500-ге жуық жоба жүзеге асырылады
Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары аясында 265 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Өткен жылдың өзінде 89-ы іске қосылып, 1047 жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек, тағы 404 жобаны жүзеге асыру көзделуде.
- Экономиканы дамыту мақсатында іске асырылатын жобаларға талдау жасалып, 500-ге дейін арттыру көзделуде. Сондай-ақ, биыл 13,8 млрд. теңгені құрайтын 96 жобаны жүзеге асыру жоспарладық. Бүгінгі күнге жалпы құны 510 млн. теңгені құрайтын 29 жоба жүзеге асырылды, оларда 137 жұмыс орны құрылды. Бұл әрине ауқымды үлкен жобалар емес, дегенмен пандемия кезеңінде халықты жұмыспен қамту арқылы тұрақты табыс көзіне айналып тұрмыс тіршілігінің жақсаруына ықпал еткені анық. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, - деді облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай.
Биыл «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасы шеңберінде Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі аудандарына қарасты ауылдық елді мекендерде 13 инвестициялық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1,9 млрд. теңге қаралды. Жоба аясында 3 307 тұрғын үйге газ желісі жүргізіледі. 26,6 шақырым көше жөндеуден өтеді. 117 жұмыс орыны құрылатын болады.