Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бірлескен істе береке бар

Бірлескен істе береке бар

Аудандық билер кеңесінің төрағасы М.Келдібаевтың, билер кеңесінің мүшелері М.Елеусінов, К.Мұстафаев, медиатор Ұ.ЖанӘлиеваның, адвокат Қ.Жаппасбаеваның, «Астра ломбард» ЖШС Сырдария ауданы бойынша филиалының мүлікбасы бағалаушы кассирі  А.Жасыбаеваның, «KMF (КҚМ)» микроқаржылық ұйымның өкі­лі Н.Бегмановтың, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сыр­дария ауданы бойынша этносаралық қа­тынастар жөніндегі сарапшысы, кеңес хатшысы А.Мейрамбековтің қатысуларымен дөң­гелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелді аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов ашып, соңғы күндері елімізде бірнеше ломбардтарға қатысты қыл­мыстық іс қозғағанын айтты. Зардап шеккендер саны мен шығын көлемі анықталып жатқаны баспасөз беттерінде жарияланғанын атады. Жәбірленушілер әртүрлі жағдайда материалдық залал келтірілген қылмыстық істер бойынша, азаматтық талап өндірісте қаралып және соттың бір үкімімен жәбірленушінің құқықтары қалпына келтірілетіні жөнінде қысқаша түсіндірме берді.

Төтенше жағдай кезінде біраз жұмыс орындары тоқтап, банктерге, МҚҰ-на, ломбардтарға азаматтардың қарыздары төленбей қалғаны мәлім. Осы  қарыздарды өндіру кезінде ха­лыққа  бірденсалмақ салмай,  түсіністікпен  қарау қажет. Сонымен қатар осы санаттағы арыздарды сотқа жеткізбей, билер кеңесіне, медиаторларға жүгіну арқылы бітімгершілік  жолмен шешу тиімді, – деді аудандық сот төрағасы.

Дөңгелек үстел барысында аудандық сот­тың судьясы Асылхан Мизанбаев ҚР Еңбек кодексіне енгізілген өгерістер мен толық­тыруларға тоқталды. Қазіргі таңда бұл сала бойынша да еңбек медиациясына мамандану мәселесі көтеріліп, аудан әкімдігіне хат жолданған. Басты мақсат – қай сала болмасын дауды бейбіт жолмен шешу, дау-жанжалды азайту және келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін медиация институтын және бітімгершілік келісімді насихаттау.

Шара барысында қаты­сушылар ойларын ортаға салды. Талқыланған мәселелер «Соттағы татуласу рәсімдері», «Отбасылық сот», еңбек, сақтандыру, банктік даулардың және көпшілік қарым-қатынастан туындайтын даулардың алдын алу бойынша пилоттық жобаға қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Аудандық соттың баспасөз қызметі
06 маусым 2020 ж. 452 0