Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі жастар күнімен құттықтады

Аудан әкімі жастар күнімен құттықтады

Құрметті аудан жастары!

Сіздерді бүгінгі халықаралық жастар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Жастық шақ – адам өмірінің арман-мақсатқа, үкілі үміткен пен нық сенімге толы ерекше кезеңі. Ата-бабамыз «жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп бекер айтпаған. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Тәуелсіз мемлекеттің негізі қаланған сәттен бастап ел жастарына айрықша қолдау көрсетіп, мол мүмкіндік жасады. Азат елдің озат ойлы жастары әлемнің ең озық оқу орындарында білім алып, тағылымдамадан өтіп, кәсіби маман атанып, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Жастар саясатын дамыту бағытында қабылданған шешімдер өз нәтижесін беріп, жас буынның тың идеялары елімізді өркендетуде.

Қасиетті Сыр өңірінің жалынды жастары мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды сезініп келеді. Бүгінде Сырдария ауданында 14-29 жас аралығында 10 200-ден астам жас бар. Бұл аудан халқының 26,4 пайызы. Биыл аудандық жастар ресурстық орталығы жұмыссыз жастардың қатысуымен 62 іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде қайырымдылық акциялары, рейд, психологиялық семинар, туристік слет, спорттық іс-шаралар мен кездесулер бар. Мұнан бөлек «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау кеңесі жақсы жұмыс істеуде. Кеңес мүшелері жастар саясатын дамыту, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылап, нақты ұсыныстар енгізуде.

Елдің ертеңгі тізгіні – жастардың қолында. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында жастардың жасампаз басталамаларын қолдайтынын ерекше атап өтті. «Президенттік жастар кадрлық резерві», «Праймериз» жобасы, «Жастар – Отанға!» бағдарламасы соның айқын дәлелі. Алдағы уақытта да мемлекеттік жастар саясатын дамыту мақсатында кешенді іс-шаралар қабылдана беретін болады.

Сіздерді халықаралық жастар күнімен құттықтап, арман-мақсаттарыңызға жетулеріңізге тілектестігімді білдіремін. Біз – аға буын Сіздерді әркез қолдаймыз! Мерекелеріңіз құтты болсын!

Құрметпен,
Мұрат Ергешбаев,
Сырдария ауданының әкімі

12 тамыз 2021 ж. 1 386 0