Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ медицинасының атасы

Аймақ медицинасының атасы

Атақ пен марапат азамат абыройына өлшем емес. Кейде «Құрметті азамат» атағының беделін осы марапатты иеленген азаматтар биіктетіп тұрады. Мәселен, аймақ медицинасының атасы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Ернияз Омаровтың есімі облысқа ғана емес, республикаға танымал. Жұртшылық денсаулық сақтау саласының майталманын ғалым, қайраткер, абыз ақсақал ретінде ерекше құрметтейді.

Тектінің тұяғы
Тереңөзек ауданының төл тумасы, тағылымды тағдыр иесі Ернияз Омаровпен сұхбаттасудың сәті бірнеше рет түсті. Әр кездесу үлкен тебіреніс сыйлап, мол мағлұматтарға қанығуымызға жол ашты. Сондай жарқын жүздесулердің бірі 2019 жылдың мамыр айында «Атақонысым – Асқар ауылы» атты А.Тоқмағамбетов ауылының тарихынан сыр шертетін тарихи кітаптың тұсаукесерінде болған. Сол кездегі аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың тапсырмасымен «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» Ернияз Омаровтың іс-шараға қатысуын қамтамасыз ету аудан әкімінің көмекшісі-баспасөз хатшысы ретінде маған жүктелген еді. Осы міндетті орындау аясында Сыр медицинасының атасымен тағы да бір сұхбат құрып, орнықты ойлары мен пайымды пікірлерін көңілге тоқудың сәті түсті. Бұл жолы ардақты ардагер өзінің шыққан тегі, балалық шағы мен азамат болып қалыптасу кезеңі жөнінде әңгіме өрбітті.

Арғы атасы Айбастан тарайтын Қалменнің бес баласының тұңғышы Омар атамыз аймаққа аты белгілі, сөзі уәлі, аузы дуалы, қолынан Құран кітабы түспейтін иманды кісі болыпты. Тәңір тақуа адамды перзентпен сынаса керек, Құдай қосқан қосағы Ұлбосын әже екеуі отасқандарына бірнеше жыл өтсе де ұрпақ сүйе алмай, бір нәрестеге зар болып, Сыр бойындағы Мүлкілән әулиенің басына барып түнепті. Құдайдың құдіреті шығар, сол түні түс көріп, аян беріп: «Тілектерің қабыл болды. Екі бала беремін, бірінің атын Қожанияз, екіншісін Жұбанияз қоясыңдар» дейді. Көп өтпей бұл түс шындыққа айналып, шекесі торсықтай ұлдар дүниеге келеді. Бірақ, сабырға бекем отбасыны тағы да сындарлы сәттер күтіп тұр еді. Ол екінші дүниежүзілік соғыс өртінің тұтануы болатын.

Қос ұлын майдан даласына аттан­дырған Омар қалпе қолындағы жалғыз биесін әскери комиссариатқа өткізеді. Бұл майдан даласындағы жауынгерлерге көмек болса деген ниеті еді. Ал сұрапыл соғыс басталғанда бала Ернияз небәрі тоғыз жаста болатын. Ол еңбекке ерте жегіліп, тылдағы тауқыметті бір кісідей сезінеді. Көзкөргендердің айтуынша, әскери комиссараттағы Айбосынов деген военком Омар қалпеге: «Ақсақал, сізге біздің өкпеміз жоқ. Қос ұлыңыз жауға қарсы соғысқа аттанды, сәйгүлік атыңызды да алдық. Енді мынау жалғыз биені бала-шағаңызға талғажау етіңіз» депті. Сонда Омар атамыз «Жеңіс үшін алыңдар» деп мәрттік танытыпты. Бұл оның тектілігін, ел үшін ештеңеден аянбайтын жанашырлығын аңғартады. Осындай ардақты жандардың ұрпағы Ернияздың да әрқашан елге болсын деп тұруы тектілігінен болса керек-ті.

Еңбекпен есейген Ернияз

Соңғы екі жылда әлемді әбігерге түсірген қауіпті індет көптеген қимас жандарды арамыздан алып кетті. Сондай асыл азаматтардың бірі ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары дәре­желі дәрігер-хирург Аманкелді Суханберлиев ағамыз болатын. Ауданға келсе, үйден дәм татпай аттанбайтын ол бір сапарында алдыңғы буын ағалары туралы келелі ойлар қозғап, ғибратты әңгімелер айтты. Соның ішінде аймақ медицинасының атасы Ернияз Омаровты ерекше қадірлейтінін, айрықша құрметтейтінін атап өткен.
– 1946 жылдың тамызы екен, – деп бастады Аманкелді аға әңгімесін. – Сол жылы бала Ернияз Дәмбай, Әбдіраш, Жүсіпбек әкелерімен бірге қырманда астық бастырыпты. Күн сұмдық ыстық екен. Шөлге анау-мынау кісі шыдамайды. Жоққа – сабыр, барға – қанағат еткен сол кездің адамдары қанша қиналса да ораза тұтыпты. Сонда таң атқаннан кеш батқанға дейін ересектермен қатар еңбек етіп жүрген бала Ернияз көкелеріне: «Сонша қиналғанша, ауыздарыңызды неге ашып жібермейсіздер? Ешкімге айтпаймын ғой», десе: «Ой, балам-ай, сонда Алла Тағаланың ажарын қалай көреміз, тәуекел, шыдаймыз ғой» депті көкелері. Сондай дініне берік әкелері өз жұмысына өте тиянақты болатын. Белгіленген жос­пар орындалмайынша, бел жазбайтын. Бір күні қырмандағы қызу еңбектің үстінен түскен ауылдық кеңес төрағасы Садық деген кісі майданға астық жөнелту жөніндегі міндеттемені артық орындаған азаматтарға «Тылдағы ерен еңбегі үшін» медалін тапсырады. Сонда иманды болғыр Әбдіраш әкей мен Дәмбай: «Ау, Садық-ау, мына баланың күн-түн демей еткен еңбегі неге бағаланбайды? Бұл бізден кем еңбек етіп жүрген жоқ қой» депті. Төраға сөзге келмей, бала Ернияздың да омырауына жарқыратып медаль тағып беріпті. Бұл Қожанияздың еңбекпен есейген Ерниязының он үш жасында алған ең алғашқы наградасы болыпты, – деді Аманкелді ағамыз.

Адал еңбектің жемісі мен жеңісін аңғартатын осы әңгіме қатты әсер етті. Он үш жасар болса да ортақ іс үшін аянбаған азаматтың еңбексүйгіштігіне сүйсіндім. Ел ағасы, ер дарасы Ернияз Омаровқа деген құрметім екі есе арта түсті. Еңбекпен есейген жанның саналы ғұмырында адалдықты ту етуінің сыры бала күнгі тәлім-тәрбиесінен бастау алатынын ұғындым.

Арманшыл баланың алғашқы баспалдағы
Ернияз Омаровтың айтуынша, дәрі­герлік мамандықты таңдауына бала күніндегі ұмытылмас оқиға әсер еткен. Ол бұл жолды таңдағанына ешқашан өкінген емес. Қайта әр науқастың дертіне дауа тапқан сайын шабыттанды. Арманшыл баланың ақ халатты абзал жан атану жолындағы алғашқы қадамы жеті жасында жасалды.

– Отбасымызда менен кейін дүние­ге келген нәрестелер бірінен соң бі­рі шетіней берді. 1939 жылы туған ініме ырымдап нағашымыз Қалидың есімі берілді. Көздері тостағандай, том­паңдаған бауырымды қатты жақсы көретінмін. Әкем де әскерге аттанып бара жатып, бауырымның амандығын маған аманаттаған еді. Көз өтті ме, сөз өтті ме білмеймін, тілі енді шығып келе жатқан екі жасар інім бірде қалпақтай ұшып, ауырды да қалды. Көз алдымызда шөгіп, күннен-күнге нашарлап, жанары жаутаңдаған ініме қарап жүрегім қанжылайтын. Бірде оңашада інімнің ішін уқалап отырып, асқазан тұсында бір нәрсенің жұдырықтай түйіліп тұрғанын байқадым. Сол күні өскенде қайткенде де дәрігер боламын деп іштей бекінген едім, – дейді Ернияз аға.

Арманшыл бала еті тірі, пысық әрі оқуда озат болып өсті. Бұл отбасындағы тәлім-тәрбие мен Өмірбай, Төлеп Жәре­кеев бастаған ұстаздарының ең­бе­гі­нің нәтижесі еді. Жеті жылдық мектепті «өте жақсыға» аяқтап, оқуын облыс орталығында жалғастырды. Фельдшер-акушер даярлайтын мектепте дәріс орыс тілінде жүргізілетін. Орысшадан қиналған Ернияз Омаров ізденісті серік етіп, талапшылдығының арқасында ме­ди­циналық техникумды «Қызыл дип­ломға» тәмамдайды. Ең алғашқы еңбек жолы Арысқұм, Қарақұм мал жайлауында басталады. Ауырған жанға ісімен де, сөзімен де шипа сыйлай білген жас маман аз уақыттың ішінде көпшілік көңілінен шығады. Еңкейген қарт пен еңбектеген баланың бәрі Ернияз Омаровтың ем-домына жүгінгенді жөн көретін. Бірақ бұл оның дәрігерлік қызметінің тек бастауы еді. Екі жылдан кейін, яғни 1952-1958 жылдары Алматы мемлекеттік медицина институтының қабырғасында білім алады. Атақты В.П.Рощин, А.П.Полосухин, П.П.Очкур, Н.К.Войткеевич, А.Н.Сызған­ов, А.Рақы­шев, Н.И.Севрцов, О.С.Глозман­дардан дәріс алады. Студент жылдары комсомол комитетінің хатшысы, студенттердің кәсіподақ комитетінің жетекшісі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсенділікпен атсалысады. Сондай-ақ Алматыдағы әскери госпиталь басшысы П.Р.Чекуровтың келісімімен түнгі ауысымда фельдшерлік жұмыс істеп, қосымша табыс табады.

Ерекше атап өтетін жайт, Ернияз Омаров медициналық институтты тәмамдап, қолға диплом аларда оқу орнының ректоры, республиканың бас хирургі Гавриил Кириллович Ткаченко алты жыл бойы оқуда озат, қоғамдық жұмыста алғы шепте болған студентке ректораттың атынан екі жүз сом ақша табыстап, институтта қалып, ғылыммен айналысуды ұсынады. Алайда, туған жерінің қажетіне жарауды мақсат еткен жас Сыр өңіріне келіп білімі мен тәжірибесін жерлестерінің игілігіне жұмсап, өскен ортасында еңбек етуді жөн көреді.

Омаровтың отасы

Медициналық институтты бітіріп келген Ернияз Омаров 1958-1961 жылдары Қызылорда қаласындағы жедел-жәрдем мен хирургия бөлімшесінде еңбек етті. Бұл жоғары білімді жас маманның туған жеріндегі толымды тірліктер атқарған кезеңі ретінде бүгінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Себебі, ол 1960 жылы облыс бойынша тұңғыш рет жүрекке ота жасады. Өмір мен өлім арпалысқан сол бір сындарлы күн әлі көз алдында.

«1960 жыл болатын. Жұмыстан қайтар уақыт таяп, ғимараттан ұзап бара жатыр едім мейірбике Наташаның шыңғырған дауысы селт еткізді. Жүгіріп келсем, еденде ес-түссіз, қанға боялған жігіт жатыр екен. Жүрек тұсынан пышақ сұғылыпты. Әр секунд аса қымбат екені белгілі. Бірден ота жасауға кірістім де қос қабырғасын ашсам, жүрек қабы кілкілдеп қанға толып, соғуын тоқтатыпты. Сұқ саусағымды жүрек қабына кіргізіп едім, қоюланып қалған қан сыртқа шығып, жүрек соғуын жалғастырды. Көмекші хирургтармен бірге өте ауыр хәлдегі науқастың қан қысымы мен жүрек соғысы қалпына келе бастады. Сөйтіп, ойда-жоқта ажал тырнағынан жас жігітті арашалап қалдық, – дейді алтын қолды, үлкен жүректі дәрігер.

Сол күннен бастап Ернияз Омаровтың есімі аймаққа таныла бастады. Өңірде «Омаровтың отасы» деген ұғым қалып­тасты. Жүрекке жасалған шұғыл меди­циналық көмекке дәрігерлер консилиу­­мы: «Қызылорда облысында жүрекке ең алғашқы сәтті жасалған ота Ернияз Омаровтың отасы» деп ресми баға берді. Мұны бала күнгі асыл арманның ақиқатқа айналуының жарқын көрінісі деуге болады. Әлі де сан мың ұрпақ Омаровтың ота­сын аңыз қылып айтары анық. Ең бастысы, Алматыдағы алты жылдық ізденіс пен еңбек өз жемісін берді.

Абырой биігіндегі азамат

Ерағаң 1961-1967 жылдары қалалық денсаулық сақтау бөлімінің, 1982-1994 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. 1974 жылы канди­даттық диссертация қорғады. Таңдаған тақырыбының аясы кең әрі өте күрделі екенін аймақ медицинасының абыройлы тұлғалары әлдеқашан-ақ мойын­даған. «Іштен кеміс туған балаларды опе­ративтік-консервативтік тұрғыдан ем­­деу» тақырыбын зерттеп, ем-дом шара­ларының қыры мен сырын паш етті. 70-ке жуық ғылыми еңбек жазды, көлемді үш кітаптың авторы атанды. Құрметті зейнет демалысына шық­қан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы ардагерлер кеңесіне жетекшілік етті. «Шапағат» қайы­рымдылық қорын құрып, талай жан­ның алғысы мен ілтипатына бөленді.

«Уақытылы бағаланбаған еңбек – жаза» деген тәмсілге сүйенер болсақ, Ернияз Омаровтың еңбегі әріптестері мен қоғам арасында лайықты бағаланды. Абырой биігіндегі азамат «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен, Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірнеше рет облыстық, қалалық кеңестің депутаты болды. Ұзақ жылдар аймақ медицинасының дамуына айрықша үлес қосқан Қазақстанның еңбегі сіңген дәрігері Ернияз Омаров бүгінде Қызылорда облысының, Қызылорда қаласының және Сырдария ауданының Құрметті азаматы.

– Атақ пен марапат азамат абыройына өлшем емес деп ойлаймын. Мен үшін адам деген аттан асқан құндылық жоқ. Жұртшылық үшін ортақ іске әрқашан тілектеспін. Жүрегім де, тілегім де Сыр еліне арналады. Аймақтың қандай да бір жақсы жаңалығын естісем, ерекше қуанамын. Оның ішінде ата-бабамның құтты қонысы болған Сырдария ауданына жететін жер жоқ, – дейді бізбен әңгі­месінде ағынан жарылған абыз ақсақал.

Ұлағатты ұрпақ ұясы

Елдің ыстық ықыласына бөленген тұлғаның отбасы туралы айтпай өту мүмкін емес. Бүгінде Ернияз аға мен Хадиша апа – үлкен әулеттің тірегі атанып отырған ардақты жандар. Екі тұлға да өткенге тәубе, ертеңге тәуе­кел деген қанағатшыл қалпынан айны­ған емес. Ұлдары Бақыт медицина ғылым­дарының кандидаты, облыстық тері-вене­роло­гиялық ауруханының бас дәрігері еді. Әке жолын жалғаған оның бақилық болып кеткені қынжылтады. Келіні Алма да білікті дәрігер екенін атап өтуіміз қажет. Ал қыздары Тұрсынкүл, Гүлстан, Саракүл, Мира облысқа ғана емес, республикаға танымал ақ халатты абзал жандар болса, Сара – білікті экономист. Өсіп-өнген әулеттің үшінші, төртінші буынына дейін дәрігерлік қызмет атқарып жүр. Ернияз аға ұрпақтарының бәріне жұмыста адал, өмірде мейірімді болу қажет деген талап қояды. Ата аманатына адалдық танытып келе жатқан олар алдағы уақытта іргелі әулеттің абыройын асқақтатарына сенеміз. Ұлағатты ұрпақтың ұясы болған құтты шаңырақтың бекем бірлігін, көркем тірлігін көпшілікке үлгі етеміз. Сыр өңірі­нің тарихында есімі алтын әріппен жазылатын, өзіндік орны мен мәртебелі төрі бар Ернияз Омаровтың ғибратты ғұмыры өнегеге толы деген пікірде мақаламызды қорытындылаймыз. Лайым, даңқты дәрігердің өмір жасы ұзақ болғай!


Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
30 наурыз 2021 ж. 763 0