» жобасы аясында әр салада қызмет атқарып, ел Тәуелсіздігі жылдарында жарқын жетістікке жеткен тұлғаларды айқындау жөніндегі жұмысшы топ құрылып, жобаға нақты есімдер ұсынылды. Үстіміздегі жылдың тамыз айында аудандық қоғамдық кеңесте «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы бойынша атқарылған жұмыстардың есебі тыңдалды.


«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен аудан орталығында «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Ғанибек Қазантаев, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсілқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қазбай Құдайбергенов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары Тұрар Әбуов, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, ауылдық қоғамдық кеңес төрағалары, мектеп директорлары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Алқалы басқосуда аудан басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
«Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудан әкімдігінің бастамасымен және жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен ауданда бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жергілікті бюджет есебінен Тереңөзек кенті орталығындағы саябақта орналасқан ескі мешіт ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Еңбек даңқы залы» ретінде ашылды. Сонымен бірге, «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылып, аудан ажары айшықтала түсті. Облыс әкімі Қ.Е.Көшербаевтың қатысумен салтанатты түрде ашылған әлеуметтік нысандар қазіргі таңда аудан тұрғындары мен қонақтары үшін игілікті жұмыс жасауда. «Еңбек даңқы» залы 3 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде ауданнан шыққан қоғам қайраткерлері туралы мәліметтер топтастырылса, екінші бөлім Сырдария ауданының Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін қамтиды. Ал, үшінші бөлімде ауданда жемісті қызмет атқарған үздік қызметкерлер мен ардагерлер, спорт, өнер жұлдыздары туралы мәліметтер жинақталған. Бір сөзбен айтқанда, «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ашылған жаңа музей – аудан тарихынан сыр шертетін бірегей орталық. «Сырдария ауданының Құрметті азаматтарының» аллеясынының тақтасына саналы ғұмырларын ауданның дамуына арнап, өңірдің өсіпөркендеуіне ерекше үлес қосқан, ауданның «Құрметті азаматы» атағын алған қайраткерлердің есімі жазылып, «Сырдария ауданының құрметті азаматы төсбелгісінің» белгісі қойылған. Бұл аллея – аға буынға деген құрметтің жарқын көрінісі.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлер өз ауылдарын өркендету бастамаларына үн қосып, нақты жұмыстар атқарылды. Мәселен, «Ақжарма және К» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітов ауылдық пошта бөлімшесі ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 13 млн. теңге қаржы бөлді. Жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, бүгінде нысан тұрғындардың игілігі үшін сапалы жұмыс жасауда. Ауылдық пошта ғимаратының күрделі жөндеуден өтуі – тек ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы- на септігін тигізген жоқ. Ауыл тұрғындарының сапалы пошта қызметімен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін тапты. Мұндай игілікті жұмыстар Шаған ауылында да жүргізілді. «Шаған-Жер» ЖШС-нің төрағасы Бердібек Қадыров Шаған ауылындағы тарихи өлкетану музейінің құрылысына 7,0 млн теңге қаржы бөлді. Қазіргі таңда жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұнан бөлек, аудандағы барлық шаруа қожалықтарының төрағалары, жеке кәсіпкерлер халықтың әлеуметтік осал топтарына демеушілік, қолдау көрсету бағытында қайырымдылық іс-шараларына қатысты. «Туған жерге тағзым» акциясы шеңберінде ұйымдастырылған аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
«Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасын іске асыру бағыты бойынша аудан мектептерінде де тиісті жұмыстар атқарылды. Аудан мектептері арасында шығармалар байқауы, мүшәйралар және білім бәсекелері өтті. Мектеп оқушыларының қатысуымен аудандық кітапханада «Рухани жаңғыру – ұлттың жаңғыруы», «Рухани жаңғыру – Қазақстанның үшінші жаңғыруының негізі», «Рухани жаңғыру – біздің дамуымыздың басты қағидасы», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жүз есім – жүз жарқын ғұмырнама», «Сырға жаңа серпін берген жобалар», «Туған жерім – құт мекенім», «Сыр елі – рухани жаңғыру бастауы», «Тарихы терең Сыр елі», «Тарихымен түлеген өңір», «Өлке тарихы – ұрпақ мұрасы», «Мен өскен өлке тарихы», «Жастар оқитын 100 кітап» тақырыптарында кеңкөлемді кітап көрмелері жасалып, кездесулер өткізіліп, жастар арасында ұлттық құндылықтар насихатталуда.
Аудан орталығындағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінде ардақты ақын, Сыр елінің мақтанышы Әбділдә Тәжібаевтың шығармашылығына арналған оқушылар арасында аудандық байқау өтті. «Сыр мақтанышы – Әбділдә Тәжібаев» тақырыбында өрбіген байқауға мектеп оқушылары қатысып, ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу бойынша сынға түсті. Байқау барысында мектеп-лицей ұстаздары Елбасы мақаласының маңыздылығын айтып, ақынның Туған жер, Отан және Сыр өңірі туралы жазған шығармаларына талдау жасады. Өскелең ұрпақты елжандылыққа баулитын өлеңдерін мысалға келтірді. Тағылымы мол шара соңында ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқыған оқушыларға Алғыс хаттар берілді. Сонымен бірге, Тереңөзек кентінде аудан әкімдігінің қолдауымен «Қарттар – тарих, ел қазынасы» тақырыбында мерекелік шара өтті. Қазыналы қарияларға құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылған іс-шарада 80 жасқа толған 14 ардагерге аудан әкімінің атынан Құттықтау хат, естелік сыйлық табысталды. Шара ба- рысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ұйымдастырушыларға алғыс айтты, аудан өнерпаздары әсем ән шырқап, зейнет демалысындағы қарияларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу, өскелең ұрпаққа насихаттау бағыты бойынша және аудандық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай үстіміздегі жылы 80 жасқа толған 13 ардагерге Ақжарма ауылдық клубында «Еңбектері ерен, өмірлері өнеге» атты кеш өткізілді. Тағылымды шара барысында ардагерлерге сый-құрмет көрсетіліп, жиналған көпшілік спорттық сайыстар, мерекелік концерттік бағдарлама мен аудандық музей қорындағы құнды экспонаттар және этноауыл көрмесін тамашалады. Елбасы мақаласы аясында Жетікөл ауылында «Жырдан шашу шашайын» атты аудандық дәстүрлі әнші-термешілер байқауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қалжан ахун ауылдық клубында Қалжан ахун Бөлекбайұлының 155 жылдығы аясында «Ізгіліктің нұрын сепкен – ахун баба» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Ақжарма ауылында да халық емшісі Садық ахун Қодарұлын еске алуға арналған ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, жоғары деңгейде қорытындыланды.
 «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен және Садық ахун Қодарұлының ұрпақтарының демеушілігімен үстіміздегі жылдың 25 желтоқсанында ағартушы-ұстаз, халық емшісі Садық ахун Қодарұлының атындағы аймақтық жас ақындар айтысы өтеді деп жоспарлануда. Жыр додасына еліміздің бас қаласы – Астанадан және Шымкент қаласы мен облыс көлеміндегі аудандардан ақындар қатысады. Айтыстың жалпы жүлде қоры 1 млн. теңгені құрайды. Өнер мен мәдениеттің орталығы болып табылатын Сырдария ауданындағы бұл жұмыстардың қоғамның рухани-мәдени өмірінде алатын орны ерекше.
«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобалары бойынша аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасарының жетекшілігімен ақпараттық насихаттық топ құрылып, кент орталығы мен елді мекендерді аралап, тұрғындарға Елбасы мақаласын түсіндірунасихаттау жұмыстары жүргізілді. Бағдарламалық мақаланы ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары бойынша арнайы спикерлер топтары жасақталып, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінде мақалалар, сұхбаттар, журналистік зерттеулер және пікірлер жариялануда. Сонымен бірге, аудан әкімдігінің ресми интернет ресурсына, «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшаларға тұрақты түрде жаңалықтар орналастырылуда. Бұл ретте жергілікті тұрғындар Елбасы мақаласын қолдап, қуаттап, оң көзқарас танытып жатқанын айта кеткеніміз жөн.
Жалпы, серпілістерге толы Сырдария ауданында халықты бірлікке, ынтымаққа, татулыққа шақыратын және ұлттық құндылықтарды, ұлттық мәдениетімізді, салт-дәстүрді дәріптейтін түрлі мәдени шаралар кезеңкезеңімен ұйымдастырыла береді. Басты мақсат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына лайықты үлес қосу.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы
16 желтоқсан 2017 ж. 2 583 0