Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылды
Бүгін «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы ұйымдастырылды. Карантин талаптары сақтала отырып ұйымдастырылған кеңес отырысына кеңес мүшелерімен қатар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарушы орган өкілдері қатысты.
Кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында Қоғамдық кеңестер құрылғанын айта келе, Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес өз жұмысын жаңадан бастағанын атап өтті.
– Бүгінгі күнге дейін Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңестің міндеті, мақсаты, жалпы ережесі, кеңес құрамы, өкілеттілігі жөнінде ақпараттар ұсынылды. Бүгін біз күн тәртібіне екі мәселе ұсынып отырмыз. Оның біріншісі жастар арасындағы кәсіпкерліктің дамуы туралы болса, екіншісі аудандағы жалпы жастар саясатының жүзеге асырылу барысына арналады. Екі мәселе де ауданымыздың жастары үшін аса маңызды. Біз «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқын көрсетілген бағыттардың орындалуына өз үлесімізді қосып, мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуіміз қажет, – деді Кеңес төрағасы.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сырдария аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Л.Қозыбаева хабарлама жасады.
– Аудан бойынша 2021 жылдың 1 шілдесіне 2579 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелді. Оның ішінде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2377 болып, жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің тіркелгендерге үлесі 92,2 пайызды құрады. Тіркелген кәсіпкерлік субьектілерінің ішінде жас кәсіпкерлер саны осы мерзімге 512 болып, тіркелгендерге үлесі 20,0 пайызды құрайды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты бойынша 2021 жылдың І жартыжылдығында 175,6 млн.теңгенің 36 жобасы несиелендірілді. Оның ішінде 6 жас кәсіпкердің 21,0 млн. теңгеге жобалары несиелендірілді. Олардың басым бөлігі мал басын көбейту, бордақылау секілді жобаларды қамтиды, – деді бөлімнің сектор меңгерушісі.
Атап өту керек, барлық кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары арқылы 62 жас кәсіпкердің жобалары 111,9 млн. теңге қаржыға мемлекеттік қолдауды пайдаланды. Бұл барлық бағдарлама бойынша құны 945,1 млн. теңгені құрайтын 258 жобалардың 11,8 пайызын құрайды.
Бұл мәселе бойынша Кеңес төрағасы Жол картасындағы ауданды дамытудың «Жастарға арналған аудан» басымдығы бойынша жыл сайын 7 жас кәсіпкерге грант бере отырып, жастардың өз бизнесін ашуына жәрдемдесу жоспарының орындалғаны үшін бөлімге Кеңес мүшелерінің атынан алғыс айтып, жұмыстарына жеміс тіледі.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сырдария аудандық «Жастар ресурстық» орталығы директорының міндетін атқарушы Д.Баджанованың сайлауалды бағдарламаны орындау мақсатында қабылданған Жол картасының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басымдықтарын ауданда жүзеге асыру бойынша атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Орталық директорының міндетін атқарушының айтуынша, ауданда бүгінде 14-29 жас аралғында 10 200-ден астам жас бар. Бұл аудан халқының 26,4 пайызы. Биыл Орталық жұмыссыз жастардың қатысуымен 62 іс-шара ұйымдастырған. Оның ішінде қайырымдылық акциялары, рейд, психологиялық семинар, туристік слет, спорттық іс-шаралар мен кездесулер бар. Қазіргі таңда тіркелген және тіркелмеген жастарды қоса есептегенде ауданда 470 жас жұмыссыз.
– Жастардың осал топтарына кіретін маргинал жастар орталық жұмысының негізгі бағыты. Аудан бойынша маргинал жастардың саны жыл басында 32-і болса, қазір 24 жасқа азайды. Олар қоғамдық жұмыстарға тартылып, кәсіпкерлік курстарына қатысуда. Пробация есебінде тұратын жастар 11 болса, олардың әлеуметтік картасы жасақталып, үш топқа бөлінген және әлеуметтік көмектер көрсетілуде. «Жастар бригадалары» арқылы 81 жас тұрықты жұмыспен қамтылды. Отбасылық құндылықтарды сақтау мен нығайту мақсатында «Әкелер мектебі» мен «Еркежан» қыздар клубы құрылып, жұмыс істеуде, – деді Д.Баджанова.
Кеңес төрағасы жастар саясатын дамытудың маңыздылығына назар аударып, Жол картасындағы ауданды дамытудың «Жастарға арналған аудан» басымдығы бойынша волонтерлік қозғалысты дамытуды жетілдіру қажеттігін айтты. Сондай-ақ «Ашық және есепті жергілікті органдар» басымдығы бойынша электронды форматта көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тиімділігін халыққа түсіндіруге жастар өз үлестерін қосуы тиіс деді.
Өз кезегінде «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалының кеңесшісі Б.Ахметов Жол картасындағы орындалған және орындалмаған индикаторлар бойынша ақпарат берді. Осылайша, Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер талқыланып, нақты міндеттер айқындалды. Сондай-ақ Кеңестің келесі отырысына жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлар туралы аудандық ішкі істер бөлімінің есебін тыңдау енгізілді.