Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақтың 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңартылған жобасы жасалды

Аймақтың 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңартылған жобасы жасалды

Мемлекет Басшысы жариялаған Жолдауды іске асыру бойынша Жалпы Ұлттық Жоспар әзірленіп, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 қыркүйектегі мәжілісінде мақұлданды. Барлығы 7 бөлім, 102 іс шарадан тұратын Жалпы Ұлттық Жоспар 2021-2022 жылдары жүзеге асырылатын болады. Біздің өңірде де атқарылатын жұмыстар пысықталды. Облыстың дамыту жоспарлары ұсынылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мәлімдеді, деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.

Ұлттық жоспардың 1-ші бөлімінде «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму» аясында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларын одан әрі жалғастыру, оның қаржыландыру көлемін арттыру, микро және шағын бизнесті, әсіресе ауылда кредиттеу үшін микроқаржы ұйымдарының әлеуетін кеңейту және тағы басқалары тапсырылды.
«Ағымдағы жылдың басынан бері «Бизнестің жол картасы-2025» бойынша жалпы несие сомасы 15,6 млрд.теңгеге 1130 жоба субсидияланды, несие сомасы 4,8 млрд. теңгеге 788 жоба бойынша кепілдік берілді. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде микрокредиттер беру үшін республикалық бюджеттен 3,76 млрд.теңге қаралып, оның бүгінде 1,9 млрд. теңге сомасына 450 жоба несиелендірілді. Жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы аясында шағын несиелеуге 1 млрд.теңге бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде облыста құны 9,7 млрд. теңгені құрайтын 120 жобаға өтінім мақұлданды. Ағымдағы жылы құны 1,7 млрд. теңге тұратын 14 жоба мақұлданып, оның 9 жобасы бүгінде қаржы институттарымен қарастырылуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде Жалпы Өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін ағымдағы жылы 18,5%-ға дейін жеткізу жоспарлануда», – деді басқарма басшысы.
«Өңірлік саясатты жетілдіру» аясында облыстың дамыту жоспарларын өзектендіру, Түркістан облысында, Талдықорған және Қызылорда қалаларында 1000 МВт жаңа өндіруші қуаттарды іске қосу, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 9 су қоймасын салуды қамтамасыз ету тапсырылған болатын.

Осыған орай, 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының жобасын әзірледі.

Жаңартылған даму жоспары 3 бағыт бойынша яғни азаматтардың әл-ауқаты, институттардың сапасы, мықты экономика және 6 басымдықтан тұрады.

Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жаңартылған жобасы ҚР Ұлттық экономика министрлігіне келісуге жолданды. Келісім алынғаннан соң ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 26 ақпандағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы» №99 қаулысына сәйкес Қызылорда облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін облыстық мәслихатқа бекітуге ұсынылады.

Сонымен қатар, ҚР Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Халық қатысатын бюджет – жергілікті бюджет қаражатын бөлуде азаматтардың қатысуы енгізілді. Бүгінде Қызылорда қаласы әкімдігінің ресми интернет ресурсында – мемлекеттік органдарының бірыңғай порталында (www.gov.kz) арнайы «Халық қатысатын бюджет» бөлімі енгізілген.
09 қыркүйек 2021 ж. 396 0