Отан - отбасынан басталады
Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде орналасқан №210 О. Әбілпаттаев атындағы орта мектебінде аталған мектеп қызметкерлерінің, Билер кеңесінің төрағасы М.Келдібаевтың, мүшесі М.Елеусіновтың, аудандық соттың бас маманы М.Асанның, Сырдария ауданы бойынша этносаралық, қатынастары жөніндегі сарапшысы «Татуласу» орталығының атқарушы хатшысы А.Мейрамбековтың қатысуларымен «Неке-отбасылық қатынастар» тақырыбында кездесу өткізілді.
Іс шараны Билер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев ашып, Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған ер мен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп түсінуіміз қажет. Отбасылардың басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу.
Іс шара барысында аудандық соттың бас маманы М.Асан «Отан-отбасынан басталады» тақырыбында баяндама оқып, елімізде соңғы жылдары қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып белгіленіп, кең ауқымда аталып өтуде. Қазақта «Отан - от басынан басталады» деген тамаша сөз бар. Қашаннан шаңырағының шайқалмауын тілеген ұлтпыз. «Шаңырағын биік, керегең кең, босағаң берік болсын» - деп жастар отау тіккенде міндетті түрде айтылатын тілек. Бұл жай ғана тілек емес, оның астарында отбасын берік ету арқылы мемлекеттің мығым болуына үлес қосуға үндеу жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұл қызды еңбекке баулу, отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеу. Мұның бәрі «кіші мемлекет» саналатын отбасындағы үздіксіз жүргізіліп отыратын, атадан балаға мұра болып келе жатқан тәрбие мектебі. Осының бәрі әрбір кіші мемлекетте салтанат құрса, онда үлкен мемлекеттің іргесі беки түсетіні даусыз деді.
Іс шара соңында қатысушылар аталған тақырыпты қызу талқылап, өздерінің ойларын, пікірлерін айтып, сұрақтар қойып сұрақтарға жауаптар алды.
Сырдария аудандық сотының баспасөз қызметі