АНТҚА АДАЛДЫҚ
Үлкен бір ұжымды басқара жүріп, тал бойына біткен нәзіктігін сақтап, адамгершілік қағидасын биік ұстап, қай ортада жүрсе де өзінің байсалды, сабырлы қалпынан таймаған, байыпты, орынды сөзін айтудан танбаған жандардың бірі де, бірегейі – София Өтегенқызы десек еш қателеспейміз.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз С.Мақашева 1948 жылы Тәжікстанның Душанбе қаласындағы медицина институтын бітіріп келген соң облыс аудандарындағы емдеу мекемелеріне бірден басшылық қызметке жіберілді. Нақтырақ айтсақ 1948-51 жылдары Шиелі, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін басқарды. 1952 жылы Қызылорда фельдшерлік – акушерлік мектебінің директоры болып, болашақ медицина қызметкерлерін даярлау ісіне үлес қосты. 1952 жылдан бастап облыстың денсаулық сақтау саласын үздіксіз 30 жыл басқарды. Бұл жылдары Софья Өтегенқызы саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына, қалыптасуына айрықша үлес қосты. Салаға жаңа технологияны батыл ендіріп, жас кадрларды тәрбиеледі, ақылшы ұстаз атанды. Осы салада жүрген тұғырлы азаматтарға шыңдалу мектебі болғандығы да ақиқат. Республикаға танымал дәрігерлер Ернияз Омаров, Тұрғанбай Маханов, Әскербек Төрекеев, Софья Өтегенқызын өздеріне ұстаз, пір тұтатынын да жасырмайды.
Бұл жерде пір сөзінің өзі білген кісіге мағынасы терең, өте ауқымды. Демек, өз шәкірттерін жан-жақты жетістіктерге жетуге бағыттап, тәрбиелей білген рухани ұстаз ретінде атап көрсетуге болады. Демек, әр адамның алдына қойған мақсаты, темірқазықтай нық бағдарламасы болуымен бірге, дана ұстазының болуы да заңдылық. Небір тылсым тұңғиықтан адастырмай алып шығатын жарық саңылаудың бойымен, абырой арқалап шығу бақыты екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтінін ескерсек, Софья Өтегенқызының мерейі өсіп, абыройы асқақтай түскенін аңғарамыз. Оның екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталуының өзі оның еңбегіне берілген лайықты баға екенін аңғарасыз. Ол сонымен бірге Қазақстан Компартиясының VІ, VІІ, Х, ХІІ съездерінің делегаты, облыстық партия комитеті мен халық депутаттары облыстық атқару комитетінің мүшесі болды.
Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атақтары берілген.
Міне, Софья Өтегенқызы Мақашева жайлы біз білетін дерек осындай. Дәрігерлер күні қарсаңында ұзақ жыл саланы басқарған, оның дамуына, экономикасын көтеруге қалтқысыз қызмет еткен жан жайлы әңгімелеуді өзімізге парыз санадық және «дәрігер» деген атқа кір келтірмей, өз мамандығына адалдық танытқан жанның есімін қайта жаңғыртуды жөн санадық.